Руханият

Жыры да, әні де – Қазақстан

Астанада ақын, сазгер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Әбдіғани Бәзілханұлының «Тоғызтарау» және «Талант. Талғам. Тағылым» атты кітаптарының таныс­тырылымы өтіп, Республика күніне арналған «Қазақстаным» атауымен шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

«Тоғызтарау» жыр жинағына автордың өлеңдері, толғаулары, поэма мен ән мәтіндері, аудармалары енгізілсе, «Талант. Талғам. Тағылым» кітабы әнші, термеші Мағауия Баймұқаметұлы туралы сыр шертеді.

Әбдіғани Бәзілханұлы – тек шығармашылық иесі ғана емес, өз қызметімен мемлекетіміздің дамуына, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген азамат. Осыны атап өткен Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек ақындық алымына тоқталды. Әсіресе, поэзиясы елге, анаға, бауырға деген үлкен махаббатпен ерекшеленетінін, жүректен шыққан туындылар екенін айтты.

Ақын Нұрмұхан Жан­ұзақ­ұлы «Тоғызтарау» жинағындағы өлеңдер жүрекке жылы тиетінін, ұлтжандылығымен айшықтылатынын айтып, мысал ретінде «Әлмерек! Әлмерек!» поэма-триптихі мен «Ескелді би» поэмасын келтірді. Көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан Әбдіғани Бәзілханұлының қайраткерлік қырларына, соның ішінде еліміздің солтүстігіне көшке атсалысқанын, елдік мәселелердің арасында жүріп, ақындық ұшқынын өшірмей, мәртебелі өлеңге қызмет етіп келе жатқанын, «Талант. Талғам. Тағылым» кітабымен Мағауия Баймұқаметұлы сынды үлкен өнерпаздың есімін ұмытылмастай етіп тасқа таңбалағанын атап өтті.

Еңбек ардагері Майра Әлмұ­қанқызы жылы лебізін жеткізді. Тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы Қазақ­стан тәуелсіздігін алуының арқасында қандастар елімізге көптеп көшіп келіп, мәдениетімізге, өнерімізге, жалпы әр салаға үлкен үлес қосып келе жатқанын, соның бірі Әбдіғани Бәзілханұлы екенін айтты. Оның Алтайдың арғы жағында айтыс ақыны болып танылып, Қазақстанға келген соң жаңа тынысы ашылғанын атап өтті. Оның ойын ақын, сыншы Сұраған Рахметұлы жалғастырып, автордың Қытай ақындарынан аудармаларына тоқталды.

Кеш иесі өлеңдерімен сусындатты. Amanat партиясының басшылығы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида ­Балаева жолдаған құттықтау хаттары оқылды.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button