Басты ақпаратРуханият

Жаны жарасқан жақсылар

Әр адамның өркенді өмірін, алдағы жолын айқындайтын кезеңдері болады. Оны тап басып, адаспай тапқандар: асар белесінен, табан тірер биігінен, шырқап шығар асқарынан жаңылмайды. Төте жолын тура табады. Айналып келгенде, жанын дұрыс бағады. Сол кезеңнің бір баспалдағы студенттік шат-шадыман шақ дер едік. Қазақ елінің төрт бұрышынан жүздеп келіп, елу талапкер ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстік. Оның қырық бірі өрге ұмтылған ұл, тоғызы топ жарған қыз еді. Бір бөлімде кілең сақадай сартылдаған жігіттер, қыздар оқыды. Олар мектеп қабырғасынан жаңа шыққан ботатірсектерге қамқор болып жүрді. Сол үрдіс өмір бойы жалғасын тапты. Оның көшбасында Ер аға (Ержұман Смайыл) жүріп еді. Біразға дейін сетінемей түп-түгел, бақыт бағында сайран құрдық. «Өмірдің бас-аяғы қас-қағым сәт, Құйрықты өтер ағып жұлдызға ұқсап. Азырақ аялдауға жер бетінде, Адамға берілгендей аз-кем мұрсат» деп Ербол (Шаймерденұлы) дос айтпақшы, селеудей сиреп келеміз. Бір тәубеге келетініміз, ұрпақ өсіп келеді.

«…Еліміздің әр қиырынан келіп тоғысқан, алғашында тосырқағанмен, тез табысқан елуіміз үлкен бір үміттің жетегінде едік» деп басталатын «Өмірдастан» деген курстастар туралы кітап қазір алдымызда тұратын болды. Жиі парақтайтын болдық.

Сол елудің ішінде екі Ерекең аталып, ағалы-інідей болған Ержұман мен Ербол еді. Қанаттасып қатар жүретін. Бұл күнде екеуі де о дүниелік. Өмір заңына жасар амалың жоқ, көнуге, көндігіуге тиіссің. Атар таң, шығар күн үмітіңді үкілеп алға жетелері хақ.

Ербол өмірден озғалы он бес жылға таяды. Отын жағып, ұрпағын ұйытып, рухын көтеріп жүрген, қырық жылдан аса қатар күн кешкен, асыл жары жеті белеске қол артты. Жақсының жары ретінде сәл қалам тартсақ деген ниетімізді білдіргенде, «Ерболмен жарыспай-ақ қояйын» деді. Уәжімізді айтып, иландырдық.

Ағынан жарылғанда бүтін кейіпте сөйлейтін, қара сөздің хас шебері, ой әлемінің алыбы Әбіш Кекілбайұлы: «Баламдай болмағанмен, інімдей бауыр басып кеткен бір азаматым – Ербол Шаймерденов» деген баталы сөзінің астары көп жайды ұқтырып тұрғандай. Шынында, Ербол сан қырлы, бір сырлы, алғыр, екі тілге бірдей, ұйым­дастырушылық қабілеті де мол, ел ісіне сіңірген еңбегі де жетіп артылатын зиялы жан еді. «Құштарлық, мұң мен ізгі арман, Жалғайды адам арасын. Ой соқты осы жырлардан, Іздесең мені табасың» деп өзі меңзегендей: Ербол – бірінші ақын, екінші – тұңғыш рәміз танушы, үшінші – қазақ афоризмдерін дәйектеген білімдар еді. Ел болып, еңсе тіктегенде әлемдік жолмен баян тапқан Отан Президентінің бірінші баспасөз хатшысы болды.

Ербол Шаймерденұлы мен Күләш Қайыржанқызын бір-бірінен бөле қараған емеспіз. Солтүстіктің ақ қайыңындай Ерболдың сыр мен сымбаты қандай келісті болса, Күләштің бойындағы тұнықтық Ертістің баяу аққан суындай жарасым тауып тұратын. Сыйластықтың, ізет пен инабаттың, кісілік пен кішіліктің үлгісі осылай болса керек дейтін едік. Ербол пәниден аттанғалы бері отын жағып, отанын ұстап қана қоймай, бай мұрасына шырақшы болып келеді. Ер ағаң (Смайыл)  ұлтқа керек құндылық деп бел шешіп кірісіп, Күләш ыждаһаттықпен жинақтап, балалары қолдап Ерболдың алты томдық шығармаларын 2013-2014 жылы жұрт қолына тигізді. Күләш одан кейін таңдамалы өлеңдерінің, дастандарының, бұрын жарияланбаған туындыларының басын қосып «Сағым дәурен» деген кітабының басылуына да аз еңбек сіңірген жоқ. Ерболдың әлі де мол мұрасы барын, әсіресе өзі қытай тіліне аудартқан афоризмдерін екі тілде шығарсам деген арман-мақсатында алға тартып келеді.

