Ықпалды Парламент – Әділетті Қазақстанның кепілі

Бұған дейінгі мақаламызда Президент реформаларының маңызына кеңінен тоқталып, орталықсыздандыруды өңірлерді дамытуға жол ашатын кілт ретінде атаған едік. Шын мәнінде, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді жаңғырту бастамасы шамадан тыс орталықтандырылған басқару үлгісін біртіндеп жойып, қоғамның пікірі мен мүддесі ескерілетін барынша теңгерімді бәсекелес жүйеге көшуді көздейді.
Осы орайда Мемлекет басшысының алдағы уақытта бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысы уақытылы әрі орынды жасалған қадам екенін атап өткен жөн. Менің ойымша, бұл ұсыныс өкілді институттарды күшейтуге, биліктің жеке тұлғалардың қолына шоғырлану қаупін азайтуға және саяси плюрализм кеңістігін кеңейтуге бағытталған жалпы жаңғырту трендімен үндеседі.
СИНГУЛЯР НҮКТЕ
Биыл Қазақстан Парламентіне 30 жыл толады: 1996 жылғы қаңтарда жаңа сипаттағы биліктің заң шығарушы тармағының бірінші шақырылымдағы алғашқы сессиясы өтті. Осы жылдар ішінде ұзақ жол артта қалып, өкілді демократияның заманауи институты қалыптасты. Бұл меже жай мерейтой ғана емес. Бұл – әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне сәйкес келген тарихтың маңызды кезеңі.
Кез келген халықтың немесе елдің дамуындағы шешуші кезеңде бетбұрыс факторы болады. Дәл сол фактор ұлттың болашақ тағдырына ықпал ететін елеулі өзгерістерге жол ашады.
Қазақстан үшін мұндай кезең ретінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың егемендік жолында қазақ руларының басын біріктіру туралы шешімін айтуға болады. Ал қазір ондай сәт ретінде отыз жылдан астам уақыт бойы еліміздің даму бағытын айқындап келген президенттік басқару формасын таңдауды атап өтуге толық негіз бар.
Бетбұрыс факторы деп белгілі бір тарихи мәні бар уақыт кезеңін айтып отырған жоқпыз. Ол – сингуляр нүкте, яғни кейін ұлттың қалыпты өмір салтын өзгертетін негізгі трансформация сәті.
Бұл қоғамда эмоция серпілісін тудыратын тосыннан болған оқиға немесе биліктің түптің түбінде жаңа өмір шындығын қалыптастыра отырып, басқа салаларда айтарлықтай шешуші өзгерістерге алып келетін әрекеттер тізбегін іске қосатын саналы шешімі болуы мүмкін. Әрине, жүйелі және бәрін қамтитын сипатқа ие бұл өзгерістер әрдайым мемлекеттің жалпы даму логикасынан туындайды.
Президент реформаларының траекториясын ескерсек, тарихымыздың қазіргі сәтінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пропорционалды жүйе негізінде қалыптасатын бір палаталы Парламентті – Әділетті Қазақстан құру жолындағы шешуші кезең ретінде мемлекеттік билік жүйесіне енгізу туралы бастамасы келесі бетбұрыс факторы болады деп топшылауға толық негіз бар.
Мемлекет басшысының жуырда Turkistan газетіне берген сұхбатында бұл бастаманы тағдыршешті қадам деп атауы кездейсоқтық емес.
Жалпы, бұл парламенттік реформа – 2019 жылы басталып, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозицияны енгізу арқылы саяси бәсекелестікті институттандыра отырып, Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған саяси трансформацияның заңды жалғасы.
Сондықтан Мемлекет басшысы жоғары өкілді биліктің бұл реформасы алдыңғы өзгерістердің, соның ішінде президенттік билік реформаларының қисынды жалғасы болатынын атап өтті.
Осы тұрғыдан келгенде, бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсыныс – мемлекеттік басқаруды оңтайландырудың кезекті шарасы ғана емес, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының негізіндегі ауқымды жаңғырту стратегиясының маңызды бөлігі.
Модернизациялық өзгерістер логикасында Парламентке қатысты айтылған «ықпалды» анықтауышы мемлекеттік билік жүйесіндегі жаңа теңгерімнің пайда болатынын білдіреді. Ол бәсекелес партиялардың нақты саяси күші болатын тиімді тежеме мен тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз етпек. Бұл аталған терминді нақты мазмұнмен толықтыра түседі.
Осы орайда бір палаталы Парламент қалыптастыру Сенатты жай ғана қысқартып, Мәжілісті қазіргі форматында сақтап қалу дегенді білдірмейді. Бұл ретте палаталарды біріктіру мен өкілді биліктің мүлдем бөлек үлгісін, яғни формалды және формалды емес күштердің шамадан тыс әсер етуіне жол бермейтін саяси тепе-теңдіктің жаңа жүйесін қалыптастыру туралы сөз болып отыр.
Өңірлерде партиялық және электоралдық қолдауға ие болған, заң шығару бастамасының ресурстары жинақталған және дербес мәслихаттарға арқа сүйейтін біріккен жаңа Парламент атқарушы биліктің ықпалды тепе-теңдігіне ғана емес, партиялық құрылысты жандандырудың және қоғамның құбылмалы сұраныстарына бейімделе білетін саяси жүйе тұрақтылығының негізгі факторына айналады.
Жоғары өкілді биліктің жаңа форматының конституциялық жолмен бекітілуі саяси жүйені трансформациялаудың негізгі кезеңін бөліп көрсететін өзіндік символикалық мәнге ие шекара болмақ.
Бұл «техникалық» реформаларды, жалпы, транзиттік кезеңді аяқтаудың және Әділетті Қазақстанның барынша ашық, бәсекелі, теңгерімді билік құрылымына қарай жасалған шешуші бетбұрыстың маңызды саяси белгісі болары анық.
