“Алтын барыс” табысталды

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен алқалы жиында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып келе жатқан қос азаматқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты мен «Алтын Барыс» төсбелгісі табысталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл марапаттарға Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдары докторы Зұлфухар Ғайыпов және Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, халық қалаулысы Кендебай Адамбек ие болды.
-Қоғамның, мемлекеттің мызғымас бірлігін сақтайтын, елдің дамуына өз үлесін қосатын, қоғамда өзіндік орны бар тұғырлы тұлғаларды қоғам қайраткері ретінде қадірлеп, төрден орын ұсынатынымыз тағы рас. Міне, осындай азаматтардың қатарында екі азаматымыз да бар. Соның ішінде белгілі ғалым, саясаттанушы, мемлекетшіл менеджер Зұлфухар Сұлтанұлы — елге қалтқысыз қызмет қылып, мемлекет дамуына аянбай үлес қосып келе жатқан бедел биігіндегі азамат. Қоғам қайраткері ретінде танылған тұлғаның мемлекетшілдік, ұлтжандылық қасиеттерін әріптесі ретінде қоғамдық қызметтегі белсенділігінен де байқап келеміз, — дейді Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев.