Басты ақпаратҚоғам

Жұмыс табудың жолы қандай?

Астанада жұмыссыздық мәселесін шешу үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы қызметті үйлестіретін ұйымдар арқылы биыл елордада 3000-нан аса адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі таңда қалада жұмыссыз ретінде 18 мың адам ресми тіркелген.

Бас қалада жұмыссыздықтың деңгейі 4,4 %-ға төмендеген. Биылдың өзінде 3000-нан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Дегенмен, екі қолға – бір күрек мәселесі түбегейлі шешілді деп айтуға болмайды. Өйткені дәл қазіргі таңда 16 мың астаналық өзіне лайықты жұмыс іздеп жүр…

Жұмыссыздық деңгейінің тым жоғары немесе тым төмен болуы экономикамызға кері әсер етеді. Мамандардың айтуынша, алғашқы жағдайда экономикалық дағдарыс қаупі туындаса, екіншісінде инфляцияның үдеуі ықтимал. Бір қызығы, жұмыссыздық жағдайында мамандар өз біліктілігін одан әрі арттыруға тырысса, ал жұмыс берушілер үміткерлер арасынан ең мықтысын таңдай алады.

Тәжірибе болмаса да, жоғары жалақыны көздейді

Отандық экономистердің пікірінше, жұмыссыздықтың уақытша өсуі – қалыпты жағдай. Ал Астана қаласы Мансап орталығының жетекшісі Бағила Орымбетованың айтуынша, бүгінде елордада жұмысқа орналасу мәселесінде белгілі бір тепе-теңдік бар. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының деректеріне сүйенсек, қалада ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 18 мың, жыл басынан бері олардың 3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

«Бүгінгі жастар өте талғампаз. Диплом алған соң бірден жоғары жалақысы бар басшылық қызметке орналасқысы келеді. Мұндай жағдайда біз психолог әрі тәлімгер рөлін атқарып, алдымен тәжірибе жинау қажеттігін түсіндіреміз. Әрине, айына миллион теңгеге дейін табыс табуға болатын жоғары жалақысы бар бос орындар да бар, негізінен, жеке секторда. Бірақ ондай орындарда мамандарды іріктеу өте қатаң. Қазіргі уақытта ең көп сұраныс – бағдарламашылар мен инженерлерге, құрылыс саласында да тапшылық айқын сезіледі. Ол мамандарды бірден жұмысқа аламыз. Бізге заңгерлер, бухгалтерлер, психологтар да келеді, олардың тұрақты жұмыс табуы қиындау, бірақ олар да кейде туыстас мамандықтар бойынша жұмысқа орналасады. Қалаған жағдайда жастарды «Жастар практикасы» бағдарламасына жібереміз, онда айына 30 АЕК (110 760 теңге) төленеді, сондықтан көпшілігі келісе бермейді. Дегенмен жас мамандар үшін бұл – мансапты бастауға жақсы мүмкіндік. Біз жыл сайын субсидия көлемін арттыруды сұраймыз. Бұл жастарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ынталандырады. Тек «Жастар практикасы» аясында  төрт мың бос орын және  мың жұмыс беруші дайын» дейді  Бағила Орымбетова.

Сұранысқа ие мамандықтар

Астанада жыл басынан бері 25 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткен. Оған 224 жұмыс беруші қатысты. Аталмыш жәрмеңкеде құрылыс, өндіріс, сауда, қоғамдық тамақтану, қаржы және сақтандыру, көлік, қойма және басқа да салалар бойынша 5 798 бос жұмыс орны ұсынылды.

«Ең сұранысқа ие мамандықтар – жабдық инженері, слесарь, түрлі бағыттағы бухгалтер, архитектор, жобалаушы инженер, түрлі санаттағы жүргізушілер, заңгер, сату менеджері, қаржы кеңесшісі, несие менеджері және тағы басқалар. Кадр тапшылығы ең көп сезілетін салалар – денсаулық сақтау, сауда, құрылыс және өндіріс. Жәрмеңкелерге барлығы 3 408 жұмыссыз қатысты» деді Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Олжас Омар.