АЛҒА ҚАДАМ ЖАСАУ ӨТКЕНГЕ ОРАЛУ МА?
Бір палаталы Парламент құру 90-жылдардың басындағы Жоғарғы Кеңестің дәстүрлеріне қайта оралу деген сөз бе?
Бұл сұраққа жауап беру және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үштігі аясында Президент бастамасының қисынын түсіну үшін Қазақстандағы өкілді билік эволюциясына кеңінен зер салу қажет.
Біз бұл жерде тарихқа тереңнен үңілмейміз. Өйткені Парламенттің Қазақ хандығы кезіндегі құрылтаймен тікелей сабақтастығын іздеу англо-саксондық витенагемотты Ұлыбритания Парламентінің прототипі ретінде қарастыру сияқты мардымды нәтиже бере қоймас.
Жалпы, Ұлыбританияда ғана емес, бүкіл әлемде қазіргі түсініктегі парламентаризмнің алғашқы моделі I Эдуард Плантагенеттің тұрақты түрде шақырылатын Парламенті болды. Ол тарихқа Парламент үлгісі ретінде еніп, XIV ғасырда III Эдуард кезінде канондық түрде бекітілген екі палаталы модельдің бастауына айналды.
Қазіргі Қазақстанға келетін болсақ, мұнда өкілді билік КСРО құрамында болған кезден бастау алады. Онда тарихи тұрғыдан әлемдік қалыптан айтарлықтай өзгеше өзіндік тәжірибе мен дәстүрлер қалыптасты.
Билікті бөлу, парламентаризм және бәсекеге қабілетті демократия идеялары Ресей империясы халқының көпшілігіне Қазан төңкерісіне дейін де мүлдем жат болды. Ал одан кейін бұл ұғымдар тіпті дұшпандық дискурстың нышаны ретінде қабылданды.
Сондықтан халыққа түсініктісі және жақыны халықтық биліктің алғашқы нысаны саналған Кеңестер болды. Олар жаппай ереуілдер кезінде жұмысшылардың өз бетінше ұйымдасуының, содан кейін 1905 жылғы қарулы көтерілістің стихиялық формасы болғаны белгілі.
Кеңестер сол кездегі билікке қарсы халық наразылығының агрегаторы ретінде өз күшін көрсетті және 1917 жылы бүлікші бұқараны біріктіруде басты рөл атқарды. Қазан төңкерісінен кейін олар «пролетариат диктатурасы мен кедей шаруалардың» бұқаралық органдарына айналды.
Алайда шаруалар әлемінің қауымдасып, өз бетінше топтасуының бұл ежелгі моделі таптық жауға қарсы күресте шоғырландыру құралы ретінде өзін жақсы көрсеткенімен, мемлекетті жасампаздықпен басқаруға көшкен кезде бәсекелестікке төтеп бере алмады.
Сондықтан Кеңестер билікті басып алуға ықпал еткенімен, қолында нақты ұстап тұра алмады және жақсы ұйымдастырылған партиялық бюрократия оны формалды қызмет етуге қарай ығыстырып тастады. Шындығында, Кеңестер билігі нышандық симулякрға, өздері атағандай, елдің саяси витринасына айналды.
Кеңестер орталықтан басқаруға институционалдық тұрғыдан қабілетсіз болғандықтан осындай жағдай болды. Жергілікті Кеңестер электораты аумақтық округтерге бөлінді, ал елдегі ең жоғары билік органы деп жарияланған, «жалпыға бірдей, тең және тікелей дауыс беру арқылы сайланған» КСРО Жоғарғы Кеңесінің іс жүзінде нақты электораты да болмады және коммунистік партияның билік ресурсына сүйенуге мәжбүр болды. Ұлттық республикаларда да осы жүйе көшіріліп, қолдан жасалды. Осылайша, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ерекше есте қалған 1937 жылғы Конституция негізінде қалыптасты.
Жүйе жетпіс жылға жуық уақыттан кейін, КСРО-ның дәурені өтіп, ыдырау алдында тұрған сәтте ғана өзгере бастады. Ғасырдың басындағыдай, 80-жылдардың екінші жартысында Одақта екі компоненттің жарылғыш қоспасының концентрациясы жинақталды: төмендегілердің бұрынғыдай өмір сүргісі келмеуі және жоғарыдағылардың өзгеріске әрі баршаға ортақ өмір сүру ережелерін ұсынуға қабілетсіз болуы. Орталық биліктің тұрақсыздығынан қалыптасқан қолайлы ортада тағы да бас көтерген Кеңестердің ұлттық республикаларда қайта жандануы осы сын-қатерге берілген жауап болды.
1990 жылы наурызда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне алғашқы балама сайлау өтті. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы романтикалық кезең десек, артық бола қоймас. XII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны, Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы сияқты маңызды құжаттарды қабылдап, соңында тұңғыш Президенттікке кандидатураны ұсынды.
Алайда халықтың өмірін жақсартуға деген жалпы ұмтылысқа қарамастан, бұрынғы Кеңестерге тән барлық ерекшелікті сақтаған Жоғарғы Кеңес ескі ережелер жұмыс істеуден қалып, жаңалары әлі де пайда болу сатысында тұрған белгісіздік жағдайында мемлекеттің қалыптасуымен тікелей байланысты қатаң, бірақ аса маңызды реформаларды еріксіз тежеді.
90-жылдардың басындағы жағдайды еске алайық.
