Жеті алтын – үздік нәтиже

Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары командалық есепте бірінші орынды алып қана қоймай, бірқатар рекорд та жасады.
Атап айтқанда, төрт боксшымыз: Алуа Балқыбекова (51 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі) және Махмұд Сабырхан (55 келі) екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Айбек Оралбай ең ауыр салмақта әлем чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш қазақ боксшы болды. Сондай-ақ бір әлем біріншілігінде ағалы-інілі Махмұд және Төрехан Сабырхандар алтын медаль жеңіп алды. Бұл да тарихи жетістігі осы чемпионатта ең жас әлем чемпионы атанған да қазақ боксшысы Төрехан Сабырхан болды.
Әйелдер мен ерлер арасындағы әлем біріншілігі қатар өткен байрақты жарыстағы айшықтап айтар тағы бір оқиға Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы бәсеке болғаны сөзсіз. Осы чемпионатқа толық құраммен (әйелдерден 10, ерлерден 10 боксшы) келген де осы екі құрама болған еді. Сондықтан қазақ-өзбек бәсекесі болатыны, жалпыкомандалық есептегі жарыста кімнің жеңіске жететінін бүкіл әлем жанкүйерлері де білгендей болды. Шынымен де солай болды. Чемпионаттың жартылай финалына Өзбекстаннан 11 боксшы шықса, Қазақстаннан 10 боксшы шыққан еді. Ал алтын үшін өткен финалдық жекпе-жектерге екі елден де 8 боксшыдан қалды.
Сонымен, алтын үшін өткен ақтық жекпе-жектер жалпыкомандалық нәтижені анықтап берді. Қазақстан құрамасынан ең жеңіл салмақтағы (50 келі) Санжар Тәшкенбай финалда монғолиялық Баттулга Алдархишигті айқын басымдылықпен ұтып, екінші рет әлем чемпионы атанды. Ал Махмұд Сабырхан болса, испаниялық Рафаель Лосаноны тізе бүктірді. Бұл екі боксшымыз 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге қол созған еді. Осы чемпионатта керемет өнер көрсеткен боксшымыз, он тоғыз жасар Төрехан Сабырхан шын мәнінде талантты екенін мойындатты. Оның әрбір жекпе-жегіне жанкүйер қауымның сүйсіне қарап, ерекше қошемет білдіріп жатты. Ол финалда жапониялық атақты боксшы Севон Оказаваны жеңді. Ал енді ең ауыр салмақтағы айқас бірінші кезекте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бәсекеде кімнің жеңетініне жауап беретін жекпе-жек болды. Шаршы алаңға Айбек Оралбай мен Жахонгир Зокиров шыққанда кең сарайдың іші бірде сілтідей тынып, бірде айқай-шуға шомып жатты. Қос алыптың айқасы шын мәнінде «жан алысып, жан беріскен» жекпе-жекке ұласты. Бірінші және екінші раундта ұпай санымен ұтылып тұрған Айбек үшінші-шешуші кезеңде «Жалоловтың ізбасары» атанған Зокировты тас-талқан етіп ұрды. Қазақ боксшысының қайсарлығына риза болған төрешілер жеңісті Айбекке берді. Сөйтіп, қазақ пен өзбек арасындағы бәсекеде жетінші алтын медальді жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді.
Қазақ қыздары да бұл чемпионатта керемет жетістікке жетті. Финалда өзбек қызы Навбахор Хамидованы жеңген Аида Әбікеева (65 келі), түркиялық қарсыласын тізе бүктірген Алуа Балқыбекова (51 келі) және австралиялық боксшыны айқын басымдылықпен ұтқан Наталья Богданова (70 келі) чемпионат барысында жоғары шеберліктерін көрсетті. Бір әттеген-ай дегеніміз, әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбайдың финалдық жекпе-жекте сүрінгені болды. Қазақ қызының төрт дүркін әлем чемпионы болады деген үкілі үмітіміз, өкінішке қарай, ақталмай қалды. Алайда Назымның бұл күмісін де алтыннан кем санамаймыз.
Он күн бойы Ливерпуль төріндегі кең сарайда «Иә, солай, иә солай, Қазақ елі осындай!» деп қазақ боксшыларына қолдау білдірген жанкүйерлердің үміті де, сенімі де ақталды. Қазақстан боксы қайтадан өз биігіне көтерілді.
Сонымен, World Boxing ұйымы аясында өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы керемет нәтижеге қол жеткізді. 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль олжалаған Қазақтан жалпыкомандалық бірінші орыннан көрінсе, 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген Өзбекстан құрамасы екінші орыннан, ал 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленген Үндістан құрамасы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ Австралия, Бразилия, Польша және Тайвань боксшылары бір-бір алтын медаль жеңіп алды.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