Ел тынысыСаясат

Заң үстемдігі басты орында

Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» мемлекеттік мекемесінде конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов қатысып, конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызына жан-жақты тоқталды.

Спикер сөзінде реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдағы әділеттілікті арттыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа конституциялық қағидаттар халықаралық стандарттарға негізделген.

– Конституцияда жазылған барлық принциптер ең алдымен адам құқығын басты назарға алып жасалған. Оның ішінде халықаралық конвенциялардың, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы құжаттардың, еуропалық конвенциялардың негізгі қағидаттары көрініс тапқан. Бұл – Қазақстанның халықаралық құқықтық кеңістіктегі орнының нығаюы, – деді депутат.

Сонымен қатар, ол Конституция преамбуласында Ұлы даланың мыңжылдық тарихы, дала демократиясы мен дала құқығының дәстүрлері айқын көрініс тапқанын атап өтті. «Бұл – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің тарихи негіздерін айқындайтын маңызды тұжырымдар» деді ол.

Спикердің айтуынша, қазіргі реформалар «кешенді саяси реформа» ретінде жүзеге асырылып жатыр. Жеке, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтардың барлығы өз орнын тапқан. Әсіресе, жеке тұлғалардың құқықтары саласында жеке деректерді қорғау мәселесіне ерекше мән берілген. «Қазіргі заманда жеке ақпараттың қорғалуы аса маңызды. Сондықтан Конституцияда жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке деректерді қорғау принциптері нақты айқындалды. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігі арта түседі» деді депутат.

Депутат еңбек құқығына да ерекше тоқталды. «Жұмысшылардың қауіпсіздігі, құқықтарының қорғалуы, еңбек жағдайының жақсаруы – Конституцияда бекітілген маңызды бағыттардың бірі. Принциптер Конституцияда жазылады, ал кейін сол негізде заңдар қабылданып, нақты тетіктер іске асады. Басты мақсат – қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғау. Құқықтық мемлекетте заң үстемдігі бірінші орында тұрады, ал заң үстемдігі дегеніміз – азаматтардың құқықтарының қорғалуы» деп түйіндеді Марат Башимов.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, реформалардың мазмұны мен маңызы кеңінен түсіндірілді.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button