Қоғамның көңіл күйі өзгерістерден рухтанған ерік-жігер мен болашағы бұлыңғыр бейберекетсіздік салдарынан туындаған үрей араласқан жағдайда еді. Қол жеткен бостандық пен ұлттық жаңғырудан туған эйфория өмір сүру деңгейінің төмендеуімен, ертеңгі күнге деген сенімсіздікпен және әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен басылып отырды. Кешегі социализм кезінде салыстырмалы түрде қанағаттанарлық өмір сүрген, енді еркін нарыққа тап болған жандарға жаңа өмір шындығының бұл тұсын қабылдау қиынға соқты.
Елде, ең алдымен, өз мүмкіндігін әлдеқашан тауысқан социалистік басқару жүйесінің құрдымға кетуімен байланысты ауыр экономикалық дағдарыс орын алды. Ол нарықтық механизмдерге негізделген мүлдем жаңа жүйені нөлден бастап құруды талап етті. Сол кезде жарияланған, бірақ іс жүзінде бір басына жоғарғы билік форматы, екінші басына экономикалық даму формуласы қойылған тарихтың тұрақсыз таразысында тербеліп тұрған, жаңа ғана қол жеткен Тәуелсіздіктің болашағы соған байланысты болды.
Бұл бифуркация нүктесі болды. Оны еңсеру Қазақстанның жүретін бағытын таңдауымен ғана емес, оның дербес субъект ретінде өмір сүруімен де байланысты еді. Өкілді және атқарушы билік арасындағы дағдарысқа әкелген Жоғарғы Кеңес пен тұңғыш Президент арасындағы қарама-қайшылықты түсінудің кілті дәл осы нүктеде болды.
Жоғарғы Кеңес кең өкілеттікке ие болған 1993 жылғы Конституция Президентке Мемлекет басшысының көпшілікке беймәлім, бірақ өмірлік маңызы бар реформаларды ілгерілету функцияларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Сонымен бірге Жоғарғы Кеңес ұзақмерзімді мемлекеттік мүдделерге жауап беретін нәтижелі жалпыұлттық даму күн тәртібін тұжырымдай алмады. Өйткені олар көпшілік үшін түсініксіз және қорқынышты көрінген нарықтық қатынастарды қабылдамаған өз сайлаушыларына қарсы келе алмады.
Қос билік салдарынан туындаған қиын жағдайда, реформалар кейінге қалған әр ай жоғалған онжылдыққа барабар саналған кезде, Қазақстан бұғанасы бекімеген мемлекеттің басқарылуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге және оны дағдарыстан шығаруға қабілетті жүйеге аса мұқтаж болды.
Нәтижесінде, Жоғарғы Кеңестің екі шақырылымдағы депутаттары мерзімінен бұрын отставкаға кеткені белгілі: XII шақырылым өзін-өзі тарату арқылы, XIII және соңғы шақырылым Конституциялық соттың шешімімен заңсыз деп танылды. Өзі үшін «сәтсіз» болған осы бір реттік санмен Жоғарғы Кеңес ескірген форма ретінде өмір сүруін тоқтатты.
Осы ретте айта кетер жайт, мен 1994 жылы XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес аппаратында жұмыс істей жүріп, Ескі алаң мен Жаңасының қарама-қайшылығына куә болдым. Сол кезде шекарасыз, ережесіз еркіндіктің лебі баршаны шаттыққа бөлегені жас жігіт болған мені кәдімгідей таңғалдырғаны әлі есімде. Жоғарғы Кеңестің темекі түтіні сіңген кабинеттерінде буырқанған осы романтикалық рух Кеңестің бас шұлғуынан кейін, расымен, таң-тамаша болдым. Әрине, әркім ескегін өз бағытына қарай ескен қайықтың жағаға жетер-жетпесі күмәнді болғаны анық.
Қиынға соққан сайлауалды күрестегі жеке жеңістерімен жігерленген депутаттар билікке партия тәртібімен де, қалыптасқан құқықтық санамен де тежеп тұра алмайтын, бақылаусыз эмоциялық бастама әкелді. Бұл, жалпы алғанда, өтпелі кезеңдегі қоғамдарға тән құбылыс еді. Атқарушы билікпен нәтижесіз бәсекелестік көбіне заң шығару процесінің негізгі мәніне айналды. Ал танымал емес шешімдерді айналып өтуге тырысу дамуға бағытталған ұзақмерзімді саясатты жүргізуге кедергі келтірді.
Десе де, бұл тың саяси мәдениет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам еді. 1994 жылы жаңартылған заңнама бойынша сайланған және кәсіби негізде жұмыс істеген XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес тұрақты жұмыс істейтін Парламенттің алғашқы тәжірибесі болды.
Алайда билікті бөлу дәстүрі мен саяси үстемдік талаптарынан қорғайтын құқықтық тетіктер жоқ жағдайда депутаттардың популистік ниеттері мемлекеттілік қалыптасып келе жатқан маңызды кезеңде билік тармақтары арасындағы сындарлы тепе-теңдіктің бұзылуына әкелді.
Сондықтан табысты даму үшін Қазақстанға 1995 жылғы Конституцияда негізі қаланған, билік функционалының аражігін нақты ажыратуға, күшті президенттік институтқа және тұрақты кәсіби Парламентке негізделген жаңа конституциялық архитектура қажет болғаны сөзсіз.
ТЕҢГЕРІМ ФОРМУЛАСЫ
Жаңа Конституцияда қос палаталы Парламенттің бекітілуі асығыс шешім қабылдаудан қорғайтын мемлекеттік басқару жүйесін тұрақтандырудың маңызды тетігі болды. Бірінші шақырылымдағы Парламентке сайлау 1995 жылғы желтоқсанда өткені белгілі.
