Жаңа Конституция – еліміздің болашағына бағытталған маңызды құжат. Онда мемлекеттің негізгі қағидаттары нақты айқындалып отыр. Соның бірі – жауапты патриотизм. Бұл тек сөз емес. Бұл – өз еліңе адал болу, заңды құрметтеу, адал еңбек ету және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну еді. Осыған орай Ата Заң ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Respublica фракциясының бас менеджері Рауан Қалиев, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақдаулет Жанділдаев Metal Forme зауыты мен «STAHLBAU» арнайы техника машина жасау зауытының жұмысшыларымен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Конституция – бұл жай ғана Негізгі заң емес. Ол – мемлекеттік басқару жүйесінің, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері қалыптасатын берік іргетас.

Жүргізіліп жатқан конституциялық реформа – Әділетті Қазақстанды құру бағытының заңды жалғасы. Оның басты мақсаты – өкілеттіктерді қайта бөлу, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және азаматтық қоғамның рөлін нығайту, -деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақдаулет Жанділдаев.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – ел дамуының стратегиялық бағдарларын айқындайтын маңызды құжат. Ол қазіргі заманның сын-қатерлерін ескеріп қана қоймай, болашақ мүмкіндіктерге жол ашады. Жаңа ережелер орнықты экономикалық өсімге, тұрақтылыққа және қоғамдағы сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл – өндіріс саласы үшін де аса маңызды. Себебі тұрақты мемлекет қана тұрақты өндіріс пен сенімді болашақтың кепілі бола алады, -дейді Metal Forme зауытының цех басшысы Арман Әбдіров.



