«Жас сарбаз» дарындарының өнері

Кеше елордадағы М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияда «Жас сарбаз» – жеңіс рухының жалғасы» жобасы аясында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған әскери-патриоттық әндер байқауының қорытынды финалдық кезеңі өтті.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы және Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Астана қалалық филиалы ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – жастарға, «Жас сарбаз» тәрбиеленушілеріне рухани- адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, білім алушыларда белсенді азаматтық ұстаным мен патриотизмді, маңызды рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтар ретінде дамыту.
Аталмыш іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының басшысы Гинаят Хамитұлы, Республикалық «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының төрағасы, майор Мейірбек Оразұлы, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Астана қалалық филиалының төрағасы Айдархан Шыңғысханұлы, Қорғаныс министрлігі өкілдері, финалдық кезеңге жолдама алған үздік «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері, олардың жанкүйерлері қатысты.
Байқау барысында елорданың ең үздік «SMART SARBAZ» робототехника жобалары таныстырылған көрме қойылып, оны жиналған қауыммен қатар «Жас сарбаз» қозғалысының әлемдік додаларда жеңімпаз атанған спортшылары тамашалады. Көрмеде қатысушылар мен қонақтар жас сарбаздың инновациялық идеяларымен, заманауи жобаларымен және спорттық жетістіктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.
«Талантты оқушылар өте көп екен. Бізді ынталары қуантты. Бірақ әскери әндердің тапшылығы байқалды. Бірақ бұл – оқушылардың кінәсі емес, осы тақырыпқа композиторлардың аз жазатыны аңғарылды. Ал байқауға келсек, ұйымдастырылуы өте жақсы болды. Қолдан келгенше әділ шешім шығаруға тырыстық. Бұл байқауға тілейтінім, өрісі кеңейе берсін, жас таланттар көбейсін, жақсы әндер жазылсын, Қазақстанның нағыз патриоттарын шығару жолында жұмыстар жемісті болсын!» дейді қазылар алқасының мүшесі, талай патриоттық әндердің авторы, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісов.
Байқау қорытындысында бас жүлдені К.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназия оқушысы Манас Әбілмансұр, бірінші орынды А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиядан Шұғыла Ермекова, екінші орынды Т.Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейден Ыдырыс Тұңғышбай мен Нұрайша Жүкен, үшінші орынды №28 мектеп-лицейдің хоры иеленді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



