Қоғам

Елорда кәсіпорындарында кәсіптік бағдар беру экскурсиялары өтуде

Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Astana Tourism туризмді дамыту орталығы ұйымдастырған ауқымды кәсіптік бағдар беру жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне сөзбен айтып қана қоймай, елорданың алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының жұмысын көзбен көрсетіп таныстырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жоба Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында жүзеге асырылуда. Бағдарламамен 120-дан астам мектептің 7-11 сынып оқушылары мен елорданың 20 колледжінің бірінші курс студенттері қамтылды. Сәуір айынан бері экскурсияларға 3 мыңнан астам жасөспірім қатысты, ал жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 12 500-ге жетеді.

«Осы уақыт ішінде балалар қаланың түрлі кәсіпорындарына барып үлгерді. Өз көзімен «Ютария» тігін фабрикасының жұмысын көрді, мұнда қарапайым маталар дайын өнімге айналады, сондай-ақ «Аромат» кәсіпорнында парфюмерияның қалай жасалатынын тамашалады. Елорда зауыттарында оқушылар электротехникалық жабдықтардың, темірбетон құрылымдарының өндірісімен және вагондарды жөндеумен танысты. Nazarbayev University, «Астана» медициналық университеті және IT-университетте өткен кездесулер де ерекше қызықты өтті, мұнда болашақ талапкерлерге ғылыми және білім беру мүмкіндіктері таныстырылды. Radisson Hotel, Wyndham Garden Astana және Saad Astana қонақ үйлерінің қызметкерлері елордадағы қонақжайлылық сервистінің қалай ұйымдастырылғанын көрсетті, ал қалалық ұйымдар – «ҚТЖ», Бас есептеу орталығы, «Қазгидромет», «Астана-Энергия», «Астана Тазалық», «Астана-Зеленстрой» және №1 автобус паркі жасөспірімдерге мегаполистің күнделікті өмірінің құпиясын көрсетті», – деді Astana Tourism туризмді дамыту орталығының туристік сервис және инфрақұрылым департаментінің директоры Ольга Абельдинова.

Жоба қатысушыларына ерекше әсер қалдырған экскурсия – Metal Former зауытына сапар болды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы қасбеттік және шатырлық материалдар шығаратын кәсіпорын.

Оқушылар мен еріктілер өндірістік цехтарды аралап, металл өңдеу және панельдер шығару желілерімен танысты, заманауи технологиялық процестерді өз көздерімен көрді.

«Біздің зауыт – республикадағы қасбеттік материалдар шығаратын алғашқы кәсіпорын. 2023 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының қатысуымен ашылды. Негізгі бағытымыз – үйлердің сыртқы және шатырлық беттеріне арналған құрылыс материалдарын шығару. Сондай-ақ біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысып, жаңа мектептерді қаптауға қажетті материалдарды дайындап жатырмыз», – деді зауыт өкілі.

Metal Former табысты импортты алмастыру мен өндірістік бастаманың үлгісіне айналды.

Оқушылар үшін экскурсия тың дүниеге толы болды.

«Біз инженерлер мен технологтар бар екенін білдік, бірақ мұнда бәрі көз алдымызда жанданады. Қарапайым темір парағынан тұтас ғимараттарға арналған материалдардың қалай жасалатынын бақылау қызықты болды. Енді болашағымды инженериямен байланыстыратынымды түсіндім», — деп әсерімен бөлісті №32 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ангелина Руш.
Мұғалімдердің айтуынша, мұндай жобалар жасөспірімдерге нақты мүмкіндіктерді көруге және мамандықты саналы түрде таңдауға көмектеседі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button