Екі палаталы модель тежемелік және тепе-теңдік жүйесі арқылы теңгерімділікті қамтамасыз етіп, билік дағдарысы мәселесін күн тәртібінен алып тастады. Сондай-ақ ұлттық және өңірлік мүдделер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етті. Сенат мемлекеттік бағыттың стратегиялық тұрақтылығына және орталықта өңірлер өкілдерінің болуына, Мәжіліс – саяси бәсекелестік пен қоғамның пікіріне ден қоюға жағдай жасады. Нәтижесінде, теңгерімді қос палаталы Парламент саяси тұрақтылыққа, қоғамдық диалог пен келісімге тірек бола отырып, елдің 1990 жылдардағы дағдарыстан шығуына қажетті құқықтық негізді қалыптастырды.
Отыз жыл ішінде Парламентте пысықталып, 3 400-ден астам заң қабылданды. Олар қоғам өмірінің экономика және қаржы, сот және банк жүйесі, әлеуметтік сала, ішкі саясат, өңірлерді дамыту, ғылым мен мәдениет, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты барлық негізгі секторды қамтыды. Сыртқы байланыстарды нығайту бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілді: 1 400-ден астам ратификацияланған халықаралық келісім Қазақстанның әлемдік құқықтық және экономикалық жүйеге интеграциялануын қамтамасыз етіп, оның жауапты әрі қауқарлы серіктес ретіндегі мәртебесін бекіте түсті.
Өткен 30 жылда Парламент өзін басқару жүйесінің тұрақтылығын, алдағы бағыт-бағдардың болжамын және қолданыстағы тәртіптің сақталуын қамтамасыз ете алатын біріктіруші күш ретінде көрсете білді.
Парламенттің жоғары палатасы мемлекеттік билік жүйесіндегі тұрақтандырушы институт рөлін атқарды. Осы тұрғыдан алғанда, Сенат маңызды үш міндетті шешуге баса мән берді.
Бірінші – саяси жүйенің эволюциялық жолмен дамуына кепіл болу. Тәуелсіздік қалыптасып келе жатқан қиын-қыстау жылдарда, экономикалық модель күрт құбылып, институттар түбегейлі өзгеріске ұшыраған кезеңде Сенат бағдарды берік ұстанған, демократия, нарықтық экономика және құқықтық мемлекет жолынан ауытқуға жол бермеген негізгі күштердің бірі болды.
Екінші – заң шығару процесінің үздіксіз жүргізілуі және оның қарқынды реформалар жағдайындағы сапасы. Мәжіліс таратылған немесе қайта сайланған кезеңдерде Сенат Парламенттің функцияларын өзіне алып, кейінге қалдыруға болмайтын заңдарды қабылдады. Мысалы, 2007 жылдың жазында, Мәжіліс болмаған кезеңде Сенат мемлекеттің кідіріссіз жұмысын қамтамасыз ете отырып, ондаған маңызды заң қабылдады. 2023 жылдың көктемінде, Мәжіліске кезектен тыс сайлау өткізу кезінде де дәл солай болды.
Үшінші – өңірлер палатасының рөлі. Сенат құрамына барлық облыстың, Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері бірдей енген. Бұл елдегі жағдайдың «орташа температурасын» ескеріп қана қоймай, ауылдардың, аудандардың, шекара маңындағы елді мекендердің, индустриялық орталықтардың заң шығару процесіндегі және республикалық бюджетті қалыптастырудағы нақты сұраныстарын ескеруге мүмкіндік береді.
Сол арқылы өңірлердің мүдделері ескерілетін тұтас инфрақұрылым қалыптасты: Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес, «Өңір» депутаттық тобы, сенаторлардың өңірлерге тұрақты сапарлары, халықпен және жергілікті депутаттармен кездесулер. Осы механизмдер арқылы Сенат заңдардың орындалуын бақылаумен ғана шектелген жоқ. Ол өңірлердегі азаматтарды алаңдатқан мәселелерге назар аударып, олардың үніне құлақ асты. Кейін оның бәрін заң шығару қызметінде ескерді және анағұрлым теңгерімді өңірлік саясат қалыптастыруға ықпал етті.
Өңірлермен қатар жоғары палатада Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де бар. ҚХА квотасы арқылы Сенат этникалық топтар арасындағы келісім мәселелерін бақылауда ұстап келеді.
Әрине, жоғары палатаның қызметі үш негізгі бағытпен шектелмейді. Осы жылдар ішінде Сенат мемлекеттегі өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар қалыптастыратын зияткерлік орталыққа айналды деуге толық негіз бар. Сенат жанында бірнеше сараптамалық платформалар, нақты айтқанда, Сарапшылар клубы, Сенаторлар кеңесі, Инклюзия жөніндегі кеңес, «Ұлттық мүдде» диалог алаңы белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл сараптамалық форматтар тұйық шеңберде емес, керісінше, кері байланыс арқылы жұмыс істейді. Соның нәтижесінде, қоғамның сұранысы, кәсіби бағалау, өңірлік проблемалар ақпараттық кеңістікте қалып қоймай, заңдарда, түзетулерде, парламенттік ұсынымдарда айқын көрініс тапты.
Сонымен қатар Сенат Орнықты даму мақсаттарының күн тәртібіндегі негізгі драйверлерінің біріне айналды. Бүгінде қос палатаның өкілдерінен құралған ОДМ-ның іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия орнықты дамуды ұлттық қауіпсіздік пен өмір сапасының іргетасы ретінде қарастыратын алаң ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді.
Қазақстан Парламентінің Сенаты дінаралық және мәдениетаралық диалогтың бірегей жаһандық алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу ісінде де шешуші рөл атқаруды жалғастырып келеді. Бүгінде Съезд діндер диалогы, бейбітшілік құндылықтарын және адамзат бірлігін жаңа деңгейге шығару арқылы халықаралық «рухани дипломатия» институттарының бірі ретінде танылып, мойындалды.
