Жасыл желекті жайқалтқан

Елордадағы Жастар сарайында «Астана-Зеленстрой» компаниясының 75 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шараға жергілікті билік өкілдері мен кәсіпорын ұжымы және қала тұрғындары жиналды.
Салтанатты жиында жиналғандарды мерейтоймен құттықтаған Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов қаланың ажарын аша түскен «Астана-Зеленстрой» компаниясының 75 жылдығы тек кәсіпорынның емес, тұтас елорданың тарихымен үндескен еңбек мерекесі екенін айтып, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді. «Астана-Зеленстрой» компаниясының 75 жылдық тарихы – бұл еңбектің, бірліктің, сүйіспеншіліктің тарихы. Осы жылдар ішінде кәсіпорын елордаға жасыл желек пен сұлулық сыйлап, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға зор үлес қосты. Осы жолда аянбай еңбек еткен барша қызметкерлерге, ардагерлерге алғысымыз зор. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын!» деді қала әкімінің орынбасары.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден «Астана-Зеленстрой» компаниясының елорда тарихындағы орны ерекше екенін, бұл қаладағы ең көне коммуналдық кәсіпорындардың бірі екенін атап өтті. «Астана-Зеленстрой» – жай ғана кәсіпорын емес, қаланың көркі мен тазалығының, жайлылығы мен әсемдігінің нышаны. Дәл осы ұйым қызметкерлерінің еңбегінің арқасында Астананың көшелері, саябақтары мен гүлзарлары жасыл желекке бөленіп, алуан түсті гүлдермен көмкерілуде» деді мәслихат төрағасы.
Іс-шара барысында мерейтойға орай қаланың қатаң климатына қарамастан, әр тұқымды гүлдетіп, жас шыбықты алып ағашқа айналдыру үшін кәсіпорында ұзақ жылдар бойы аянбай тер төккен ардагер туралы естелік кітаптың жарыққа шыққаны атап өтілді. Сонымен қатар кәсіпорында қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген мамандардың да еңбегі елеусіз қалмады. Бір топ азамат «75 жылдық мерейтойлық медалімен», «Ерен еңбек иесі құрметті азамат» медалімен, «Еңбек үздігі» медалімен, «Елеулі еңбегі үшін» медалімен, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен марапатталды.



