Қоғам

Жолдағы өлім-жітімді төмендетін стратегия әзірленуде

Елімізде Жол қауіпсіздігі жөніндегі алғашқы ұлттық стратегияны әзірлеу жұмысы басталды. Бұл туралы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

— Жол қауіпсіздігі жөніндегі алғашқы ұлттық стратегияны әзірлеу басталды. Бұл құжат алдағы бес жылда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім деңгейін кемінде 30 пайызға төмендетуді көздейді. Бұдан бөлек, ғылыми мектептерді дамыту мен білікті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біз ғылымды жол-көлік саласының ажырамас бөлігі деп санаймыз. Қазақстан жағдайында жоғары тиімділік пен тұрақтылыққа тек терең зерттеулер, өндірістік сынақтар және инновацияларды енгізу арқылы қол жеткізуге болады, — деді Анар Ғабдуллина Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, өткен жылы елімізде 12 мың шақырымға жуық автожолда жол және жол құрылысы жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл көрсеткіш 13 мың шақырымға дейін ұлғайтылмақ.

— Бұл — алдыңғы қатарлы ұйымдастыру, технология және тәсілдерді талап ететін ауқымды жұмыс көлемі. Мұндай міндеттерді орындауда шешуші рөл атқаратын — ғылым. Себебі дәл осы сала тиімді, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан негізделген шешімдердің іргетасы бола алады, — деді ол.

Айта кетейік, Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында автомобиль және теміржолдарды дамыту жөніндегі инвестициялық жобалар қаралды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button