Әлем кубогында топ жарған елордалық спортшылар елге оралды

Дәстүрлі садақ атудан Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен бірінші әлем кубогында жалпы есепте топ жарған спортшыларымыз елге оралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана әуежайында спортшыларымызды дәстүрлі садақ ату федерациясының өкілдері, жақындары қарсы алды.
«Әлем кубогы деген атауы болғанымен, қатысушылардың саны жағынан әлем чемпионатынан кем болмады. Ең басты ауыз толтырарлықтай айтатын нәтижеміз – жалпы есепте топ жаруымыз.
Қарсыластар деңгейі де өте жоғары болды. Оңтүстік Корея, Малайзия, Аустралия мемлекеттері де еш қалыспады. Біз бұған дейін 30 және 70 метр қашықтықтағы бәсекелерде сайысқа түсетін едік. Осы жолы бірінші мәрте 90 мен 145 метр қашықтықта бақ сынадық. Соның өзінде 90 метрдегі командалық сайыста топ жардық. Қыр-сырларын түсіне бастадық. Енді келесі жылы бұл көрсеткіштерімізді жақсарта түсуге тиіспіз», — деді дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметов.
Айта кетейік, 31 қазан – 4 қараша аралығында өткен айтулы бәсекеде 32 мемлекеттен 535 спортшы сынға түсті. Олар жамбы (30 метр), пута (70 метр), таркса (90 метр), кунгда (145 метр) нысаналарында жүлдені сарапқа салды.
«Өздеріңіз білетіндей, Парламент төрінде 180 спорт түрін 60-қа дейін қысқарттық.
Ұлттық спорт түріне кіретін 11 спортқа да қаржы бөліп, қарайласатын уақыт келді.
Міне, ұлттық құрамамыз оқу-жаттығу жиынынан өтіп, толықтай киім-кешекпен жасақталды. 2025 жылдың басты жарыстарының бірі – әлем кубогында Қазақстан ең үздік екендігін ресми түрде дәлелдей білді. Ендігі жоспарымыз – желтоқсан айында дәстүрлі садақ атудан форум өткізіп, үздіктерді марапаттау. Ал 2026 жылы Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік ойындарға тыңғылықты дайындалып, өз жерімізде Азия кубогын ұйымдастырсақ деген ойымыз бар», — деді садақ ату федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы.
Қазақстан құрамасы әлем кубогында 35 спортшысын қосып, нәтижесінде 2 алтын, 4 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды.
Олардың арасынан Астана қаласынан Ербол Тапенов (90 метр, командалық сайыста алтын), Сабыржан Фариза (30 метр, күміс), Батихан Айкөркем (30 метр, күміс) жүлде тұғырынан көрінді.



