«Мерекелік саябақ» отбасылық фестивалі өтеді

Астана күніне орай 5-6 шілде күндері елорданың Орталық саябағында «Мерекелік саябақ» атты мәдени-демалысқа арналған отбасылық фестиваль өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтарын түрлі шеберлік сағаттары, спектакльдер, музыка, арт-кеңістіктер мен басқа да мазмұнды әрі көңілді іс-шаралар күтеді.
Фестиваль аясында мынадай тақырыптық аймақтар жұмыс істейді:
• қазақ тіліндегі мультфильмдер мен фильмдер көрсетілетін ашық аспан астындағы кинотеатр;
• кәсіби суретшілер өткізетін балаларға арналған арт-аймақ пен бейнелеу өнері бойынша шеберлік сағаттары;
• қыштан бұйым жасау сабақтары;
• суретшілер, дизайнерлер мен қолөнершілер көрмелері;
• балаларға арналған театр қойылымдары;
• жүлде ұтып алуға мүмкіндік беретін спорттық және ойын алаңдары;
• пикник пен тынығуға арналған демалыс аймақтары;
• әсерлі фаер-шоу;
• жастықпен шайқас ойындары;
• танымдық интерактивті алаңдар;
• фотозоналар мен арт-инсталляциялар;
• жастар бағдарламасы мен кешкі концерттері өтетін бас сахна.
Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – экологиялық өнерге баса назар аударылуы. Фестиваль күндері саябақта қайта өңделген пластиктен жасалатын ерекше эко-арт нысан – үлкен мысық мүсіні орнатылады. Жоба авторы – суретші әрі эколог Мәриям Қасымова бастаған шығармашылық топ.
Жобаның мақсаты – саналы тұтыну мен экология мәселелеріне жұрт назарын аудару.
Ниет білдіргендер бұл бастамаға үлес қоса алады:
• түрлі-түсті пластик қақпақ алып келу;
• оны үлкен мысықтың құйрығына жапсыру;
• қала өнерінің ортақ туындысында өз ізіңізді қалдыру.
Қатысу тегін. Инсталляция 5 және 6 шілде күндері ашық болады.
«Мерекелік саябақ» фестивалі – отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ұлттық мәдениетті насихаттауға және сапалы қалалық демалысты дамытуға бағытталған ерекше іс-шара.