Басты ақпаратЕл тынысы

Қазақ-Вьетнам серіктестігінің серпінді кезеңі

2024-2025 жылдары атап өтілетін Вьетнамның көрнекті партия және мемлекет басшысы Хо Ши Миннің Қазақстанға ресми сапарының 65 жылдығына орай, 2027 жылы атап өтілетін Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 35 жылдығы қарсаңында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам 2025 жылғы 6-7 мамырда Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында Бас хатшы То Лам Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.

Шағын құрамда келіссөз жүргізді

«Ақорда» резиденциясында елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-­Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне делегация мүшелерін таныс­тырды. Бұдан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, Қазақстан мен Вьетнам­ның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Президент Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Бас хатшысының Қазақстанға алғашқы сапарына екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға берді. «Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз – ортақ. Мен екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаластық. Келесі айда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толады. Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға әрдайым дайынбыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде То Лам қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, бүгінгі келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді. «Сіздің Вьетнамға жасаған сапарыңыздан кейін екі жыл өткенде біздің делегацияның еліңізге арнайы келуі мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өзара сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады» деді Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы.

Неге мән берілді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Вьетнам делегациясына ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді. «Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы туралы пікір алмасты. Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнады, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асты. Осы ретте Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды.

Өз кезегінде То Лам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгтың ыстық ықыласын жеткізді. «Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. 1959 жылдың тамыз айында біздің Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады. Содан бері екі елдің байланысы көшбасшылар мен азаматтардың күш-жігері арқасында ұдайы дамып келеді. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза» деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Вьетнам мәдениетінің күндерін өткізудің маңызына тоқталып, оның мәдени диалог пен халықтар бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін айтты. Президент мәртебелі мейманға Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери парад өтетінін айта келіп, Қазақстан мен Вьетнамның әскери-техникалық серіктес­тігін нығайтуға отандасымыз, генерал-лейтенант Жансен Кереевтің елеулі үлес қосқанын атап өтті. Жансен Кереев 1982 жылы Вьетнам халық армиясы штабының аға кеңесшісі ретінде іссапарға жіберілген. Ол Вьетнам Қарулы күштерін бірге құрысып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға атсалысты. Хо Ши Миннің шешімімен Жансен Кереев Вьетнамның ең жоғары әскери наградасы – Қызыл ту орденімен марапатталды. Кездесу соңында Президент Бас хатшы То Ламның елімізге сапары қазақ-вьетнам достық байланыстары тарихындағы жаңа кезеңге жол ашатынына сенім білдірді.

І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды. Президент Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын атап өтті. Сонымен қатар 1959 жылы Қазақстанға Вьетнамның тұңғыш Президенті Хо Ши Миннің келгенін еске салды. Бұл сапар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын дамытудың берік негізін қалаған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Вьетнам шынайы стратегиялық әріптестік орнатқанын айтты. «Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – І дәрежелі «Достық» орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.

То Лам Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-­Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты. «Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін» деді Вьетнам Компартия­сы ОК Бас хатшысы.

Бірлескен мәлімдемеге қол қойды

Екі елдің басшылары Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы соңғы жылдары белсенді түрде кеңейіп, нығайып келе жатқан дәстүрлі достық пен ынтымақтастыққа жоғары баға берді; болашақта екіжақты байланыстарды дамыту, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша мазмұнды және жан-жақты талқылаулар өткізді; Қазақстан мен Вьетнам бір-біріне өз өңірлеріндегі аса маңызды серіктес екенін растады; Қазақстан мен Вьетнам арасындағы түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге келісті; жақын болашақта екі ел арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту мен одан әрі дамытудың маңыздылығын атап көрсетті.

Достық концертін тамашалады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам Қазақстандағы Вьетнам мәдениеті күндері аясында ұйымдастырылған концертті тамашалады. «Астана Опера» театрының сахнасында мәртебелі қонақтар мен елорда жұртшылығына Ханой филармония оркестрі, «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, сондай-ақ қазақ және вьетнам халықтарының белгілі мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.

«Этноауыл» көрмесін аралады

Астанаға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қазақ халқының мәдени мұрасын таныстыратын «Этноауыл» көрмесіне барды. Мәртебелі меймандар төл тарихымызды танытатын, соның ішінде ұлтымыздың киім үлгілері, қолөнері, әдет-ғұрпы мен саят­шылық дәстүрі, музыкалық аспаптары, кескіндемесі және халық ойындары көрсетілген бірнеше тақырыптық аймақты тамашалады. Экспозицияның әр бөлігі дала өркениетінің ерекшеліктерін паш етеді. Бас хатшы То Лам сәбидің тұсауын кесіп, оның өмірлік жолы ашық болуына тілектестік білдірді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button