Астанадағы Василий Тахтай академиясында елдегі Конституциялық реформаларды және алдағы референдум маңызын түсіндіру мақсатында жас спортшылармен кездесу өтті.

Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге журналист, ақын Олжас Қасым және Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы, елордалық Мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған ақын Олжас Қасым болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін тұрақты жағдай жасаудың маңызды екенін айтып, спорт саласы бойынша Ата заңда азаматтардың құқықтары бекітілетінін сөз етті.

– Цифрлы дамыған заманда Ата заңға өзгеріс енгізу – уақыт талабы. Сәйкесінше қазіргі Конституцияның 77 бабы немесе 84%-ы өзгермек. Әлемдегі геосаяси жағдайлар қарқынды дамуда. Жаһандану жаңа қалыпқа ауысты. Бұл тұста азаматтардың қоғамдық белсенділігі қажет, – деді А.Мағзұм.
Жиын соңында спикерлер биыл 15 наурызда өтетін республикалық референдумға жиналғандарды белсенді түрде қатысып, тиісті шешімге дауыс беруге шақырды.
Индира Бержанова