Осы орайда ең басты байлығымыз – адам капиталына жеке тоқталып өтуді жөн көріп отырмын.
Ромул заманынан бері Рим дәстүріндегі Сенат рухани және саяси ықпалға ие парасатты азаматтардың кеңесі болды. Бұл дәстүр Қазақстан Парламентінің Сенатында да қалыптасты деуге әбден болады. Жоғары палатаның төреші, байсалдылық пен тепе-теңдік институты ретіндегі рөлі сенаторларымыздың беделі мен өмірлік тәжірибесінің арқасында қамтамасыз етілді. Сондықтан Сенат тарихы – оған адами өлшем мен моральдық бедел берген адамдардың тарихы.
Әрине, бұл ретте Сенатты заң шығарудың жоғары дәрежедегі кәсіби және ықпалды орталығына айналдырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың есімін бірінші кезекте атап өтеміз. Сол кезеңде жоғары палата ауқымды реформаларды үнемі қолдап отырды, өз беделімен билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етті. БҰҰ, ЕҚЫҰ, Парламентаралық ассамблеялар алаңдарында Қазақстанның атынан өкілдік ете отырып, парламентаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытты.
Халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері, ұлттық жаңғырудың жаршысы, сенаторлар арасында орны бөлек тұлға – Әбіш Кекілбаев. Оның қазақ тілінің жоғары мәртебесіне, халықтың мәдени мұрасына, Тәуелсіздіктің рухани негіздеріне қатысты батыл ұстанымы парламенттік талқылаулардың мазмұнын биік деңгейге көтерді.
Сенаттың қалыптасуына оның бірінші төрағасы Өмірбек Байгелдінің де сіңірген еңбегі зор. Ол парламентаризм енді аяққа нық тұрып келе жатқан шақта жоғары палатаны нарыққа, құқықтық мемлекетке және жаңа саяси мәдениетке ақылмен көшуді қамтамасыз еткен жасампаз алаңға айналдыра білді. Ол сот жүйесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, азаматтық қоғам институттары туралы маңызды заңнамаға айтарлықтай үлес қосты.
Оралбай Әбдікәрімов – заманауи парламентаризм тарихындағы негізгі тұлғалардың бірі. Ол Сенатты ауқымды қайта құрылымдау кезінде басқарып, реформаларды нормативтік тұрғыдан сапалы сүйемелдеуді, соның ішінде сот, қаржы және әлеуметтік салаларда жүйелі заңдардың қабылдануын ұйымдастыра білді. Оның қатысуымен елдің одан әрі дамуын айқындайтын іргелі заңнамалық база қалыптасты.
Қуаныш Сұлтанов – жоғары палатада кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсеткен тұлға. Ол қызметте академиялық мектептің саяси терең пайымдауын адамдық көркем келбетімен үйлестіре білді. Сенатта жұмыс істей жүріп Қуаныш Сұлтанұлы негізгі комитеттерді, оның ішінде Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды. Сол кезеңде мықты саяси тұлғаларды бір комитетке жинап, олардың үйлесімді, кәсіби жұмысын қамтамасыз еткен қайраткер.
Қазақстандағы ірі ойшылдардың бірі болған, қазақстандық диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған, ҚР Ғылым академиясының вице-президенті, қоғам қайраткері және ғалымдардың бірнеше буынын тәрбиелеген тәлімгер – Жабайхан Әбділдин де Сенаттағы зиялылық символына айналды.
Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрғандардың қатарында Зинаида Леонтьевна Федотованың есімін ерекше атауға болады. Ол мемлекеттілікті қалыптастырудың маңызды жылдарында Сенаттың Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы болды.
Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Қазақстан сенаторлары өз тәжірибесімен, кәсібилігімен және парасат-пайымымен еліміздің дамып, нығаюына орасан зор үлес қосты. Олар өздерінің қажыр-қайратының арқасында жоғары палатаны мемлекеттің орнықтылығы мен дәстүрлер сабақтастығының басты факторына айналдырды.
Қазақстанның жаңарған саяси келбетінде Сенат саяси тепе-теңдіктің беделді тетігі, өңірлердің мүддесін қорғайтын орталық билік институты және зияткерлік сараптамалық орта болып қалып отыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Сенат елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте құрылды, ол мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша тарихи миссияны отыз жылда абыроймен атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болды.
БІР ПАЛАТАЛЫ ЖӘНЕ КӨП ПАРТИЯЛЫ
Платоннан бастау алған және «геосаясат» терминінің авторы Рудольф Челлен тұжырымдаған «Мемлекет – тірі ағза» деген көне метафора, егер кеңістік аспектісін назарға алмасақ, барлық элементтің үйлесімді жұмыс істеуін талап ететін, дағдарысқа ден қоя отырып, дами алатын, ішкі қажеттіліктерге және қоршаған ортаның жағдайына қарай өсуге, өзгеруге бейім өзара байланысты күрделі жүйені білдіреді. Өсу мен өзгеру – өмір, тоқырау мен тоқтау – өлім.
Отыз жыл ішінде біздің тірі ағзада көп өзгеріс болды. Біз бұрынғы межелерден асып түстік және жаңа нормалардың қалыптасу сатысында тұрмыз. Кейінгі жылдарда қазіргі өсу дағдарысын еңсеру үшін жүйелі реформалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Десек те, бұл мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңіндегі дағдарыстан мүлдем бөлек. Ол кезде мәселе қатаң дара басшылық арқылы мемлекеттің тұрақты өмір сүру қабілетін орнықты қалыптастырумен байланысты болған еді. Ал жаңа жағдайда билікті орталықсыздандыруға деген қоғамдық сұраныс билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қайта ой елегінен өткізуді және теңгерім формуласын өзгертуді талап етеді.
