Құқық

Жемқорлық – жегі құрт

«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек». Қазақстан Респубикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Жемқорлық – қоғамның тұрақты дамуына, экономика мен әлеуметтік құрылымына теріс әсер ететін күрделі мәселе. Ол мемлекетке, халықтың тұрмысына, экономиканың дамуына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен нұқсан келтіреді.

«Қоғамның зиянды әрі қауіпті жауы – жемқорлық. Ол ең алдымен әділетсіздікке, кейін бүкіл жүйенің құлауы мен тоқырауына әкеледі» депті Платон. Жемқорлықтың мемлекет үшін ең ауыр салдары – экономиканың дамуына кері әсер етіп, халықтың құқықтық сенімін төмендетеді, әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздіктің күшеюіне әкеледі. Қазақстандағы жемқорлық тек мемлекет қазынасына ғана емес, халықтың болашағына да ауыр залал тигізді. Өйткені коррупцияның кең таралуы мемлекеттік қызметтердің сапасына, қоғамдағы әділеттілікке, азаматтардың өмір сүру деңгейіне теріс әсер етеді десек, еліміздегі жемқорлықтың негізгі себептерін төмендегідей 5 түйінге жинақтауға болады.

Құқықтық жүйенің әлсіздігі. Қазақстанда құқық қорғау органдарының кейбір буындарының жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізуге қабілетсіздігі байқалады. Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен әділеттілігі мәселелері, құқық қорғау органдарының ішінде парақорлықтың таралуы, азаматтардың құқығы мен заңдардың жиі бұзылуы, басқарудағы бюрократтық жемқорлықтың кеңінен тамыр жаюына себеп болады.

Қоғамдағы жемқорлық мәдениеті. Жемқорлықтың бір түрі – «құпия пара беру» мен «жасырын келісім». Қазақстанда әлі күнге дейін кейбір адамдар үшін бұл «қабылданған норма» ретінде көрінеді. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер мен бизнестің арасындағы қарым-қатынастарда пара беру мен алу қалыпты құбылысқа айналған. Бұл мәдениет қоғамның басқа салаларына да таралып, жемқорлықтың жүйелі түрде қалыптасуына жағдай жасады.

Экономикалық мәселелер. Пара беріп мансап алған шендінің билікке қолы жеткен соң пара алуы да табиғи. Қазақстанда экономикалық теңсіздік пен тұрмыстық деңгейдің айырмашылығы – жемқорлық себептерінің бірі. Мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарында жалақы мен әлеуметтік жағдайдың төмендігі жемқорлықты тудыратын негізгі факторларға айналған. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу, гранттар мен тендерлер сияқты салалардағы экономикалық ретсіздіктер де жемқорлықтың кең тарауына себепші болды.

Әлеуметтік жағдайлар. Қазақстандағы азаматтардың көпшілігінің жалақысының төмендігі, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі және әлеуметтік жағдайдың қиындығы жемқорлықтың таралуына ықпал етеді. Бұл жағдайда көп адам пара беру немесе алу арқылы өздерінің тұрмыс жағдайын жақсартуға тырысады. Әсіресе жергілікті билік органдары мен мемлекеттік қызметтерде бұл проблема айқын көрінеді.

Бақылаудың әлсіздігі. Жемқорлықтың алдын алу мен бақылау жүйесінің әлсіздігі де үлкен мәселе. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде бақылау және тексеру жүйесінің толыққанды жұмыс істемеуі жемқорлықтың пайда болуына себеп болады. Жемқорлыққа қарсы күреске бөлінетін қаржы мен ресурстардың тиімсіз жұмсалуы, сонымен қатар жауапкершіліктің жоғы да жемқорлықтың таралуына қолайлы жағдай жасады.

Қазақстанда жемқорлықпен күрес 2000 жылдардың басынан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарын заңнамалық, институционалдық және әлеуметтік деңгейде жүзеге асырды. Соған қарамастан, жемқорлықтың таралу деңгейі әлі де жоғары.

Еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік өмірінде маңызды орын алатын Астанада жемқорлыққа қарсы күрес қалалық әкімдік пен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіне қарасты Астана қалалық департаментінің қатаң қадағалауымен жүргізіледі. Күрес барысында бірнеше маңызды қадам мен шара қабылданды. Мәселен, қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге көптеген қызмет электронды түрде ұсынылды (мысалы, тұрғын үй кезегіне тіркелу, бизнесті тіркеу, рұқсат беру құжаты және т. б.). Бұл жүйелердің енгізілуі пара алу және беру сияқты жемқорлық әрекетін айтарлықтай азайтты. Цифрлық технологиялар мен инновациялар саласында бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылды, олардың бір бөлігі мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және өңірлердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында болды. Қазіргі таңда бұл әдістер өз өнімін көрсетіп, бүкіл республикаға үлгі болды десек қателеспейміз. Дейтұрғанмен жемқорлықпен күресудің шешімін таппаған күрмеуі көп мәселелер әлі де бар. Жемқорлықтың тамырын терең жайып алғаны соншалық, тек жоғары лауазымды тұлғалар ғана емес, орта және төменгі деңгейдегі шенеуніктер арасында парақорлық әлі жиі кездеседі. Жемқорлық мемлекеттік құрылымдардың төменгі деңгейлерінде, әсіресе денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау органдарында да кеңінен тараған. Кейде жемқорлықпен күресуші органдардың өздерінің қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларының да жемқорлыққа қатысы анықталып жатады. Қоғамдық бақылаудың әлсіздігі мен тиімсіз іс-шаралар жемқорлықтың таралуына себепші болатыны жасырын емес. Сондықтан жемқорлыққа қарсы заңдарды қатайтып, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету – жемқорлықпен күрестегі өте маңызды қадам. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және электронды жүйеге көшу пара алу мен беруді азайтуға мүмкіндік береді. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыссыздықты төмендету арқылы экономикалық теңсіздікті шешу және қоғамдық ұйымдар мен БАҚ арқылы мемлекеттік басқару саласын бақылауды арттыру да жемқорлықтың алдын алу жұмысына оң серпін беретіні анық.

Қысқасы, жемқорлық – Қазақстан үшін ең күрделі және өткір мәселенің бірі. Оның шешілуі тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, бүкіл қоғамның күш-жігерін талап етеді. «Жемқорлықты жеңу үшін оған қарсы күресетін адамның өзінде адалдық пен әділдік болуы тиіс» деп Авраам Линкольн айтқандай, адалдық пен әділдік орнамай, жемқорлықты жоя алмаймыз.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button