Жекеменшік балабақшалар жабылғалы тұр

Елордада еліміздің әр өңірінен 250-ден астам жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары жиналып, мектепке дейінгі білім беру саласындағы олқылықтар туралы айтып, бірқатар ұсынысты атап өтті.
Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жиын қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын салада орын алған жайттарға көңіл аударуға бағытталды. Кездесуде көтерілген басты мәселенің бірі – жан басына шаққандағы қаржыландырудың қысқарып, республикалық субсидияның тоқтағаны. Кәсіпкерлердің сөзінше, бұл жалақы төлеуге де, мекемені ұстап тұруға да мүмкіндік бермей отыр. Баламасын таппаған бизнес өкілдері ата-аналар үшін төлемақыны өсіру немесе балабақшаны жабу сынды жолды таңдауға мәжбүр.
Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамованың айтуынша, елімізде жалпы 11872 балабақша бар, оның ішінде 5400-ден астамы – мемлекеттік, 6300-ден астамы – жекеменшік. Республика бойынша балабақшамен 1 миллионнан астам бала қамтылған.
– Мемлекеттік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастырудағы жан басындағы шаққандағы орташа көлем 56-58 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру көлемін азайту туралы ұсыныс министрлік тарапынан емес, жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен көтерілді. Мәселен, Қызылорда облысында экологиялық коэффицентті қосқанда, бұл көлем – 72-73 мың теңге. Мұны азайтуға байланысты кәсіпкерлер тарапынан туындаған ұсыныстар әлі де қарастырылады, – деді М.Адамова.
Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков шағын және орта бизнесті ілгерілуте бағытталған қадамдар туралы айта келе, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жүрген 1 миллионға жуық баланың 60 пайызы жекеменшік балабақшалармен қамтылғанын растады.
Жиын кезінде кәсіпкерлер медицина кабинетіне тексеріс талап етілгенмен, оның іс жүзінде жұмыс істемейтінін, сол сияқты Кәсіпкерлік кодексінің маңызды кепілдіктері алынып тасталып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын хабарландырусыз тексерулер жүргізілетіні сынды мәселелерді көтерді.
Елордалық «Керемет» жекеменшік балабақшаларының құрылтайшысы Майра Байдубекова тұрғын үй мақсатындағы жерлерде орналасқан балабақша нысаналы мақсатын өзгерте алмай жатқандықтан жабылғалы тұрғанын айтып, дабыл қақты.
– Бүгінде Астана қаласында ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың жүйелі қысқару қаупі туындап отыр. Бұл – кәсіпкерлік саласына ғана емес, жалпы қоғамға тікелей әсер ететін өзекті мәселе. Себебі ондай ұйымдар күн сайын мыңдаған бүлдіршінге қамқорлық көрсетіп, тәрбиесін, білімін қамтамасыз етіп отыр. Бірақ тұрғын үй массивтерінде, жекеменшік үйлер мен көпқабатты үйлердің алғашқы қабаттарында орналасқан бұл әлеуметтік нысандар жер телімінің нысаналы мақсатына сай келмегені үшін жабылу қаупінде тұр. Көпшілігі санитарлық және білім беру нормаларын толық сақтап отырса да, тек жердің құқықтық мәртебесіне байланысты қысымға ұшырауда. 2024 жылдан бері өз жерінің нысаналы мақсатын өзгертуге өтініш берген жеке балабақшалар ешқандай оң жауап алған жоқ. Ал қазіргі ережеге сәйкес, ол үшін балабақша орналасқан ғимаратты толығымен бұзып, жаңа жоспарға сай қайта салу қажет. Бұл – ақылға сыймайтын талап. Мәселе бірнеше мемлекеттік органның қарауына жолданып, тіпті Үкімет отырысында көтерілгенмен, нақты шешім қабылданбай келеді, – деді балабақша құрылтайшысы.
Бас прокуратура, жауапты министрлік пен елордалық Білім басқармасының өкілдері қатысқан кездесуде аталған барлық мәселе бойынша бірқатар ұсыныс ортаға салынды.
Индира Бержанова