Шыңғысхан бейнесі қалай шыққан?

Әрдайым шығармашылық ізденіске толы, әр рөлі өзінше ерекшеленетін Жанқалдыбек Төленбаевтың қай кейіпкерін алсақ та, өзгеше. Режиссура барометрі Әзірбайжан Мәмбетовтің мектебінде шыңдалған актер қалың көрермендерін Мұқағали, Қарабай, Қалдан-Церен, Терек, Барақ сұлтан, Маман, Кеңгірбай би сынды кесекті бейнелерімен таңқалдырды.
Таптаурындылықты жаны сүймейтін, әр рөліне жауапкершілікпен қарайтын Жанқалдыбек Төленбаевтың Шыңғыс хан бейнесі де жоғарыда аталған тізімге кіреді. Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасындағы Шыңғыс хан көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Оқиғаның байланысында актер Жанқалдыбек Төленбаев-Шыңғыс хан ақырын ғана алтын таққа жақындап келеді.
Актердің ақырын жүрісі ханға тән парасаттылықтың, биіктіктің болмысын айғақтап тұр. Бұл актердің кейіпкер ізденісіне тапқан ерекше «актерлік тетігі» деп білеміз. Шыңғыс хан таққа отырады. Аталмыш отырыс ханның ішкі ойын, келешекке деген толғанысын білдіреді. Тақтағы Шыңғыс ханның балаларына үнсіз көз тастауы – іштей әкелік мейрім мен сезімнің көрінісі. Актер Жанқалдыбек Төленбаев нұсқалауындағы Шыңғыс ханның қолға түскен тұтқындарды өлтіруі болашақты ойлаған әмірші болмысының ашылуы болды.
Тұтқындарды өлтірудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, тұтқындарды тірі қалдырса, елге, халыққа зияны тиетінін біледі. Ол тұтқындар хан әулетіне немесе қарапайым халықтың өміріне кері әсер етуі мүмкін. Қаған ретінде Шыңғыс хан алдымен осыны ойлайды. Екіншіден, ұрпақтарының алдында тұтқындарды тірі қалдырса, онда Шыңғыс ханның осы ісін ұрпақтары да қайталап, халыққа зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан болашақ ел билеушілерінің қателікке жол бермеуі үшін осындай нақты қадамдарға барды. Актер Жанқалдыбек Төленбаев осы сәтті әсерлі бейнеледі. Астармен көрерменге ой салды.
Өнер өріндегі Жанқалдыбек Төленбаев – кемелденген актер. Оның Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасындағы Шыңғыс хан бейнесі дала философының жарқын прототипі. Актер нұсқалаған ұлы қаған – елінің бірлігін, болашағын ойлаған кейіпкер. Жанқалдыбек Төленбаев ойынында бұл образ қатыгез билеуші емес, керісінше, бар күш-жігерін ақыл мен ойға салатын жан. Актер сомдауында Шыңғыс хан тек қана сыртқы келбеті ғана емес, сондай-ақ, ішкі жан-дүниесі де кейіпкерімен сабақтасып жатыр. Актер бейнелеуіндегі Шыңғыс хан – философ, парасатты жан. Егер ол парасатты болмаса, ақыл-ойы толыспаса, жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан болмас еді. Актер ханның ақылдылығын, батырлығын, даналығын сахна алаңында алып шықты. Бұл актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаевтың ерекшелігі.
Актердің әр жанрдағы актерлік шеберлігі, дайындық барысындағы ізденісі, көрермен алдындағы талпынысы, бүгінгі таңдағы жас актерлерге үлгі. Сахнадағы әр кейіпкері бір-біріне ұқсамайтын дара, ерекше. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Штамп деген – қазiр қазақ сахнасының негiзгi дертi. Ол не деген сөз? Бiрiздiлiк, сол баяғы бiр ұқсастық. Анау рөлiнде де, мынау рөлiнде де қолы ербең-ербең, сол баяғы дауыс, сол баяғы үн, сол қимыл, сол күлкi. Еш өзгерiс жоқ» дейді. Ал актер Жанқалдыбек Төленбаев таптауырындылыққа (штамп) ұрынбаған актер. Үнемі ізденісті, әр кейіпкерге әртүрлі жан бітіруді жаны сүйеді. Кейіпкерлері бір бөлек әлем болатын актерге сахнадағы бейнелері азаймасын деп тілейміз!
Бахтияр Тұрсын,
театртанушы