Өкілді биліктің тұрақтандыру функциясы бүгінде қос палатаның әлеуетін бір пәрменді күшке жұмылдырып, Қазақстан халқының барлық әлеуметтік тобының пікірін тұтас білдіретін бір палаталы Парламентке біріктіруді талап етеді. Бұл – атқарушы билікке ықпалды теңгерім болатын қадам. Халық – парламенттік реформаның негізін қалаушы. Өйткені бұл жолы өзгерістің басты тапсырыс берушісі бұрынғыдай билік емес, халық болып отыр.
Себебі осы 30 жылда халықтың та, қоғамның да өресі биіктеп, бірегейлігіміз нығайды, құндылықтарымыз, саяси мәдениетіміз бен көзқарасымыз өзгерді, нарықтық өзгерістерден қорқатын бұрынғы кеңес заманының адамдарынан Қазақстан халқы егемендіктің иесі ғана емес, саяси субъект ретінде де қалыптасты.
Сондай халық сайлаған Мемлекет басшысы әлеуметтің сұранысына нақты назар аударып, заң шығарушы биліктің өкілдік функциясын күшейту арқылы қайта форматтауды ұсынды. Президентіміз ұсынған жаңа Парламентті партиялық қағидат бойынша қалыптастыру идеясы осыдан туындап отыр.
Саяси партиялардың рөлін идеалдандыруға немесе ерекше көтермелеуге жол бермей, біз бұл – өкілді демократия мен жалпыға бірдей сайлау құқығын жүзеге асырудың негізгі тетігі, азаматтардың билікпен әлеуметтік келісімшартының нақты жұмыс істейтін нысаны, оны ұзақмерзімді заңдастырудың жалғыз мүмкін әдісі екенін мойындауымыз керек.
Бұл ретте, партиялық орталықсыздандыру тұрғысынан алғанда, партиялық алаңы тиісті деңгейде дамымаған, бір партия үстемдік ететін Қазақстан үшін пропорционалды жүйе мажоритарлық жүйеге қарағанда қолайлырақ. Дюверже заңына сәйкес мажоритарлық өкілдік жүйесі жаңа шағын партиялардың Парламентке өту мүмкіндігін күрт төмендетеді. Ал пропорционалды жүйе көп партиялылыққа, яғни, электораттың түрлі топтарының мүддесін барынша кең қамтуға ықпал етеді.
Сонымен бірге Қазақстандағы партиялардың саяси рөлі реформалар мен партиялық кеңістіктегі жаңа акторлардың пайда болуына қарамастан, тұтастай алғанда әлі де төмен екені жасырын емес. Осы уақытқа дейін біздің партиялар, «AMANAT» партиясын қоспағанда, сайлауаралық кезеңде гибернация режимінде болғаны белгілі. Тіпті, дәстүрлі электоралдық белсенділіктің өзі баяу қарқынмен есте қалатын.
Өкілді биліктің бүкіл әлеуетін өз қолына шоғырландыратын бір палаталы ықпалды Парламенттің пайда болуы жаңа саяси көшбасшылардың амбициясын оятуға және бәсекеге қабілетті партиялық демократияны қалыптастыруға кең мүмкіндіктер бермек. Өз сайлаушыларының мүдделерін қорғайтын және бірыңғай өкілді орган жүйесіне енгізілген күшті саяси партияларсыз нағыз Әділетті Қазақстан құру мүмкін емес.
ЦИФРЛЫҚ ДЕМОКРАТИЯ
Мемлекет басышысының цифрлық трансформация арқылы маңызды міндеттерді іске асыруға арналған Жолдауында парламенттік реформа туралы айтуы көпшілікке түсініксіз болуы әбден мүмкін. Алайда бұл ешқандай кездейсоқтық емес еді. Себебі алдағы уақытта тың мүмкіндіктерге жол ашқан жаңа технологиялармен үйлестірмей өкілді билікті түбегейлі жаңғырту мүмкін емес.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев реформаның осы тұсын ашып көрсете келе, «цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бүкіл әлемде мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз», деп атап өткен болатын. Сондықтан біз де дәуір трендінен қалмауды көздейміз.
Жалпы, Қазақстан бұл салаға барынша терең ден қойып отыр. Бүгінде жасанды интеллектімен жұмыс істемейтін бірде-бір мемлекеттік немесе квазимемлекеттік орган жоқ. Тіпті, «Самұрық» дауыс беру құқығы бар нейрожүйені директорлар кеңесінің құрамына қосты. Бізге бұл жат дүние болып көрінуі мүмкін. Кейбір адамдарда «ЖИ-ді Парламент сияқты дәстүрлі және консервативті институтпен қалай байланыстырамыз? Қанша дегенмен, бұл жерде корпоративтік мәселелер емес, адам тағдыры шешіледі ғой», деген сауал да туындауы орынды.
Алайда біз кезінде өзгелерден бұрын өмірімізге e-government-ті енгізгенімізді ұмытпауымыз қажет. Шыны керек, бүгінде бұл бастаманың өмірімізді қалай өзгерткені жайлы көп ойлана бермейміз. Ал егер бұрынғы қалпымызға қайта оралатын болсақ, үлкен айырмашылықты байқар едік.
Электрондық үкіметтен электрондық Парламентке дейін бір-ақ қадам. Е-parliament-ті әзірлеу 2023 жылы басталып кетті. Бүгінде аталған процестерге қатысты тұжырымдамалық түсінік қалыптасты. Жуырда оны толық көлемде техникалық тұрғыдан апробациядан өткізуге дайын боламыз деп ойлаймын.
