Қала мен сала

Абай атындағы гүлзарда экологиялық акция өтті

Елордадағы Абай атындағы гүлзарда Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Жасыл ел» жобасының белсенді жастарының қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын мерекелеу аясында бірлескен акция ұйымдастырылды, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

Алдымен «Жасыл ел» жобасының қатысушылары гүлзар таза әрі көрікті болу үшін жасыл желекке күтім жасап, аумақты ретке келтірді.

Одан кейін жастар «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлымен кездесіп, ұлы ақынның даналыққа толы өмірі мен шығармашылығы жайлы әсерлі әңгіме өрбітті.

Дихан Қамзабекұлы экологиялық акцияны Абайдың туған күніне орай өткізудің үлкен мәні бар екенін айтты.

«Бүгінгі шара тек табиғатты қорғау мақсатында ғана емес, танымдық сабақ түрінде де өтті деп айтар едім. Осы гүлзар аумағын «Жасыл ел» жобасының қатысушылары тазалап, өздерінің еңбекке деген ынтызарлығын көрсетті. Сонымен қатар шараның екінші бөлігінде Абайға қатысты дәріс сабақ өткіздік. Біздің түсінігімізде «Таза Қазақстан» ұғымы тек экологияға ғана қатысты болмауы керек, ол әрбір азаматтың жан тазалығы аясында көрінуі қажет. Мұндай акцияны Абайдың туған күніне орай өткізудің бір логикалық қисыны бар деп есептеймін. Өйткені Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген ойларының бәрі де тазалық ұғымына алып келеді. Жалпы Абай өз заманында тазалықты және адал еңбектің нәтижесін көруді үгіттеп отырған. Ол бізге тарихи еңбектерден белгілі. Ал бүгінде біздің міндетіміз – Абайға қатысты танымдық әңгімелерді жастарға олардың тілінде түсіндіру», – деді Дихан Қамзабекұлы.

Іс-шара жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға және ұлы ақын Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын кеңінен танытуға бағытталды.

Жиын соңында «Жасыл ел» жобасының қатысушылары ABAI 180 деген тіркесті жасап, Абай рухының биік беделін бір сәтке тірілтті.

ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button