Қоғам

Діннің «саудаға» салынғаны дұрыс па?

Қазір әлеуметтік желіде діни тақырыпта контент жасайтын жандар көбейді.  Әрине,  жастарды имандылыққа, әдепке, қайырымдылыққа, отбасы құндылықтарын сақтауға шақырған дұрыс.  Бірақ күмәнді жағы да бар. Олардың бәрінің діни білімі бар деп айтуға бола ма?!

Біле білген адамға дін – өте нәзік тақырып. «Ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деп бекер айтылмаған. Діннің ең басты ерекшелігі – ол саудаға салынбайтын құндылық. Бізде қай заманнан бері имандылық, намаз, Құран туралы білім алу ақшаға байланып еді? Бұлай деуіміздің бір себебі, қазіргі уақытта діни құндылықтарды насихаттайтын жабық телеграмм каналдар көп. Кіру  ақылы. Мамандардың пікірінше, жабық каналдардың қаупі жоғары. Ең алдымен ақша табу мақсатында ұйымдастырылатыны ақиқат, яғни ниет шынайы емес. Ешкім бақыламайтын болғандықтан, күмәнді ақпарат таралуы мүмкін.

«Дәл қазіргі уақытта осындай жабық парақшаларды тексеріп жатырмыз. Оны жүргізіп отырған әкімшілердің ешқандай діни білімі жоқ, кез келген ақпаратты сүзгіден өткізбестен салып отырады. Жалпы, осы бізге қажет пе, қажет емес пе деген сауал басты мәселеге айналып отыр.  Жалпы, дінді үйренгісі келетіндер үшін мешіттерде, медреселерде тегін дәрістер бар. Ресми Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) сайтында, имамдардың ресми парақшасында сенімді ақпарат орналастырылған. Сондықтан жабық, ақылы діни каналдарға тіркелу, түрлі курстарды сатып алу қауіпті. Жастардың сенімін пайдаланып, адастырып жіберуі де ықтимал.  Дін – ақшаға сатылмайтын нәрсе. Біреу ақша төлей алмаса, ол имандылықтан құр қалмауы керек қой. Ақылы қылса, адамдар білім үшін емес, «ақша төлеген соң тыңдау керек» деп қалады. Бірақ тағы бір дүние бар айтатын. Кейбір ұстаздар тек техникалық шығынды жабу үшін (интернет, уақыт, арнайы курс жасау) ақша алуы мүмкін. Бірақ ол кезде де олар ресми, ашық түрде айтып, адамдарға түсіндіруі қажет. Яғни, шынайы діни білім тегін болуы керек, ал «қосымша сабақ» сияқты нәрселер ғана символикалық түрде ақылы болуы мүмкін» дейді елордалық теолог Исатай Бердалиев.

Оның айтуынша, жалпы ел аумағында діни мазмұндағы курстарды сатуға тікелей тыйым салу туралы заң жоқ. Бірақ, бұл әрекет бірқатар заңдармен қатаң реттеледі және шектеулер бар. Егер курсты ұйымдастырушы ресми тіркелген діни бірлестік болмаса, онда оның діни білім беру қызметін көрсетуі заңсыз саналады. Егер курстар білім беру бағдарламасы сипатына ие болса (яғни, жүйелі білім беру, сертификат беру және т. б.), онда оларды ұйымдас­тыру үшін мемлекеттік білім беру лицензиясы қажет.

Сондықтан  мыңдаған аудиториясына діни мазмұндағы ақпарат таратып отырған азаматтар бұл ретте жауапкершілік барын ұмытпауы керек.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button