Бірақ, әрине, Парламент жағдайында бұл тек әдетке немесе таза техникалық шешімдерге қатысты емес. Қалай десек те, біз бүгінде адам факторының бұрмаланған әсерін еселеп төмендететін математикалық алгоритмдердің жансыз адалдығы мен ашықтығына негізделген цифрлық демократияның табалдырығында тұрмыз. Әрине, бұл – тетік. Соған қарамастан ол шынайы өмірдің ажырамас бөлшегіне айналған, оны толықтыратын және өзгертетін маңызға ие.
Қазір бүкіл әлемде парламенттік жүйелер трансформацияның жаңа кезеңін өткеріп жатыр. Бұл өзгерістер идеологиямен немесе саяси дағдарыспен байланысты емес. Ол саясаттың табиғатын өзгертетін технологиялық революцияның сапалы серпілісімен байланысты.
Бұрын Парламенттің өкілдік ету функциясы байланыс жасаудың дәстүрлі нысандарына негізделетін. Сайлаушылар депутаттарға «аманатын» айтатын, ал парламентарийлер заң шығарушы органның қабырғасында электораттың үнін жеткізіп, Үкіметтің алдына тиісті міндеттер қоятын.
Бүгінде бәрі өзгеруде. Парламенттік қызмет отыз жыл бұрынғыға қарағанда мүлдем басқа ортада жүріп жатыр.
Цифрлық дәуір қоғам мен билік арасындағы шекараны бұзды. Кез келген адам әлеуметтік желі арқылы күн тәртібін қалыптастыруға, пікірталас ұйымдастыруға қатыса алады. Министрлер мен әкімдерге жүгініп, өз ұстанымын тікелей әрі дереу айту мүмкіндігіне ие. Қоғамдық пікірталас шынайы уақыт режимінде өмір сүретін цифрлық кеңістікке ығысты.
Парламентаралық одақтың «Use cases for AI in parliaments» баяндамасында айтылғандай, цифрлық арналар кері байланыс тетігін күрт жеделдетті, ал әлем Парламенттері статикалық өкілдіктен «тұрақты диалог» моделіне көшуде. Қазірдің өзінде бірқатар елде Парламент депутаттары қоғамдық пікірдің цифрлық панелін, сауалдарды қадағалау жүйесін және тақырыптық өтініштердің алгоритмдік аналитикасын қолданады.
Мұның бәрі Парламенттерді сөзсіз өзгертеді. Цифрлық құралдармен жұмыс істей алатын депутат қоғаммен бұрынғыдан анағұрлым тез, кең және терең, тікелей әрі үздіксіз диалог орната алады. Өкілдік ету жай ғана құқықтық мәртебе емес, ол коммуникативтік құзыретке айналуда. Онсыз заманауи саясаткер қоғаммен байланысын жоғалтады.
Жасанды интеллект – өзгерістердің екінші желісі.
Бүгінде ауқымды деректер нақты уақыт режимінде заңның орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектісі бар цифрлық жүйелер пайда болып жатыр. Олар нормативтік актілерді талдауды автоматтандыруға, реттеу салдарын модельдеуге және олқылықтарды анықтап, түзетулер ұсынуға қабілетті.
Электронды Парламенттердің жаһандық тәжірибесінде жалпыға ортақ логика қарастырылады. Енді Парламенттер отырыс залы ғана болып қалмайды. Олар деректер, цифрлық технологиялар мен саяси жауаптылық қосылған күрделі экожүйеге айналып барады. Өкілдік етудің сапасы депутаттық мандаттың санымен ғана өлшенбейді. Ол қоғамның сұраныстарына жауап беру жылдамдығымен, шешімдердің ашықтығымен, ақпараттың қолжетімділігімен және Парламенттің заң формуласының тілінде ғана емес, азаматтардың тілінде жұмыс істеу қажеттілігімен таразыланады.
Алдағы жылдарда қуатты жасанды интеллект платформаларына ие ірі корпорациялар заңға тәуелді реттеулерге бастамашы болатынын, тіпті, дайын нормативтік шешімдер ұсына алатынын жоққа шығаруға болмайды. Бұл мемлекеттің, қоғам мен технологиялық сектордың өзара байланыс орнатуының жаңа келбетін қажет етеді.
Алдағы уақытта Парламентте жылдамдық пен сапа, ашықтық пен кәсібилік, саяси бәсекелестік пен технологиялық құзыреттілік болуы қажет. Цифрлық Парламент осы жаңа үлгінің негізі бола алады.
Мемлекет басшысы дамудың жаңа кезеңіндегі маңызды мақсаттардың бірі ретінде Қазақстанды алдағы үш жылда жаппай цифрлық елге айналдыруды міндет етіп белгілеп берді. Президентіміз атап өткендей, еліміз болашақта әлемде қандай орынға ие болатыны осыған байланысты. Сондықтан жаңа біртұтас Парламент өзінің қоғамдық мәртебесі жағынан цифрлық демократияның өзегі әрі озық үлгісі болуға тиіс.
СИПАТЫ МЕН МАЗМҰНЫ
Парламенттік реформа – аса маңызды өзгерістерге серпін бере алатын негізгі жүйке түйіні. Дұрыс үйлестірілген жағдайда саяси коммутацияның барлық күш-жігері аталған түйінге келіп тоғысады және дәл осы жерден тарайды.
Бұл сыртқы келбетін ғана өзгерту деген сөз емес. Ол – билік ғимаратының тірек конструкцияларының бірін күшейту, шешім қабылдаудың негізгі тетіктері қоғамға түсінікті болатын анағұрлым ықпалды, ашық және тиімді жүйеге көшу деген сөз. Бұл қадам атқарушылық билікті бақылаудың тиімді, бірақ тежемелер мен теңгерімдер жүйесін тұралатпайтын тетіктерін қамтуға тиіс.
