Елордалық спортшылар көркем жүзуден Азия чемпионатында жүлдегер атанды

Үндістанның Ахмедабад қаласында өтіп жатқан су спорты түрлерінен Азия чемпионатының алғашқы күнінде ел намысын қорғап жүрген елордалық спортшылар көркем жүзуден үздік нәтиже көрсетіп, құрлықтық додада жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының спортшысы Ясмина Исламова әйелдер арасындағы жекелей сындағы техникалық соло бағдарламасында 204.0066 ұпай жинап, қола медаль иеленді.
Ал ерлер арасында жекелей сындағы техникалық соло бағдарламасында ел намысын қорғаған Ким Эдуард тамаша өнер көрсетіп, 223.5584 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, чемпионаттың алғашқы күнінде әйелдер құрамасы сапында өнер көрсеткен елордалық арулар да қарсыластарынан оқ бойы озып, командалық есепте алтын медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, су спорты түрлерінен Азия чемпионаты 10 қазан күні мәресіне жетеді. Айтулы додаға тоғыз елдің спортшылары қатысып, өзара бақ сынауда.