Мәселе

Интернет сапасы сын көтермейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру бір ғана саланы дамыту емес, ол экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін айтқан. Елімізде 7 миллионнан астам азамат ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде 6 256 ауылдың 2 045-сі ғана 4G-мен қамтылып, ол бар болғаны 33%-ды құраса, 3G-мен 45 пайыз ауыл тұрғындары қамтылған (2 813). Ежелгі 2G де есепке алынуда. Ал, 1 049 ауылда тұрақты интернет байланысы мүлдем жоқ. Жалпы кең жолақты интернетпен 4 858 (77,6%) ауыл қамтамасыз етілген.

Ал, Талшықты-­оптикалық байланыс желілері 3 610 ауылға, яғни 58,4 пайыз елді мекенге әлі күнге дейін тартылмаған. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасымен 2023-2027 жылдарға тек 1,5 млрд теңге қаралса, «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 2025-2027 жылдарға инвест жоба арқылы 3 039 елді мекенге және 5 650 мемлекеттік мекемеге жоғары жылдамдықты интернет тартуға 239 млрд теңге жоспарланғанымен, тиісті қаражат қаралмаған.

Соңғы 3 жылда операторлардың жұмсаған инвестиция­лары керісінше төмендеуде. Мысалы, 2020 жылы 136 млрд тартылса, 2022 жылы бар болғаны 76 млрд теңгені құраған. Қазіргі уақытта интернет пен байланыс қатар дамыған заманда оның сапасының төмен болуы бірқатар салаға кері әсерін тигізуде.

Біріншіден, білім саласында ауыл мектептерінде интернеттің әлсіздігі немесе мүлдем болмауы оқушылардың цифр­лық білім алу платформасына қол жеткізуге қиындық тудыруда. Электронды күнделік, тестілеу, олимпиадалар, онлайн курстар интернетсіз мүмкін емес екені белгілі. Пандемия кезінде бұл айқын байқалды. Көптеген ауыл оқушысы қашықтан оқуға қосыла алмай, тапсырмаларды қағазбен тасыды. Бұл жағдай қазір де өзгерген жоқ.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерге қосылмаған ауылдық медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулатория­лар да жетерлік. Дәрігерлер науқастың диагнозын, емделу тарихы мен дәрілік препараттар тізімдерін дер кезінде көре алмайды.

Сонымен қатар, телемедицина, яғни қашықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі тек интернеті бар жерлерде іске асады. Бұл, ауыл тұрғындарының екінші деңгейлі немесе мамандандырылған көмекке қол жеткізуін шектеуде.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметтер – eGov платформасы, «e-Salyq», «Kaspi», «Halyk» т. б. цифрлық сервистер бүгінде барлық азамат үшін өмір сүрудің қажетті құралдарына айналғаны анық. Интернеті жоқ ауыл тұрғындары әлі күнге дейін анықтама алу, субсидия рәсімдеу, баланы балабақшаға тіркеу, зейнетақы төлемін бақылау сияқты қызметтер үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Бұл, уақытты жоғалту, қосымша шығын әкелу сияқты жүйелі ыңғайсыздықтар тудыруда.

Төртіншіден, еліміздегі тіркелген 250 мыңнан аса шаруалардың GPS арқылы егін егу, дронмен тыңайт­қыш себу, малдың жай-күйін онлайн бақылау, ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалану – барлығы интернетке тәуелденіп, ол арманға айналды деуге болады. Үкімет тарапынан бұл бағытта бірнеше стратегиялық қадамдар жасалған («Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, «250+» жобасы іске асырылған болатын.) 2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 1200-ден астам ауылға талшықты-оптикалық байланыс тартып, 2024 жылы тағы 200 ауыл қамтылады деп жоспарланған. Алайда, бұл жеткіліксіз. Кейбір жобалар тек орталық ауылдарға жетіп, шалғай, шекара маңындағы елді мекендерді айналып өтуде. Байланыс операторлары тиімділігі төмен ауылдарға барудан ашық түрде бас тартуда. Мемлекет субсидия беруге ниетті, бірақ нақты механизмдер мен құқықтық нормалар жетілмеген.

Осыған орай, ұялы байланыс операторлары әлі күнге дейін өзінің ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына антенна-діңгегін орнатуға байланысты Заңда қарама-қайшылықтар болғандықтан кедергілерге тап болуда. Атап айтқанда «Жер», «Кәсіпкерлік» кодекс­теріне, «Тұрғын үй қатынас­тары туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Байланыс туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді қажет етеді.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Үкіметтен:

  • Ауылдарға арналған интернет сапасы бойынша ұлттық стандарт енгізу;
  • Әлеуметтік маңызы бар мектеп, амбулатория, әкімдіктерді, қызмет мекемелерін бірінші кезекте қосу;
  • Байланыс операторларына нақты субсидиялау механизмдерін қайта қарау;
  • Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында заңнаманы жетілдіру;
  • Аудан, ауыл әкімдерінің жұмысына ауылды цифрландыру деңгейі бойынша kpi бекіту;
  • Ауыл тұрғындарына арналған интернет тарифтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • Халық тарапынан интернет сапасына баға беретін онлайн бақылау құралдарын енгізу;
  • Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, ведомство аралық жұмыс тобын құрып, әрбір ауылдық елді мекеннің байланыс сапасына және интернетке қолжетімділікке аудит жүргізіп, нақты іс-шаралар қабылдауды сұраймыз.

Сәкен АРУБАЕВ,

Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button