Қазақстанның газ саласындағы реформалары талқыланды

Астанада Қазақстанның газ саласын реформалау мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараны ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек жүргізді. Оған елордалық әкімдік, Ұлттық экономика министрлігі, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақмерзімді перспективада қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы реформаларды түсіндіру.
Соңғы 10 жылда ел ішіндегі газ тұтыну көлемі 80%-ға артқан. Бұл кешенді шараларды қабылдауды талап етеді. Ұлттық оператор өкілдерінің айтуынша, қазіргі экономикалық модель саланың дамуына кедергі келтіріп, инфрақұрылымды жаңғыртуға қажет инвестицияларды тартуға мүмкіндік бермей отыр.
«Саланы жүйелі реформалау – уақыт талабы. Ол газ саласының тұрақты дамуына негіз болатын мықты экономикалық іргетас қалыптастырады. Біздің басты міндетіміз – елдің энергетикалық қауіпсіздігін ондаған жылдарға қамтамасыз ету. Бұл үшін инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту мен жаңа кен орындарын игеру қажет», – деді Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек.
Кездесу барысында қатысушыларға реформалардың бағыттары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ең алдымен, газ тасымалдау инфрақұрылымын кең көлемде жаңарту жоспарланған: магистральдық газ құбырлары мен компрессорлық станцияларды реконструкциялау арқылы олардың өткізу қабілетін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, жоғары қосылған құны бар өнім (полиэтилен, пропилен) өндіретін жаңа газ өңдеу зауыттарын салуға жағдай жасау мақсат етілген. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұтынушыларға бағытталған шаралар да ескерілген – елді мекендерді газдандыру мен тозған тарату желілерін күрделі жөндеуден өткізу жалғасады.
Талқылау барысында әлеуметтік қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Мемлекеттік органдар өкілдері өзгерістер кезең-кезеңімен енгізілетінін, әлеуметтік осал топтарға міндетті түрде атаулы көмек көрсетілетінін атап өтті.
Елордадағы кездесу – түсіндіру жұмыстары үшін Қазақстан өңірлерін аралап жүрген жұмыс топтарының сапарлары аясындағы бірқатар іс-шараның бірі. Бұған дейін мұндай жиындар Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында өткен болатын.