Жалтақтық журналиске тән қасиет емес!

Қазақ медиасының дамуына зор үлес қосып жүрген майталман мамандардың бірі, танымал журналист – Зейін Әліпбек. Ол 1973 жылы 2 сәуірде қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылында дүниеге келді. 1990 жылы көрші Маяқұм ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебін тәмамдап, осы жылы Әбу-Насыр Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Еңбек жолын 1993 жылы «Шалқар» радиосында бастады. 1997 жылы «Хабар» телеарнасына жұмысқа қабылданып, 2015 жылға дейін еңбек етті. Осы жылдар ішінде тілшілік қызметтен бастап диктор, тележүргізуші, жаңалықтар қызметінің Бас редакторы, Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының директоры, «Білім және мәдениет» телеарнасы директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
Соңғы он жыл қоғаммен байланыс саласында қызмет атқарып келеді. Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі, ҚР Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының ресми өкілі және т.б. қызметтерді атқарды. Қазір С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Қоғаммен байланыс департаментінің директоры.
Зейін Амангелдіұлымен жолығып, журналистиканың қазіргі жай-күйі, кәсіби маманның өмірлік ұстанымдары, мамандықтың қыр-сыры туралы аз-кем сұхбаттасып едік.
– Ассалаумағалейкум, Зейін аға! Мен артыңыздан ерген, аға буынға қарап бой түзеген болашақ журналистпін. Сізбен ашық, өткір сұхбат жүргізгім келеді. Алтын уақытыңызды қиып, сұхбаттасуға келіскеніңіз үшін алғыс айтамын! Сізге қоятын алғашқы сауалым мынадай: теледидардан Сіз жаңалық жүргізген жылдары ел өміріндегі қандай оқиғалар жадыңызда сақталып қалды?
– Иә, расында да мен 1998-2004 жылдар аралығында жаңалықтарды жүргіздім. Ол шынында да еліміздің тәуелсіздік алып, жеке мемлекет ретінде қалыптасып жатқан жылдар еді. Сол уақытта көптеген маңызды оқиғалар болды. Әсіресе елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі, бас қалада өткен діндер құрылтайы, қазақ ғарышкерлерінің ғарышқа ұшу сияқты айтулы, тарихи оқиғалар көп. Күнде дерлік бір оқиға болып жататын еді ғой… Сол оқиғалардың дені жадымда сақталып қалды. Өйткені, ел өміріндегі маңызы ерекше болатын.
– Сіз үшін журналистика кәсіп пе, әлде өмірлік миссия ма?
– Меніңше екеуі бірігіп кеткен. Кәсіп деп қана айта алмайсың, өйткені оған өмірлік миссияң да араласады. Журналистика дегеніміз – бұл әрі кәсіп, әрі қасиетті миссия! Қоғамға қажетті, пайдалы, объективті ақпаратты дайындап, тарату арқылы оның дамуына ықпал етесің. Бір ғана маңызды ақпарат қаншама адамның сана-сезіміне, ой-өрісіне әсерін тигізеді. Былай қарасаң, журналист өзінің міндетін атқарушы ғана сияқты көрінеді. Алайда, азаматтық ұстаным, мемлекетшілдік сана барлық әріптестеріме қажет. Сол себептен журналистік кәсіп пен өмірлік ұстанымды бір-бірінен бөлек алып қарау мүмкін емес.
– Қазіргі кезде Сізді журналист ретінде не нәрсе алаңдатады?
– Алаңдататын мәселе көп. Соның ішінде мен үшін бірінші тұрғаны – журналистердің жасық, жалтақ болмауы. Жалтақтық журналиске тән қасиет емес! Бұл Кеңес заманынан бері келе жатқан кесел ғой. Ол тек журналистердің бойында ғана емес, қоғамда бар дерт. Мысалы, әр азаматты жеке тұлға ретінде алып қарайтын болсақ, жалтақтық қоғамның дамуын тежейді. Кеңес заманында айтса көнді, бұйырса жасады деген қағидат болды. Осындай жағымсыз, зиянды қасиет жаңа буынның бойында болмаса екен деп тілеймін! Өйткені, қоғам, мемлекет дамуы үшін азаматтардың өз ой-пікірін ашық, батыл айтып, жалтақтық пен жағымпаздықтан ада болғаны аса маңызды.
– Мемлекеттік арналарда көп жылдар қызмет еттіңіз. Ол жерде шығармашылық адамына шектеу көп пе, әлде мүмкіндік мол ма?
– Мемлекеттік арналарда екеуі де бар. Мысалы, ол жерде өзіңді өзің дәлелдеуге, шебер маман болып қалыптасуыңа, мектеп ретінде пайдалануыңа мүмкіндік беріледі. Өзіңнің өне-бойындағы қабілетіңді, талантыңды ашып көрсете аласың. Белгілі бір шектеу де бар. Енді ол редакциялық саясатқа байланысты. Мысалы, «Хабар» арнасы мемлекеттік саясатты насихаттайтын ақпараттық құрал. Оның өзіндік бір мақсаты бар. Соған байланысты шектеулер болуы мүмкін.
– Болашақта журналист боламын деген балаларға қандай кеңес бересіз?
– Бұл мамандықтағы ең басты нәрсе – тәжірибе. Оны ерте жастан бастау керек. Егер журналистиканы таңдап, алдыңа бір мақсат қойсаң, университет қабырғасында жүргенде сол мақсат-мұратыңа жетудің жолдарын іздестір. Оқуды бітіретін уақытты күтіп жүрме. Телеарналарға барып жұмыстарына араласып, тәжірибе жинап, тегін болса да жұмыс істе. Оның жас маманның қалыптасуына, тез білікті маман болып шығуына үлкен орасан бір пайдасы бар. Ертеңгі күні эфирге шыққанда өзіңе оңай болады. Студент шағыңда бірден журналистикаға екі білегіңді сыбанып кірісіп кете алатындай тәжірибе жинап алсаң, әлбетте ұтасың. Журналист боламын деген адам үздіксіз ізденумен, еңбекқорлықпен алға басып отырса ғана белгілі бір нәтижеге, табысқа жетеді.
– Зейін аға, мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс айтамын! Сізбен әңгімелесудің өзі маған ерекше әсер сыйлады. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Сұхбаттасқан Өтеген ӘДІЛСҰЛТАН,
Астана қаласы