Жолдарды жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес елімізде жол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл шамамен 7 мың шақырым жол орташа және күрделі жөндеу бойынша жұмыстармен қамтылмақ, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Өткен жылы басталған жөндеу жұмыстары республикалық маңызы бар басты көлік дәліздерінде жалғасып жатыр. Олардың қатарында «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз», «Сарыөзек – Көктал» тасжолдары бар. Биыл жолшылар жаңа учаскелерді жаңартуға кірісті, олардың ішінде «Қарабұтак – Рудный – Қостанай» және «Атырау – Орал» бағыттары да қамтылмақ.
Елде көлік қозғалысы ең тығыз бағыттарға ерекше мән беріліп отыр. Алматы облысында өңірдің маңызды көлік күре жолдарының бірі – Құлжа тасжолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында «Семей – Өскемен» тасжолының 73 шақырымдық бөлігінде жөндеу жалғасады. Бұл учаскеде жол жамылғысы жаңартылып, су өткізгіш құбырлар да жөнделетін болады.
Өткен жылы «Жезқазған – Петропавл» тасжолының 590 шақырымында жөндеу жұмыстары басталып, биыл тағы 119 шақырымда жалғасын табуда. Сондай-ақ былтыр «Мамлютка – Қостанай» бағытындағы 161 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталған болатые. Биыл бұл жұмыстар тағы 74 шақырым аумақта жүргізіліп жатыр.