Ел тынысы

Елордалық журналистер Ақтау мен Бейнеудегі әскери бөлімдерде болды

Қорғаныс министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлер үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдеріне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бейнеу гарнизонында журналистерді Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев пен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов қарсы алды. БАҚ өкілдері сарбаздардың оқу процесі, жауынгерлік және дене дайындығы, сондай-ақ ұжым ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалды қолдау шараларымен танысты.

Журналистер казармалар мен асхананы, оқу сыныптарын, психологиялық жеңілдеу бөлмелерін аралап көрді. Сондай-ақ монша-кір жуу кешені, азық-түлік және заттай мүлік қоймалары көрсетілді. Әскери қызметшілердің тұрмыстық және материалдық қамтамасыз етілу тәртібі таныстырылды.

Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника үлгілері ұсынылып, әскери бөлім аумағында экскурсия ұйымдастырылды. Онда олар жеке құрамның жауынгерлік дайындық бойынша өткізетін сабақтарына қатысып, оның ұйымдастырылу барысымен танысты.

Бөлімде журналистер сарбаздармен, олардың ата-аналарымен және бөлімше командирлерімен сұхбаттасты. Ашық пікір алмасу барысында БАҚ өкілдері қоғамды толғандырып жүрген бірқатар маңызды сауалдарға нақты жауап алды. Кездесу соңында қонақтар әскери қызметшілермен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.

Баспасөз туры Ақтау гарнизонында жалғасын тапты. Мұнда елордалық делегацияны Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков қарсы алды.

Журналистер кемелердің техникалық жарақтандырылуымен, теңізшілердің кәсіби даярлық жүйесімен, сүңгуірлердің жабдықтарымен және экипаждың күнделікті қызметімен танысты. Қонақтар кеме құрамын аралап, матростармен және олардың командирлерімен пікір алмасты.

Әскери-теңіз күштері қызметінің ашықтығы, командалық құрамның сұхбаттасуға дайындығы, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби біліктілігі мен қазіргі заманға сай жабдықталуы БАҚ өкілдерінің оң бағасын алды.

Баспасөз туры Қарулы күштердің қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен таныстыруға және қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік берді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button