Жұмыссыздарға қолдау қандай?

«Біз міндетті түрде жәрмеңкеге қатысушылардың тұрақты жұмысқа орналасу барысын қадағалаймыз. Әдетте кадр бөлімдерімен хабарласып, қанша адам келгенін, қаншасы жұмысқа тұрғанын анықтаймыз. Бізбен 100 мыңнан астам жұмыс беруші әртүрлі сала бойынша жұмыс істейді. Ыңғайлы болу үшін Электронды еңбек биржасы жасалған. Міндетіміз – деректерді тұрақты жаңартып, бос орындар тізімін толықтыру, жұмысқа тұрған азаматтардың мансабын қадағалау. Квота бойынша да арнайы қолдау шаралары бар. Мысалы, 50-ден астам қызметкері бар кәсіпорындар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, түзеу мекемелерінен босатылғандарды және әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмысқа ала алады. Сондай-ақ жұмысқа орналастыруға кеңес беру, курстар, гранттар және басқа да белсенді шаралар кіреді. Бұған қоса, субсидияланатын жұмыс орындары бар, мұнда жалақыны жұмыс берушінің орнына мемлекет төлейді» деп түсіндірді О.Омар.

Тиімді бағдарламалар тізімі

Айта кетейік, субсидияланатын жұмыс орындарына қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, Жастар практикасы, қысқа мерзімді курстар және 50 жастан асқан жұмыссыздарды қолдау кіреді.

Қоғамдық жұмыстар – кәсіби дайындықты қажет етпейтін, әлеуметтік маңызы бар, уақытша жұмыстар. Жалақысы – кемінде 24 АЕК (88 608 теңге), қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Биыл бұл бағдарламаға 3 541,7 млн теңге бөлінді. 588 жұмыс берушімен келісім жасалды, 400-ден астам жұмыс орны ашылып, 2 978 адам жұмысқа орналасты, оның 1 263-і – жастар.

Әлеуметтік жұмыс орындары – жұмыссыздарды жалақысының бір бөлігін субсидиялай отырып, тұрақты жұмысқа орналастыру. Субсидия – жалақының 35%-ы, бірақ 24 АЕК-тен аспайды. Биыл 211 жұмыс берушімен келісім жасалып, 200-ден астам жұмыс орны құрылды, 254 адам жұмысқа орналасты. Бағдарламаға 157,5 млн теңге бөлінді.

Жастар практикасы – колледж, бакалавриат және магистратура түлектерін мамандығы бойынша тәжірибе жинау үшін жұмысқа орналас­тыру. Жалақы – кемінде 30 АЕК, мерзімі 12 айға дейін созылады. Өткен жылы бағдарламаға 1 900 түлек қатысты. Биыл 780 жұмыс берушімен келісім жасалып, 1 400-ден астам жұмыс орны ашылды, 376 жас маман жұмысқа орналасты. Бағдарламаға 993,9 млн теңге бөлінді.

«Күміс жас» жобасы – 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. 1-жылы жалақының 70%-ы (30 АЕК-тен аспайды), 2-жылы – 65%, 3-жылы 60% төленеді. Мерзімі 36 айдан аспайды. Биыл 521 келісім жасалып, 677 адам жұмысқа орналасты, 656 бос жұмыс орны ашылды. Бағдарламаға 1 939,9 млн теңге бөлінді.

Қысқа мерзімді курстар – жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жұмыссыздарды 1-6 ай аралығында оқыту. Оқыту кезінде 43 574 теңге стипендия және 2 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек төленеді. Жұмыс берушіде оқу кезінде жалақы – кемінде 20 АЕК. Биыл 230 жұмыс орнына 13 өтініш түсті, оқу аяқталған соң 27 адам жұмысқа орналасты, тағы 11 адам оқып жатыр. Бағдарламаға 50 млн теңге бөлінді.

«Жұмысқа орналастыру бағдарламалары жыл сайын тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл шаралар жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермейді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер субсидияланған бағдарламаларға қатысу арқылы өндірістегі бюджетін үнемдеп, оны өнімділікке жұмсай алады» дейді О.Омар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button