Жарқын болашақ – сапалы білімде

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл мекемелердің атауы бастапқыда «Жайлы мектеп» деп аталды. Себебі алдымен білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту керек болған. Осы мақсатта жаңа мектеп ғимараттары салынып, заманауи жабдықтармен жабдықталды. Ал білім сапасын жақсарту кезеңінде «Келешек мектебі» деп аталды.
Жаңа форматтағы білім ошақтары бұрынғы салынған типтік мектептерге қарағанда мүлдем өзгеше. Солардың бірінен саналатын Астана қаласы әкімдігінің «№108 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024-2025 оқу жылының 1 қыркүйек күні өз жұмысын ресми түрде бастады. Қысқа мерзім ішінде білім беру ұйымы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымындағы сұранысқа ие жаңа буын мектептерінің қатарына енді. Мектеп ашылған уақытта 600 оқушы қабылданып, қазіргі таңда олардың саны 1202 оқушыға жетті. Бұл көрсеткіш оқу орнының беделі мен ата-аналар сенімінің жылдан жылға артып келе жатқанын дәлелдейді.

«Келешек мектеп» директоры Гүлназ Жарылқапованың айтуынша, бүгінгі таңда оқу орнында 85 педагог қызмет атқарады. Мұғалімдердің басым бөлігі – жаңартылған білім беру бағдарламасы және цифрлық педагогика бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен кәсіби мамандар. Педагогикалық құрамның әлеуеті білім сапасын арттыруға, оқушылардың зерттеушілік, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
– Жарқын болашақ – сапалы білімде. Мектептің материалдық-техникалық базасы заманауи білім беру талаптарына толығымен сай келеді. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін 80 пән кабинеті жабдықталған. Әр кабинетте интерактивті панельдер, цифрлық құрылғылар, пәнге бағытталған арнайы оқу-әдістемелік материалдар мен модульдік жиһаздар орнатылған. Бұл – білім алушылардың практикалық дағдыларын дамытуға және оқу материалдарын игеруді жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді директор.
Сонымен қатар мектепте оқушылардың жеке, топтық және жобалық жұмыстар жүргізуіне арналған 16 coworking аймағы қарастырылған. Бұл кеңістіктер оқушылардың өздігінен білім алуын қолдайтын көпфункционалды орта ретінде жобаланған. Коворкинг аймақтарында жұмсақ жиһаздар, топтық жұмыс үстелдері, ноутбуктер, шығармашылық құралдар және академиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған ресурстар орналасқан. Мұндай ашық білім беру ортасы оқушылардың ынтымақтастық, коммуникация, командада жұмыс істеу сияқты XXI ғасыр дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Гүлназ Молдаханқызы мектептің артықшылықтарына тоқтала келе, оқу ордасының материалдық-техникалық базасы қазіргі білім беру стандарттарының талаптарына толықтай сәйкес келетінін жеткізді. Расында да, білім мекемесі барлық пән кабинеттері жаңа үлгідегі интерактивті панельдермен, мультимедиялық құрылғылармен және оқу процесін тиімді ұйымдастыруға арналған жиһаздармен жабдықталған.
– STEAM және робототехника бағыттарының дамуы туралы айтсақ, мектебімізде STEAM-оқытуды енгізуге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер жұмыс істейді. Робототехника, инженерлік модельдеу және 3D-технология бағыттары бойынша үйірмелер ашылып, оқушылардың техникалық сауаттылығын арттыруға жағдай жасалған. Бұл – «Келешек» мектептерінің басты талаптарының бірі ретінде оқушыларды ХХІ ғасыр дағдыларына бейімдеуге мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру ортасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы да жақсы жолға қойылған. Мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасалған: арнайы жабдықталған кабинеттер, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі, логопед, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Инклюзивті орта заманауи стандарттарға сай жасақталып, барлық оқушының қауіпсіз әрі қолжетімді білім алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған көпфункционалды кеңістіктердің болуына көңіл бөлінуде. Сoworking аймақтары топтық, зертханалық және жобалық жұмыстар жүргізуге арналған. Бұл кеңістіктерде оқушылар мен педагогтар бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады. Оқушылардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ашық білім беру ортасы қалыптасқан, – деді Гүлназ Жарылқапова.
Мектепте атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – инновациялық білім беру моделін іске асыру шеңберінде пәндік және интеграциялық жобалар қолға алынды. STEAM-бағыттағы үйірмелер мен элективті курстар жүйелі түрде жұмыс істеп, оқушылардың инженерлік дағдыларын дамытуда. Цифрлық білім ресурстарын қолдану арқылы оқу процесі бірізді жолға қойылған. Инклюзивті білім беруді дамыту бойынша мектепішілік әдістемелік бірлестіктер жұмыс жүргізіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін жеке оқу траекториялары әзірленуде.
Мектептің тәрбие жүйесі «Құндылықтарға негізделген білім беру» тұжырымдамасына сай ұйымдастырылып, оқушылардың азаматтық позициясын, жауапкершілігін және еңбекқорлығын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Жобалық білім беру, дебат клубы, мобилография, театр сияқты шығармашылық үйірмелер арқылы оқушылардың жеке әлеуетін дамыту жұмыстары белсенді жүзеге асырылуда. Оқушылардың академиялық жетістіктерін арттыру мақсатында пәндік олимпиадалар, зияткерлік сайыстар және ғылыми жобалар конкурстарына қатысу жүйелі жолға қойылған. Мектеп оқушылары қалалық және республикалық ғылыми жобалар байқауына, пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. ROQED ЖИ-құралы енгізілді. Мұғалімдер сабақ жоспарлау, оқу материалдарын саралау және оқушылардың білімін бағалау барысында ЖИ құралдарын тиімді қолданып келеді. Оқушылар да цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында ЖИ-платформалармен жұмыс істеп, жеке оқу қарқынына сай тапсырмаларды орындауда.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ



