
Штаб төрағасы медицина саласының қоғамдағы орнын ерекше атап өтіп, конституциялық құндылықтарды жүзеге асырудағы маңызды рөліне тоқталды.
«Конституция – ол адамның құқықтары, әлеуметтік сала, қоғамдағы қарым-қатынастарды, қауіпсіздікті, адамдарға берілетін кепілдектерді айқындайтын құжат. Адам денсаулығын сақтау – Конституцияға сәйкес басты құндылықтардың бірі. Сіздер соны жүзеге асыруға күнделікті үлес қосып жүрсіздер. Жаңа Конституциямыздың жобасында негізгі құндылықтар ретінде адами капитал, қоғамдағы қауіпсіздік, білім мен ғылым айқындалған. Біз жүйеден жеке тұлға адамға өтіп жатырмыз. Мемлекеттен толыққанды медициналық қорғау, сақтандыру, көмек алу Конституциямен бекітіліп отыр», — деді өз сөзінде Ерлан Каналимов.
Сондай-ақ оның айтуынша, жаңа Конституция жобасына сәйкес медициналық мамандардың құқықтарын қорғау ерекше мәртебеге ие болып отыр. Сонымен қатар медициналық технологиялардың дамуы да стратегиялық бағыт болып танылады.

«Медицина мамандарын негізсіз сотқа тарту және қудалау, оларға жалған жала жабуға тыйым салынған. Медицина және жалпы білім мен ғылымды дамыту айрықша назарға алынады. Яғни ол — медициналық зертханалардың, биотехнологиялар мен телемедицинаның дамуы. Бұның бәрі сіздердің емін-еркін ғылыммен айналысуларыңызға жол ашып отыр. Осы құндылықтардың барлығы жаңа Конституцияда үлкен әріппен жазылса, жастарымызға үлкен мүмкіндіктер ашылады», — деді Ерлан Каналимов.
Штаб басшысы 15 наурыздағы реферндумға шығарылып отырған Ата Заң жобасының әлеуметтік сала үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
«Конституциямызда басты құндылық адам және адами капитал деп отырсақ, болашағын ойлайтын мемлекет әлеуметтік саласын дамытады. Бұл саланың негізгі кепілдері – зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен қорғау мәселелері – барлығы Конституцияның негізіне үлкен әріппен жазылған», — деді ол.
Сондай-ақ штаб төрағасы көкейтесті мәслелердің бірі – экология тақырыбына да тоқталды.
«Экология – ол халқымыздың денсаулығы. Таза су мен ауа, қоғамдағы қауіпсіздік – ол медициналық профилактиканың маңызды алғышарты, адам денсаулығына тікелей әсер ететін құндылықтар. Ал олардың бәрі де жаңа Конституцияда жазылған. Ата заңымыз осы мәселердің бәрін шешуге бағыт-бағдар береді», — деді Ерлан Каналимов.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева өз сөзінде жаңа Конституция жобасының артықшылықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Қолданыстағы Конституциямыз 30 жыл бұрын жазылған. Ол кезде басқа заман, басқа экономика болды. Жаңа жоба қазіргі заманға бейімделіп, цифрлық қауіп-қатерлерді ескеріп жазылды. Осы мәселеге бірнеше рет көңіл аударылды. Ең бастысы – жалпы қағидаттар сақталды: еліміз унитарлы, шекарасы бүтін деген мызғымас ұстанымдар күшейтілді. Өңірлерді жедел дамыту үшін арнайы құқықтық режимдер енгізілді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл екені айқын көрсетілді. Мемлекеттің және білім берудің зайырлы сипаты бекітілді. Қос азаматтыққа тыйым салынды. Лауазымдық тұлғалар зиян келтірсе, мемлекет есебінен өтелетіні шегелеп жазылды», — деп атап өтті штаб мүшесі.

Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, бүкіл Қазақстанға танымал құрметті дәрігер Абай Байгенжин сөз алып, елорданың №3 көпбейінді ауруханасың бай тарихына, қаладағы денсаулық сақтау саласындағы жетекші рөліне тоқталды. Оның сөзінше, жаңа Конституция мемлекеттің институттардың заманға сай дамуына, халық өмірінің барлық салаларына, оның ішінде медицинаға айрықша серпін беріп, стратегиялық міндеттерді орындауға негіз болады.
Штаб мүшесі — «Тұран – Астана» университетінің ректоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты Гүлжамал Жапарова жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымның айрықша стратегиялық бағыт болып бекітілуін ерекше атап өтті.
Іс-шараның жалғасында аурухана қызметкерлері өз ойларын ортаға салып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Ұжым жетекшісі — №3 көпбейінді қалалық аурухана директоры Жұлдыз Данбаева Конституция жобасының артықшылықтарын қызметкерлерге жан-жақты әрі қолжетімді форматта түсіндірген штаб мүшелеріне зор алғысын айтты.



