Азаматтық қоғамның Орнықты даму мақсаттарын ілгерілетудегі рөлі талқыланды

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсының қолдауымен, Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы – ARGO ұйымымен бірлесіп, XII Азаматтық форум аясында «Жергіліктіден жаһандыққа: азаматтық қоғам ұйымдары Қазақстанда ОДМ-ды қалай ілгерілетуде» атты алғашқы сессия өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараның мақсаты – Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергілікті деңгейде іске асырудың үздік тәжірибелерін көрсету, қауымдастықтар мен азаматтық секторды мониторинг пен Ерікті ұлттық шолуларды дайындауға тарту, сондай-ақ Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі саяси форумына қазақстандық ҮЕҰ-дардың қатысу тәжірибесін талқылау болды.
Сессия жұмысына Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Раднаарагча Саранго, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, Еуропалық одақ өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам мен сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Сессия модераторлары – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова мен «АРГО» қауымдастығының атқарушы директоры Джамила Асанова болды.
Өз сөзінде Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы үндеуінде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің стратегиялық маңыздылығын атап өткенін айтты.
«Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібінің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындап, оларды мемлекеттік жоспарлау және бюджеттеу жүйесіне интеграциялады», – деді А. Дарбаев.
Ол сонымен қатар ОДМ-ды табысты іске асыру тек мемлекет, азаматтық қоғам және бизнестің тығыз өзара іс-қимылы арқылы мүмкін болатынын атап өтті: «Азаматтық институттар үкімет пен халық арасындағы сенімді дәнекерге айналып, қоғамның кең топтарын орнықты дамуға тартуға ықпал етуде».
Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Раднаарагча Саранго өз кезегінде, Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында оң серпін көрсетіп, бұл бағытта Біріккен Ұлттар Ұйымымен белсенді ынтымақтастық орнатып отырғанын атап өтті.
Сессия барысында GLocal пилоттық жобасының нәтижелері, ОДМ-ды жергілікті деңгейде енгізу тәжірибелері, Алматы қаласының алғашқы Ерікті жергілікті шолуының тәжірибесі және Қазақстанның Ерікті ұлттық шолуларын дайындауда азаматтық қоғамның рөлі ұсынылды.
Іс-шара мемлекет, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдар өкілдері арасында пікір алмасуға арналған тиімді алаңға айналды. Талқылау қорытындысы бойынша ОДМ ұлттық платформасын дамыту және мемлекеттік органдар, азаматтық сектор мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірленді.