«Қазына иесі қарындас»

Үш жыл бұрын Үкімет қаулысымен 24 қазан кітапханашылардың кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Астананың өзінде кітапханалар саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Мәселен, бұрын елорданың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрамында 18 кітапхана болса, қазір саны 25-ке жетті. Ерекше атап өтерлігі, бас қаланың кітапханалар болмаған аудандарында кітап ордалары бой көтерді. Соның бірі – Ж.Нәжімеденов көшесінде былтыр Астана күні мерекесі қарсаңында ашылған №6 көпшілік кітапхана.
Бүгіндері «Нұрлы жол» вокзалының аумағы – қарқынды дамып жатқан аудан. Сол маңайда көппәтерлі үйлердің көптеп салынуын, тұрғындардың көбеюін ескерген қала әкімдігі жоғарыда аталған кітапхананы ашып берді. Жас маман Рабиға Сайлаубекова мұнда ашылған күннен бастап жұмыс істейді.
Рабиға Лесбекқызы – негізінен, тіл маманы. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінен түлеп ұшып, Жамбыл облыстық Тілдерді оқыту орталығы Сарыкемер аудандық бөлімшесінің меңгерушісі болды. Одан соң кітапхана саласына ауысып, Тараздағы облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында кітапханашы қызметін атқарды. Бес жыл бұрын елордаға қоныс аударып, балабақшаға қызметке қабылданды. Ал №6 кітапхана ашылғанда, үйреншікті жұмысына қайтып келді.
Бүгінгі таңда кітапхана тек кітап сақтайтын орын ғана емес, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылыққа баулитын мәдени орталыққа айналып келеді. Рабиға Сайлаубекова осындай ортада өз еңбегімен қазір ерекше көзге көрініп жүр.
Жас маман кітапқа бала күнінен құмар болып өсті. Оған отбасында көрген тәрбие үлкен әсерін тигізді. Әкесі, журналист, ақын, елге танымал «Жалын кешкен» әні мәтінінің авторы Лесбек Сайлаубек қызын осылай тәрбиеледі. Рабиға мектеп жасында өлең жазып, «Мөлдір бұлақ», «Жыл – он екі ай» секілді балалар журналына шығып тұратын. Студент кезінде өзі оқыған университеттің «Жастар айдыны» газетінің редакторы болды.
Жас маманның басты мақсаты – жастарды кітап оқуға баулу, кітапханаға деген қызығушылығын арттыру және қоғамды ақпаратпен байланыстыру. Осы бағытта ол біршама мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, оқырмандармен тығыз байланыс орнатқан.
Рабиға Лесбекқызының еңбегінің айқын дәлелі – оның авторлық «Жасанды интеллект – кітапханада» атты жобасы. Бұл жоба қазіргі заман талабына сай кітапхана қызметін цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалануға бағытталған. Аталған жоба республикалық байқауда арнайы жүлдені иеленді. Жас маман басқа да байқауларға қатысып, бірнеше марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Мәдениет министрі Аида Балаеваның алғыс хатымен марапатталды.
Биыл Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты елорданың Сарайшық ауданының әкімдігі LED-экрандарға жұмысшы мамандық иелерін орналастырды. Еңбегі жоғары бағаланған мамандардың қатарында Рабиға Лесбекқызы да бар.
Рабиға Сайлаубек өзін іскер, ізденімпаз және жаңашыл маман ретінде көрсетіп келе жатыр. Ол үшін кітапхана – тек білім мен руханият ошағы ғана емес, ақпараттық мәдениетті қалыптастыратын интеллектуалды орталық.
«Кітап – қазына» дейміз. …Жүрегі өлеңмен нұрланған, Ізгілік ізінен үлгі алған, Қазына иесі қарындас, Өмірін кітапқа арнаған… – деп жырлайды белгілі ақын Баянғали Әлімжанов «Кітапханашы қарындас» атты өлеңінде. Рабиға Лесбекқызы – дәл осындай жан.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