«Алдымен Ербол туралы айтыңыздаршы!» дейтін Күләштің де өз жолы барын білеміз. Ендігі әңгіме сол туралы болсын. Күләштің кім екенін Ерболдай асыл жарынан асырып айту, оңайға соқпас. Оның «Жарым менің» деген өлеңінде Күләштің бітім-болмысы, ақ адалдығы сан түрлі бояумен салған суреттей шынайы берілген. «Ұнатады ол тау самалын, Таң нұрын, Ұнатады ол қырдың гүлін, жаңбырын. Өйткені өзі жаратылған тұнықтан, Жарым менің, жарым менің – тағдырым» дейді. Бұл – ақынның ақиқат сөзі. Біз елу жылдан бері соған куәміз. Тағы бірде: «Қабақтан ұғып бәрін, Емдейсің күліп, жарым. Сен барда дүнием толық, Шайқалмас тұнықтарым» деп бір қайырып тастайды. Одан кейін «Сен де арнап ғұмырыңды, Самал болып естің маған. Биіктетіп тұғырымды, Төзім жонып, тестің табан… Сен болған соң серпіп бәрін, Жүрем асқақ! Аласармай! Сенімен де, асыл жарым, Жан бар ма екен таласардай?!» дейді. Осы өлең жолдарындағы шын сөздердің алтын арқауын  Күләш Ерекең жарқылдап ортамызда жүргенде де, Ерболсыз жылдарда бұзған да жоқ, үзген де жоқ. Қайта қылау түсірмей, биіктетумен жүр.

Күләштің кіндік қаны тамған жер – қасиетті қара Ертістің ­бойы,­ Павлодар облысының Естай атындағы ауыл. Осы елді мекенге Естайдың атын беруді кеңес кезінде (1986) Ербол мәселе етіп көтеріп, оң шешімін тап­қан екен. Бұл туралы ол «Ән-ғұмыр» поэмасында «Қуанам болғаныма бір іске ұйтқы, Парызға ел атынан тосып иықты. Есімі берілсін деп осы ауылға, Жазғаным нысанаға дөп тиіпті» деп атап кеткені бар.

Орта мектептен кейін Күләш мұғалім болуды мақсат етіп, Алматыға бет алады. Қазіргі Абай атындағы университеттің филология факультетіне түсіп, оны бітіргеннен кейінгі жерде бар өмір жолын ұстаздыққа арнап келеді. «Алғашқы еңбек жолым өз ауылымдағы мектептен басталды. Оның арқауында, туған жерде қызмет етем, үкілеп өсірген ата-анама жемісімді жегізем деген мақсат жатты. Ол кездегі жастардың бойында елге деген сондай бір керемет құлшыныс болатын» деп сағымға айналып бара жатқан  жылдарға ой жіберіп, Ерекеңдей азаматпен отау тіккенін, ұлт жақсыларының Отаны саналатын Қызылжар өңірінің атақты Жаңажол ауылына келін болып түскенін сабақтайды. Атасының соғыс ардагері, зиялы жан болғанын, енесі Мәуия қажыр қайраты мол, ақкөңіл, өлеңге жаны құмар жан болғанын тілге тиек етеді. Ерболдың еліне, қанаттандырған жұртына, нағашыларына дән риза екенін жеткізеді.

Ұрпақтың тектілігі ата-анасынан екені белгілі. Біз Ерболдың анасы Мәуия  да,  Күләштің әкесі Қайыржанды да, анасы Күлғалиды да көрдік. Еңбек үшін жаралған, бұра тартпайтын, қулық-сұмдықтан ада, халықтық салт-сананын берік ұстаған қазақтың қарапайым аяулылары еді. Бүгінде оларда о дүниелік.

