Басты ақпаратҚоғам

Ысырапсыз той: тәжірибе мен тәлім

«Той – халықтың қазынасы» дейтін қазақ бара-бара той өткізуді бәсекеге айналдырып алғанын білмей қалды. Әу баста ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, халықтың батасын алып, қуанышын елмен бөлісу мақсатында өтетін тойлар бүгінде тым көрсеқызарлық, өзгеден оймен емес, тоймен озуды көздеу, жұрттың сөзіне қалмау тұрғысынан тым ысырапшылдыққа ұласып барады.

«Жаназа, өлім-жітім дастар­қанына шектеу қойылды, енді тойды кім қалай жасаса да өзі біледі, қиналса да өз шаруасы» дейтіндер бар. Бірақ шағын мемлекет – отбасынан үлкен мемлекетіміз құралады, елдің әлеуметтік-экономикалық, мемлекеттегі кедейшілік деңгейінің өсіміне бастайтын теріс ахуал да осындай факторлардан тұрады.

Қай өңірде қандай шығын?

Былтыр жазда қайнысын үйлендірген алматылық Айман Бектенова тойға бас-аяғы 7 млн теңге шығын кеткенін айтады. Сол үшін азғантай жинақ ақшаның үстіне қымбат көлігін сатқан. Мейрамханадағы құдалықта адам басына 10 мың теңгеге дастарқан жайылады. Одан соң түсіп жатқан келіннің ата-анасына берілетін киіті бар, оған міндетті түрде тон, гауһар тасты сырға-сақинасымен алтын беріледі. Құдалықта мейрамханадан бұрын үйге әкеліп, есік көрсетеді. Сондықтан үйде де дастарқан жайып дайындаласың. Ағарған, айран, қымыз міндетті түрде қоясың. Есіктің алдына баннер жасап, ауланы безендіресің. Оның өзіне 50 мыңнан аса ақша кеткен.

– Үйлену тойына 350 адам шақырып, адам басына жеңілдікпен 15 мыңдық мейрамхана таптық. Мейрамхана ішіндегі фотоаймақ, басқа безендіру бұл сомаға кірмейді. Мәселен, жастардың атын жазу 50 мың теңге болды, сосын музыка әуенімен бірге жарқ-жұрқ етіп жанатын шамдар үшін 250 мың теңге бердік. Аппарат жалдау құны – 100 мың теңге. Екі жастың киімі, асаба, ансамбль шығыны бар. Этноансамбльдің құдаларды және екі жасты алып кіруі 500 мың теңге тұрады. Сосын оларды екі жағынан алып шығатын бишілерге 250 мыңдай бересің. Таныстар арқылы жергілікті әншілерді тойға шақыру 150 мың теңге, ал танымал әншілер 500 мыңнан бастап, 1,2 млн болып кете береді. Қайрат Әділгерей сияқты әртістердің асабалық қызметі – 2 млн теңге, таныстар арқылы Қайрат Нұртас та 2 млн теңгеге келді. Сосын тойға ойындарға сыйлықтар алынады. Қазір теледидар сияқты ірі сыйлықтар ойнатылады, одан төменге біз домбыра, картина, спорт құралдарын алдық. Барлығы 300 мың теңге сыйлыққа кетті. Қазір екі жасқа саяхатқа деп жолдама ­береді, оны ата-­аналары, достары сыйлап жатады. Гүл бар алатын келінге, 2 анаға. Вальс билеуге жастарға «золушка» эффект қосып тұратындар құны 100 мыңнан жоғары. Той иелерінің әйелдерін бет әрлеуіне, шаш сәндеуіне 50 мыңға дейін шығын кетеді. Кейбір той иелері киімін бірдей етіп тіктіреді, біз прокатқа ала салдық, ол 30 мың теңге әр адамға. Қыз жолдас, жігіт жолдасқа сыйлық алынады. «Love story» видеосы бар, оған камера, кран, фотограф, видеограф ақшасы 300 мыңнан жоғары. Әр үстелге «Тойбастарға» әр сыйлықты 3000 теңгеден көтерме саудамен алдық. Оған да біраз ақша кетті. Екі жастың әке-шешесі, оның азғантай тумаластарымен алдын ала «ақыл шай» немесе «тәтті шай» деп шақырып, танысу болады, сырға салардың алдында екі жақ кафеде ақылдасады. Келіннің үйіне апаратын қоржынның біреуі 7 мыңнан басталады, ішін толтыратыны тағы бар. Келіннің астына жаятын көрпешесі 5-12 мың теңге арасы. Сырға салып апаратын сәукеле сияқты қобдиша өз қолыммен жасағанның өзінде 30-40 мыңға шықты. Одан бөлек, «ағайын тоғыз», «нағашы тоғыз», «дос тоғыз» деген жоралғы да бар екен, әрқайсысына 9 заттан салады. Жігіттің қалтасына ақша, әшекей саласың. «Май құяр» деп екі жеңгесіне беретін ақша бар, қызды көрсетті деп тағы бөлек беріледі, – дейді ол.

