Жүсіпбек мектебіндегі шуақты күн
Бүгін Астанадағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы №24 мектепте Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» кітабының таныстырылымы өтті. Бір қуанарлығы, оқу ордасының акті залы көрермендерге лық толды. Жаңа кітаппен танысуға мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар ерекше қызығушылық танытты. Жып-жылы жүздесудің шымылдығын халықаралық байқаулардың лауреаты «Шаттық» би ансамблінің кішкентай бишілері әдемі биімен ашты. Мектеп директоры Серік Қалиев құттықтау сөзінде балалардың шығармашылық иелерімен кездесуі ізгі дәстүрге айналғанын тілге тиек етті. Әр балаға үлгі-өнеге боларлық тұлғалармен кездесудің жылы әсер қалдырып қана қоймай, мамандық таңдауға да ықпал ететінін айтты.

Директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Айнұр Батырғалиқызының бастамасымен өткізілген кездесу көп баланың жүрегіне үміт отын жағып, қиялын көкке шарықтатты. Себебі, ол жасандылықтан ада, шынайылыққа толы болды. Бұл көріністі көзі жаутаңдаған, сөзімізді монтиып отырып ықыласпен тыңдаған әр бүлдіршіннің жанарынан аңғардық.

Ұйымдастырушылардың шығармашылығымен өрілген концерттік бағдарлама да, кездесудің модераторы болған тарих пәнінің мұғалімі Ринат Тілекұлы мен музыка пәнінің мұғалімі Назымбек Нұрлыбекұлының шеберлігімен шарықтаған подкаст форматындағы сыр-сұхбат көрермендерге ұшан-теңіз әсер сыйлады.

Жүргізушілер алма-кезек сауал қойып, сұхбаттасуға келген шығармашылық иесінің әртүрлі қырын ашуға ұмтылды. Ал залдан қойылған балалардың сұрақтарынан сүттей таза жүректерінен ағылған тілегі мен ниетін көріп, көңіліміз марқайды.

Ханшайым атты қаршадай қыз бала: «Айтыңызшы аға, қалайша кітапты тез жазуға болады?» деп сұрақ қойып, жұртты ду күлдірді. Төлен Тілеубай оған: «Ханшайым, ал сен айта қойшы, тәтті кәмпитті не балмұздақты қалай тез жеуге болады?» деп сауал қойып, қалаған затыңа қол жеткізу үшін немесе өмірлік мұратыңды іске асыру үшін оған ынта-шыңтаңмен беріліп, қатты жақсы көруің керектігін мысалмен жеткізді.

Айтпақшы, Жүсіпбек мектебінде журналист болуды армандап жүрген балалар көп екен. Олар да кітап авторына кезек-кезек қол көтеріп, көкірегіндегі сан-түрлі сауалдарын қойды. Әттең, уақыттың аздығынан сол балақайлардың бәрінің сұрағына жауап беру мүмкін болмады.

Алайда жанға жылу сыйлыған жиынның әр баланың санасына ізгілік, жақсылық, шынайылық, адалдық дәнегін сепкені анық. Мектеп басшылығы қазақы дәстүрмен қонағына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Ал Төлен Тілеубай залдан ең өткір, шынайы сұрақ қойған Ханшайымға «Цифрлық жолайрық» атты кітабын сыйға тартты.

Ертеңгі күні арман-мұраттарына жетіп, қазақ қоғамының тұтқасын ұстайтын ұландардың санасының сергектігіне, жетістік пен табысқа деген қызығушылығына ризалық көңілмен аттандық. Әр бала бақытты, табысты, өнегелі, үлгілі болуға лайықты!
Асантемір Қаршығаұлы



