Ел тынысы
Қазақстанда 1,5 мыңнан астам травматолог жұмыс істейді

Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысовтың айтуынша, 2024 жылдың басында 1 508 травматолог тіркелген, оның 174-і ауылдық жерлерде еңбек етеді, 490 дәрігердің бірінші және жоғары санаты бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«2024 жылы ел бойынша 10 мың тұрғынға шаққанда травматологтармен қамтамасыз етудің орташа көрсеткіші 0,7 болды, алайда өңірлер бөлінісіндегі талдау травматологтардың, әсіресе ауылдық жерлерде тапшы екендігін көрсетті. Осыған байланысты мемлекет есебінен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінетін гранттар саны артатын болады. Бұл бакалаврларға «травматология және ортопедия» мамандығы бойынша резидентурада білім алуға мүмкіндік береді. Өткен жылы біз 103 травматолог-дәрігер, ортопед резидентін даярлап шығардық», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.