Бір кеште – 80 шығарма

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы өзінің 10 жылдық мерейтойына орай ерекше музыкалық марафон өткізді. «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында өткен кеште өнер ұжымды үздіксіз 80 музыкалық шығарма орындап, жаңа әлемдік рекорд орнатты.
Бұл жетістік Global Book of Records (GBR) халықаралық ұйымы тарапынан ресми түрде тіркелді. Топтың көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек мәдени шара қазақтың дәстүрлі музыкасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
Кеш барысында «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы дәстүрлі күйлермен қатар, заманауи және шетел композиторларының шығармаларын да орындады. Олар барлық шығармаларды үзіліссіз орындап, ұлттық музыка өнерінің кең ауқымын көрсетті. Концертте домбыра, қобыз, шертер, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, дауылпаз сияқты қазақтың ұлттық аспаптары әуеледі.
Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, «Қорқыт» бұған дейін 75 шығарма орындап, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген.
«Әлемде музыкалық композицияларды тоқтамай 24 сағат орындаған өнер ұжымдары бар. «Қорқыт» тобы осыдан 6 жыл бұрын 75 шығарманы 4 сағатқа жетпей орындап, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген еді. Бүгін ол рекордты жаңартты. Негізі комиссия құрамында 8 адам болды. Олардың бірқатары Мумбай және Дубай қаласында, сондықтан да біз оларға мәліметтерді жіберіп отырдық. Ал осы жерде Белоруссиядан келген маман және де Қазақстаннан екі сарапшы бақылады. Біз шығармаларды орындау уақытын шектеген жоқпыз. Тек қана шығарманы орындағаннан кейін келесі шығарманы орындау үшін аспаптарды реттеуге рұқсат берілді» деді Қуандық Құдайбергенов.
«Қорқыт» ансамблі кәсіби музыканттардан құралған және бірнеше ұлттық аспапты шебер меңгерген бірегей ұжым болып табылады. Концертте домбыра, қобыз, шертер, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, дауылпаз сияқты қазақтың ұлттық аспаптары кеңінен қолданылды.
Айман Нығмет