Күзде өрттен сақ болыңыз!

Күз келіп, күн салқындаған сайын, тұрғындар үй ішін жылыту үшін пеш жаға бастайды. Алайда дәл осы мезгіл – өрт қаупі артатын кезеңнің бірі. Сондықтан жылыту маусымы басталғанда, әр азамат өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Пеш жағу алдында не істеу керек? Алдымен пеш пен мұржаны тексертіңіз. Жылыту маусымы басталар алдында пеш пен түтін мұржасының бүтіндігін, жарықтар мен сызаттардың жоқ екенін мұқият тексеру қажет. Мұржада жиналған күйені тазарту – өрттің алдын алудың ең маңызды шараларының бірі.
Жанғыш материалдарды пештен алшақ ұстаңыз. Пештің маңында тез тұтанатын заттарды, жиһазды немесе отын үйіндісін сақтауға болмайды. Пеш алдындағы жерге темір табақша (металл қағаз) төселуі тиіс. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Пеш жанында кішкентай балалардың ойнауына жол беруге болмайды. Бұл олардың өміріне де, мүлікке де қауіп төндіруі мүмкін.
Пешті түнде немесе қараусыз жақпаңыз. Ұйықтар алдында және үйде ешкім қалмайтын кезде пешті жағуға тыйым салынады. Бұл – жиі кездесетін өрт себептерінің бірі. Сақтық құрылғыларын орнатыңыз. Қажет болса, көміртегі тотығын анықтайтын детекторлар мен өрт сөндіргіш құралдарды үйіңізде орнатып қойыңыз.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, жыл сайын күзгі-қысқы кезеңде тұрғын үйлерде болатын өрттердің 60%-ы пешті дұрыс қолданбау салдарынан орын алады. Бұл – тек материалдық шығын ғана емес, адам өміріне төнетін үлкен қауіп.
Пеш – жылу көзі, сонымен қатар тиісті қауіпсіздік сақталмаса, қауіпті нысанға айналуы мүмкін. Сондықтан күзгі маусымда пешпен жылыту кезінде өрт қауіпсіздігін ұмытпайық! Әр азамат өзінің және жақындарының қауіпсіздігіне жауапты екенін естен шығармауы тиіс. Сақтық – саулық негізі!
Дария БАЙЗУЛОВА,
Астана қаласы ТЖД Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты