Зейнетақы қалай есептеледі?
Жыл басындағы дерек бойынша Астана қаласында 153 мыңнан астам зейнеткер тұрып жатыр. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері артып, осы кезеңнен бастап жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдері 10 пайызға ұлғайды. Айта кететін нәрсе, зейнетақы мемлекеттік бюджеттен және жеке адамның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салған жарналарының жинақтарынан төленеді.
Еліміздегі зейнетақы жүйесінде өзгерістер ХХ ғасырдың 90-жылдарында басталды. Ел тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап Қазақстан Республикасы посткеңестік елдер арасында алғашқылардың бірі болып зейнетақы жүйесіне реформа жүргізген еді. Соның нәтижесінде 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап елде жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді. Оның басты мақсаты – экономиканың өсуін ескеретін, қаржы тұрақтылығын және зейнетақы жарнасының жеке сәйкестендіру есебі арқылы еңбек үлесіне теңесетін әділ жүйе құру.
Жаңа реформаға дейін қолданылған, Кеңес Одағынан мұраға қалған зейнетақы жүйесі толықтай ұрпақтар ынтымақтастығы қағидатына негізделген еді. Бұл жүйеде еңбекке қабілетті халық өз еңбегі арқылы қарт адамдарды қамтамасыз ететін. Алайда Кеңес Одағының ыдырауы және елдің экономикалық көрсеткішінің күрт нашарлауы зейнетақымен қамтамасыз етудің «ынтымақты» моделіне де кері әсерін тигізді. Жүйені реформалау нәтижесінде бүгінде Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі қызмет атқарады.
Зейнетақымен қамтамасыз етудің негізін құрайтын «базалық» және «ынтымақшыл» зейнетақы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады және зейнетақы жүйесіне қатысушылардың барлығына тағайындалады. Оның мөлшері еңбек өтіліне және жүйеге қатысу уақытына байланысты. Ынтымақты зейнетақы бұрынғы солидарлық зейнетақы жүйесіне қатысқан азаматтарға ғана төленеді. Яғни бірінші деңгей (базалық) – зейнетақы жасына жеткен барлық азаматқа тағайындалатын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (ерлер – 63 жаста, әйелдер 2022 жылы – 60,5 жаста (әр жыл сайын 6 айға 10 жыл ішінде 63 жасқа дейін кезең-кезеңмен өседі). Қарт адамдардың табысының өсуіне әкелетін және кедейшіліктң алдын алуда басты құрал болған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 2005 жылдан енгізілді. Бұл бұрын барлығына бірдей мөлшерде төленсе, енді 2018 жылдан бастап оның мөлшері әр алушыға жеке зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты анықталады. Базалық зейнетақының мөлшері күнкөрістің төменгі деңгейі көлеміне байланысты болғандықтан, жыл сайын инфляция деңгейінде артады.
2013 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң қабылданды. Бұл заң басқа реформалармен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құруды көздеді, бұл тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік қажеттілікпен де байланысты. Қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесінде зейнетақы жарналарының үш түрі бар. Міндетті зейнетақы жарналары – бұл ай сайынғы табысыңыздан ұсталатын және зейнетақы шотыңызға аударылатын ай сайынғы табысыңыздың 10 пайызы. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары еңбек жағдайы зиянды жұмыспен айналысатын қызметкерлерге арналған. Жұмыс беруші қызметкерлердің табысының 5 пайызын олардың зейнетақы шотына аударады, яғни бұл жарналар қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, бірақ жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленеді. Ерікті зейнетақы жарналары – өз ықтиярыңыз бойынша зейнетақы капиталыңызды толтырудың қосымша тәсілі. Ал егер сіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жеке кәсіпкер болсаңыз, онда жарналарды өзіңіз төлейсіз. Жеке түрде табыстың 10 пайызы мөлшерінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Зейнетақы жарналарының тағы бір түрі – ерікті жинақтаушы жарналар. Оларды азаматтар өз еркімен төлейді және болашақта базалық зейнетақыға жақсы қосымша бола алады.
1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 айдан кем емес еңбек өтілі бар тұлғалар ынтымақшыл зейнетақы алуға құқылы. Олардың мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарда жасалған еңбек өтілінің санына және зейнет алдындағы табыс деңгейіне байланысты (еңбек өтілі мен табыс неғұрлым жоғары болса, ынтымақшыл зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары).
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемін толық көлемде есептеу барысында орташа айлық кірістің 60 пайызы есебінен жүргізіледі және 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл ішіндегі орташа айлық кіріс негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Алдағы 3 жылда 1963-1966 жылы туған ерлер мен 1965-1967 жылы туған әйелдер зейнетке шығады. Сол себепті қазір – болашақ зейнетақы мөлшерін қадағалап, маңызды мүмкіндіктерді жіберіп алмаудың соңғы кезеңі. Ол үшін не істеу керек?
* Міндетті зейнетақы жарналарын тексеріңіз. 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі дәл осы жарналар арқылы есептеледі.
* Еңбек кітапшаңызды мұқият тексеріңіз. Ол бойынша 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі есептеледі. Сол себепті мына мәліметтерге назар аударыңыз. Ең бастысы, барлық жұмыс кезеңі көрсетіліп, жазбалар анық оқылады ма? Мөрлер мен қолтаңбалар қанық басылып, анық жазылған ба? Қателер болса немесе күмән туындаса, архив анықтамалары арқылы растау қажет.
* Барлық құжаттардың: жеке куәлік, диплом, балалардың туу туралы куәліктері (әйелдер үшін), әскери билет (ер адамдар үшін) дұрыс және қатесіз жазылғанына көз жеткізіңіз.
Айгүл УАЙС