Күләш өзі туралы сөйлеуге келгенде іркіліп, Ербол жайлы әңгіме болса, шешіліп, ағынан жарылады. «Менің бақытым, Ерболмен қатар жүргенде қазақтың жақсыларын көрдім, аталы сөздерін естідім, үлгісін үйрендім, тәлімін алдым, әркез қыз­мет көрсетуді өзіме парыз санадым. Қазірде қол үзгем жоқ. Тағы бір айтарым, тіл маманы болған соң, соның туын көтересің. Қызылжарда мұғалімдік орын болмады, теледидарда, кітапханада жұмыс істедім. Ақмолаға келгенде № 4-ші жалғыз қазақ мектебіне жұмысқа тұрдым. Қазақ мектебі бар, бірақ бала аз. Қазақ мектебі орналасқан  көшеге Қазақ атын берген. Бұл да ойға қалдыратын. Мен бір азаматшаның атын ерекше атағым келеді. Ол – сол білім ордасының директоры Жанна Әрпенова апай еді. Қазір ол кісінің атын біреу біледі, біреу білмейді. Ұлым, ұрпағым деген кісілікті кісіні ұмытпасақ екен. Тіл дегенде қырандай түлеп кететін. Көшеден қазақтың баласын көрсе, жетелеп келіп мектептің табалдырығын аттататын. Одан кейін, ата-анасымен жұмыс жасайтын. Иә, бүгінгі астананың көркеюіне сондай  халқын қадірлеген жандардың атын естен шығармай атап жүрсек дегім келеді. Бұл өткенге құрмет, ұрпаққа үлгі деп білемін» дейді Күләш  Қайыржанқызы.

Ербол екеуі Алматыға қайта оралған соң, №136 мектепте ұстаздық, одан кейін өзі білім алған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқытушылық қызмет атқарды. Бұл жерде Н.Ғабдуллин, Н.Оралбаева, Т.Әжіғалиева, өзге де атақты тіл маманының қамқорлығында болды. Көш басын Арқаға бұрғанда Шаймерденовтер алғашқы сапта Ақмолаға ат басын тіреді. Содан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қызмет атқарып келеді. Қазақ тілін оқыту бойынша М.Нәрікбаев атындағы заң университетінде де жұмыс жасауда. Ұстаздық жолында ондаған емес, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шыққанын айту – парыз. Олардың қатарында, белгілі ғалым Е.Тілешов, ақын ­Б.Беделхан теледидар қызметкері С.Молдасанов, тағы басқалар бар. «Мен «Құлмамбеттің құлынымын» деген айтыс өнерінің хас шебері, қазақ сөзінің жауһарларын айтқанда, талайды тамсандырған Оразалы Досбосынды ерекше атар едім. Бес жыл кураторы болдым. Жаратылысы бөлек сол Оразалыға біраз еңбек еттім-ау, деймін» дейді Күләш алғыр шәкіртін мақтан етіп.

Күләш Қайыржанқызы Ербол «Қыздарым – қызғалдақтарым» деген үш баласынан қазір өсіп -өркендеп отыр. Үлкені Ләззат – саясаттану маманы болса, ортаншысы – Гүлшат экономист, ал кенжесі – Бақыт халықаралық қатынастар саласында. «Ақшуағым, асыл жыр, ән бұлағым» деп еркелетіп өсірген Бақыт әкесінің «Елтаным» кітабын заман талабына сай, сәл толықтырып қалың қауымға ұсынды. Үміттің ақталуы деген осы шығар. «Менің қазіргі серігіме айналған құдағиым Қапизаға деген құрметім ерекше. Ол кісі екеуміз Әлихан мен Камиланы қос қанатымыздай өсіріп келе жатырмыз. Ал атасы айдай толып жүрсін деп атын Айтолқын қойған немересі, бұл күнде Жапонияда оқып жүр. Ербол әкесіне арнаған бір өлеңінде «Шүкір деймін, тәубе деймін» деп еді. Біз де сол тәубе деп келе жатыр­мыз» дейді.

Күләш Қайыржанқызы шә­кірт тәрбиелеумен қатар, білім беру ісіне өзінің білігімен үлес қосып келеді. Мектептерге арналған қазақ тілінен бірнеше оқулық, әдістемелік құралдар жазып, кітаптар жазды. Ғылыми мақалалар топтамасы өз алдына. Осындай еңбектің нәтижесі болар өңіріне Ы.Алтынсарин төсбелгісі тағылды. «Менің бар жеңісім – Ербол екеуміздің ұрпақтарымыз бен шәкірттерім!» дейді ол.

Иә, жақсының жары, үлгілі ұстаз, Күләш Қайыржанқызы мен қазақтың айтулы азаматы Ербол Шаймерденовтың өмір жолдарына көз жіберіп, ой тоқтатқанда, жаны жарасқан жандар екені баршаға аян.

Сүлеймен МӘМЕТ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button