Жаңашыл колледждің жарқын бастамасы

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елорданың жетекші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі – Astana Polytechnic колледжінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Елордадағы бұл колледж IT, мехатроника, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және құрылыс технологиялары бағытында жаңа мамандар даярлайды. Өзінің үздік тәжірибесімен және инновациялық тәсілдерімен танымал оқу ордасы бүгінде білім мен өндірісті тоғыстырған заманауи орталыққа айналған.
Қазақстан колледждерінің ТОП-10-дығына кіретін білім ұясында екі мыңнан астам студент бар. Олар 11 мамандық бойынша білім алуда. Оқу мекемесінде 7 заманауи ресурстық орталық жұмыс істейді. Оннан астам халықаралық білім беру жобасымен айналысып келеді. Сондай-ақ WorldSkills чемпионаттарында ұдайы жеңіске жететін мұндағы бітірушілерге елдегі жетекші компаниялардан жиі ұсыныс түсетіні де рас.
«30 жылдан астам тарихы бар «Astana Polytechnic» жоғары колледжі еңбек нарығына кәсіби мамандарды дайындап келеді. Біздің колледж «Talap» КЕАҚ жүргізген рейтинг қорытындысымен бірнеше рет республиканың «Үздік колледжі» атағына ие болды. 2021, 2022, 2024 жылдары техникалық және кәсіптік білім берудің «Үздік ұйымы» ретінде Астана қаласы әкімінің грантын иеленді. Оқу орнында 85 педагог бар, оның ішінде 9 педагог-өндірістік оқыту шебері, магистрлер, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, PhD докторы, педагог-шебер, педагог-зерттеуші, сондай-ақ республиканың 5 үздік педагогы қызмет атқарады» дейді колледж директорының орынбасары Сәния Досман.
Оның сөзінше, колледжде дуалды оқыту бойынша тұрақты серіктестері бар. Атап айтсақ, «Қазақтелеком» АҚ, FREEDOM Telecom, KAZTELESYSTEM, Бителеком, IMBC халықаралық машина жасау орталығы, «AUTOLAND» автосервистер желісі, «Aster AUTO ASTANA» ЖШС, «MEGA Motors Astana» ЖШС, «№1 автобус паркі» АҚ, «Hyundai Premium Astana» және т.б. кәсіпорындар колледжбен тығыз байланыста. Жалпы білім ордасы бүгінге дейін 200-ден астам әлеуметтік серіктестермен қарым-қатынас орнатып, студенттерге кәсіптік және өндірістік тәжірибеден өтуге, сондай-ақ оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа тұрақты орналасуға үлкен мүмкіндік тудыруда.
Баспасөз туры барысында журналистер ресурстық орталықтардың жұмысымен танысып, желілік технологиялар, IT-құзыреттер орталығы, «ақылды» сантехника, автоматтандыру, құрылыс материалдары, мехатроника және робототехника зертханаларын аралап көрді. Түлектердің жетістік тарихы да таныстырылып, колледждің Мансап орталығының негізгі міндеті де айтылды.
«Мен қазір 3-ші курсқа аяқ бастым. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығында оқимын. Біз мұнда көліктің барлық түрін жөндеуді үйрендік. Тіпті заманауи электронды көліктерге техникалық қызмет көрсетуге де даярмыз. Ең бастысы, біздің мамандыққа елімізде сұраныс жетерлік. Өйткені, қазір көлік өте көп әрі түрлі нұсқада шығып жатыр. Ал бұл салаға механик, кузов жөндеуші, электр маманы керек екені анық. Болашақта Қытай еліне барып, өз мамандығымды жетілдірсем деген ойдамын. Өйткені, түрлі көлік шығару ісінде осы мемлекеттің өндірісі алға шығып барады» дейді Нұрлыбек Рустамбеков.
Колледж басшылығының айтуынша, қазір техникалық мамандыққа бұрынғыдай емес, сұраныс артқан. Оған басты себеп – жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, IT мен техникалық қызмет көрсету саласына оқуға қызыққан мектеп түлектері жетерлік. Мысалы, осы колледжде бір орынға 5 талапкер конкурсқа түсіп отыр.
Айта кетейік, биыл 542 түлек колледжді тәмамдаған. Сондай-ақ 800-ге жуық баланы осы жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылдау жоспарланыпты. Мұнда шәкірақы да бар. Оқу озаттары мен үлгерімі жақсы студенттерге 41-45 мың теңге беріледі. Сондай-ақ қоғамдық көлікпен жүру кезінде екі АЕК ретінде жол жүру билеті де қарастырылған. Ең бастысы, жатақханада тұру тегін.
«Біз 10 халықаралық колледждің бірі болуды мақсат етіп қойдық. Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйегінен бастап 938 орындық студенттерге арналған жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Ал Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «POLYTECH GENERATION – 2025» І Халықаралық фестивалін өткізу ойластырылып жатыр» дейді Сәния Нағмедханқызы.
Директордың орынбасары колледжде еңбек нарығының сұранысы үнемі қадағаланып, тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін айтады. Мысалы, оқу орны Астана қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта орналасқан №1 Индустриялық парктің құрамындағы 130-дан астам кәсіпорынның кадрларға деген қажеттілігіне талдау жасап, ең керекті мамандықтар тізбесін жасаған. Олардың қатарында дәнекерлеушілер, слесарь-жөндеушілер, мехатроника мамандары, электромонтерлер, бағдарламашылар, механиктер және құрылысшы-жобалаушы бар. Ал бұл деректер колледждегі оқу бағдарламасын еңбек нарығымен сәйкестендіруге мүмкіндік бермек.
Расымен де қазір техникалық және жұмысшы мамандықтарға нақты сұраныс өте көп. Яғни, техникалық мамандық тұрақты табыс көзіне мықтап айналғандай. Ал ASTANA POLYTECHNIC колледжі осы мақсатпен жастарға сапалы білім беріп, сенімді болашаққа жол ашып отыр.
Ержан ҚОЖАС