Биыл 6 мың ауыл шаруашылығы техникасы лизингке алынады

Биыл елімізде кемінде 6 мың ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу жоспарланған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
— Биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгені құрайды. Ал ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен қаржыландыру 250 млрд теңгеге жеткізіледі. Бюджет қаражатының шектеулі болуын ескере отырып, бұл бағдарламалар облигациялар түріндегі нарықтық қаражатты тарту арқылы жүзеге асырылмақ. Купондық сыйақының жалпы сомасы 116,8 млрд теңгені құрайды. Осылайша, нарықтық және бюджеттік қаражатты тарту есебінен фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын лизингке және көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 5 пайыз мөлшеріндегі қолжетімді сыйақы мөлшерлемесімен несие ала алады, — деді ведомстводан агенттік сауалына орай.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясындағы қаражат мынадай 6 түрлі арна арқылы бөлінеді:
— «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы тікелей несиелеу;
— екінші деңгейлі банктер;
— микроқаржы ұйымдары;
— өңірлік инвестициялық орталықтар;
— несие серіктестіктері;
— әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар.
— Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 қарашада өткен алғашқы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында берген тапсырмаға сәйкес, 2024 жылы бірінші рет 2025 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Елдің барлық өңірінде 2024 жылғы 29 қарашадан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыруға өтінімдер қабылданды. Қазіргі таңда көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу аясында 496,2 млрд теңгеге жалпы 7 494 өтінім түсті. Оның ішінде 7 387 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 482,3 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Бұл 7,7 млн гектар егістік жерді қамтуға мүмкіндік берді, — деді министрліктен.
Ведомство мәліметінше, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы кепілдік беру бағдарламасы жалғасып жатыр. Бұл бағдарлама кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлерге көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына берілетін несиенің 85 пайызына дейін кепілдік беруді көздейді. Аталған қаражат шамамен 250 млрд теңгенің несиесін қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 1 271 кепілдік берілді. Далпы кепілдік сомасы 219,7 млрд теңгені, ал берілген несиелердің жалпы көлемі 186,8 млрд теңгені құрайды.
— «ҚазАгроҚаржы» АҚ бойынша «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында өтінім қабылдау 2025 жылғы 24 ақпанда басталды. Қазіргі уақытта 3 684 өтінім қабылданып, 147,2 млрд теңге көлемінде қарастырылды. Оның ішінде 3 034 өтінім бойынша 5 868 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 112,5 млрд теңге сомасына қаржылық лизинг шарттары жасалды. 2025 жылы кемінде 6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу жоспарлануда, — деді ведомстводан.