Жаңа аллея ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Осы игі бастама аясында еліміздің әскери оқу орындары да белсенділік танытып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы ашылды. Бұл бастаманы Ұлттық ұлан факультетінің бастығы, полковник Савердин Имиров ұсынған болатын.
Бұл аллея Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, ҰҚУ басшылығының және ардагерлер кеңесінің қолдауымен жүзеге асырылды. Ашылу рәсіміне Ұлттық ұлан факультетінің бұрынғы және қазіргі басшылары мен тәлімгерлері қатысты. Олар Ішкі істер министрлігінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, ҰҰ Бас қолбасшысының орынбасары, ҚР ҰҰ Академиясының бастығы сондай-ақ факультет бастықтары және түлектері атынан қарағай ағашының көшеттерін отырғызды.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – жай ғана экологиялық іс-шара емес, бұл – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен табиғатқа жанашырлық сезімін дарытудың жарқын жолы. Осы акция аясында бой көтерген Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы – біздің тарихымыз бен сарбаздық рухымызды дәріптейтін ерекше символ» деді Қорғаныс министрлігі Әскери ғылыми-зерттеу институтының бастығы Жұмабек Ахметов.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы жыл сайын жас офицерлердің қатысуымен өтіп, жаңа көшеттермен толыға бермек. Бұл дәстүр еліміздің әскери рухын нығайтып, патриоттық тәрбие берудің жаңа бір форматына айналады.