Осы шығынның орнына көлік немесе үй алып, тойды шағын 100 адамға ғана өткізу туралы екі жасқа ақыл-кеңес айтылғанда, жігіт «лайықты түрде үйленіп, елге көрсететін үлкен той өткенін қалаймын» деп қарсы болған. Ата-енесі де бәрін шақырған жөн депті. Айманның айтуынша, асабаға да 100 адамнан асқан тойды басқару қиын, аз болса той қызықты өтер еді.

Маңғыстаулық Марал Байшахан жақында ұлын үйлендірген бір танысы 12 млн теңгеге шығынданғанын жеткізді. Бұл – орташа тойдың бағасы. Жағдайы тіпті күштілер одан да көп қаржы шығарады. Осы өңірден Айнагүл Бақбергенова да ұлын үйлендіріп, біраз шығынданғанын айтады.

– Бәсеке деген қатты бізде. Одан бөлек, үлкендердің алдын кесе алмаймыз, олар алыс-жақын туыстың бәрін шақыр­тады. Тұңғышымыз болған соң бәрін тыңдадық. Былтыр өткен тойымызға 5 млн теңгедей кетті. Көлігімізді саттық. Мейрамхана шығыны өз-өзін жапты, яғни тойға келген қонақтардың әкелген ақшасымен жабылды. Ол 2 млн теңге болды. Келін бала әлі студент, олардың оқуының ақшасы, алынған несиелер бар, сондықтан тойдан кейін қиналып қалғанымыз рас. Келесі балам үйленгенде осыдан сабақ алып, тек шағын етіп өткіземіз. Меніңше, тойды тек жастарға ғана өткізіп беру керек, – дейді ол.

Осы жағынан салт-дәстүр аса сақталмайтын солтүстік өңірлерде шығын аздау. Елордалық Гүлжан Құлжанованың айтуынша, дегенмен кей адамдар «жалғыз балам үйленді» деп соңғы ақшасына дейін тойға шашады.

– Оңтүстік жақтағылар сияқ­ты 500 адамға дейін шақырту бізде жоқ-ау, оны ұстап, басқаратын асаба да жоқ шығар. Несие алып жасау дұрыс емес, балаларына соны артынан төлеткізіп, жаңа өмірін қарызбен бастауға мәжбүр етеді, ажырасу да содан болады. Одан да үй, саяхатқа жолдама берсін. Тойдың мәнісін өзгерту керек. Бәрі сол бір сценарий, – дейді ол.

Үлкен тойға тыйым керек

Бұл туралы белгілі журна­лист Сәуле Әбілдаханқызы «Тойға тыйым салмай, даму жоқ» деп жазба жариялап, несиеге той жасайтындарды сынады. «Бұ қазаққа 100 адамнан артыққа той жасауға заң жүзінде тыйым салмай, даму жоқ. Надандық қорасына осы кіргені кірген. Несие балшығына осы батқаны батқан. Дарақылық боғына осы сүңгігені сүңгіген» деп жазды журналист.

– Той жасауға, әрине, тыйым сала алмайсың. Себебі ол – әр адамның өміріндегі басты қуанышы. Бірақ бізде ысырапшылдыққа апарып отырғаны – ең бірінші ол дастарқан. Тамақ және уақыт ысырап. Дастарқанға жайнатып әкеліп қойған қанша тамақ босқа ысырап болып қалады. Ал қазақтың дәстүрлі әдебінде тамақ ешқашан ысырап болмаған. Тіпті тұзды, сүтті төкпеген. Тамақ бүгінгідей аста-төк болып босқа қалмаған. Соны шақтап, азайтуға болады. Сосын уақытын азайту керек, яғни бір тойда арасына биден үзіліс беріп екі дастарқан жасау дегеннің қажеті жоқ, тойды созғаннан кейін артық шығын да көп болады. Бізде сосын тойда неше түрлі ойын, артық сөз адамды шаршатады. Сөйтіп тойлар түнгі 00:00, 02:00-ге дейін созылады. Сондықтан уақытты үнемдеп, тамақты шектеу керек деп есептеймін, – дейді белгілі этнограф, профессор Тәттігүл Қартаева.

Жақында шаңырақ көтерген жас отбасы Кенжебек Зұлқарнаев пен Айдана Хожанова 750 мың теңгеге той жасап, елді таңғалдырды. Екеуі қыз бен жігіт болып жүргенде «үлкен той жасамаймыз» деп келіскен. Алайда екеуінің де ата-анасы «елден ұят» деп, бастапқыда тойға барудан бас тартыпты. Дегенмен артынан келісімін берген.

«Ұзату тойын жасағымыз келмеді. Себебі босқа кететін шығын деп есептейміз. То­йымыз да үйде болды. 40-50 адам шақырдық. Үнемделген ақшаны саяхатқа жұмсадық. Ипотеканың алғашқы жарнасын көбірек салдық» дейді олар. Міне, осындай жастар бәріне үлгі болса дейсің.

Әрине, біздің қоғамда тойға қатысты ешқандай тыйым сала алмайсың. Бірақ белгілі бір заң немесе шектеу болса, ағайыннан ұялып қарызданып той өткізетіндер заңды желеу етіп, шығынын азайтуы мүмкін. Әйтпесе жоғарыдағы той иелері тізіп берген жөнді-жөнсіз жоралғылармен қазақтың қарыз қамытынан құтылар уақыты әлі келе қоймас.

Райхан РАХМЕТОВА 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button