Парламенттік реформаның ойдағыдай жүргізілуі жаңа Парламенттің қуатты саяси күш ретіндегі институционалдық дизайнының негізгі қағидаларына байланысты. Әрине, біз өкілді биліктің жаңа архитектурасы қандай болатынын нақты болжай алмаймыз. Бірақ алдымызда тұрған міндеттердің жалпыға түсінікті логикасына сүйене отырып, кейбір басымдықтарды белгілеп алуымызға болады.
Бұл – бірінші кезекте, комитеттік жүйені күшейту. Бір палаталы Парламентке тыңдауларды, тергеулерді жүргізу үшін бастамашы болу және министрлер мен әкімдерді шақырту құқығына ие, үлкен өкілеттіктері бар мықты салалық комитеттер қажет. Сондай-ақ тұрақты салалық кеңселер, аналитикалық және заң қызметі де керек.
Е-parliament цифрлық платформасы мықты құрал болмақ. Ол е-government және e-otinish жүйелерімен интеграциялануы да мүмкін. Бұл жүйе үздіксіз талдау мен заң жобаларын басынан аяғына дейін жүргізуге, мүдделер қақтығысын, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және қолданыстағы заңнамамен қайшылықтарды айқындауға, заң шығару процесін тереңдетуге және жеделдетуге мүмкіндік береді. Цифрлық Парламент заң шығарудың барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елдегі сұраныстың және ахуалға мониторинг жүргізудің негізінде өзекті күн тәртібін қалыптастыра алады.
Бір палаталы Парламентке көшу өңірлер палатасы ретінде ұлттық деңгейде аймақтардың мүдделерін ескеретін Сенат функцияларын алмастыру үшін компенсаторлық тетіктер құруды талап етеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, мұндай тетік өңірлерді дамыту жөніндегі салалық комитеттен басқа, консультативтік-кеңесші орган форматында Парламент жанындағы Өңірлер кеңесі болуы мүмкін. Оның құрамына Парламент депутаттарымен бірге өңірлердің өкілдері, нақтырақ айтқанда мәслихат төрағалары мен қоғамдық ұйым басшылары қосыла алады.
Бұл мәслихаттардың назардан тыс, өз ортасында ғана қалып қоймауына ықпал етеді. Олар өкілді биліктің жаңа құрылымына еніп, тікелей кері байланысты, яғни халық – мәслихат – ұлттық Парламент вертикалін құрады.
Жоғары өкілді органды бәсекеге қабілетті пропорционалды негізде қалыптастыру домино әсеріне алып келеді. Көп партиялы Парламент электорат мүдделерін барынша толық және тиімді қорғаудың алғышартын қалыптастырады. Партиялар анық саяси өкілдігі жоқ әлеуметтік топтардың шашыраңқы мүдделерін дауыс жинау үшін нақты бағдарламаларға «топтастыруға» мәжбүр болады. Электоратты ұстап қалу үшін партиялар тұрақты кері байланыс арналарын: жергілікті бөлімшелер, қоғамдық қабылдаулар, ұсыныстарды жинақтау үшін онлайн-платформалар құрады.
Көп партиялы Парламент бәсекеге қабілетті заңнамалық ортаны қамтамасыз етеді: заң жобалары дебаттар, коалициялық келісімдер мен әртүрлі идеологиялық платформалар арасындағы ымыраға келу партиялық сүзгіден өтеді. Бұл қабылданатын шешімдердің сапасы мен заңдылығына айтарлықтай әсер ететіні анық.
Күшті парламенттік партиялар құрылып, олармен бірге партиялық электораттың мүдделері тұрғысынан белсенді заң шығару бастамасы пайда болады. Парламент бәсекеге қабілетті саяси дискуссияларға арналған алаң ретінде қалыптасады. Осылайша, парламенттік дебаттар Қазақстанның болашағына қатысты дер кезінде әртүрлі көзқарастар тоғысатын елдің басты саяси аренасына айналмақ.
Әрине, мұның бәрі уақытты, саяси ерік-жігерді, партиялардың шыңдалуын, олардың ымыраға және қоғамдық консенсусқа келуге дайындығы мен сайлаушылардың саналы белсенділігін талап етеді. Бірақ нәтиже осы жолдағы еселі еңбекті ақтайтыны сөзсіз. Қазақстанда нақты көп партиялы Парламент құру жаңа саяси кеңістікке жол ашады. Ол – барлық әлеуметтік топтың өкілдік етуіне кепілдік ұсына отырып, билік төменнен жоғарыға қарай берілетін тұрақты, инклюзивті және жауапты саяси жүйе құрылады деген сөз.
БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
Жалпы, жаңа модель Қазақстандағы парламентаризмнің философиясын өзгертеді. Бұдан былай Парламент заң шығару органы ғана болып қала алмайды. Ол адамдардың үніне құлақ асатын, қоғамның сұраныстарын түсінетін және мемлекеттік дамудың тың бағыттарын қалыптастыратын қоғамдық диалогтың өзегіне айналуы керек. ХХІ ғасырдың кәсіби Парламенті көп партиялы, жинақы, жоғары технологиялық және қоғамның тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан Парламент болуға тиіс.
Қазір бүкіл әлем саяси институттардың бағдары, басқару логикасы, азаматтардың қатысу тетіктері өзгерген дәуірге қадам басып отыр. Біздің еліміз де осы процестен шет қалмайтыны түсінікті. Жаңа кезеңде жаңарған Парламент биліктің барлық тармағының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін орталық тірек болуы қажет. Осы жерде саяси жүйенің басты міндеттері тұжырымдалып, абстрактілі емес, керісінше, адамдардың сұраныстары мен үміттеріне негізделген, нақты, түсінікті орнықты дамудың күн тәртібі қалыптасады.
Сондықтан парламенттік реформа, ең алдымен, біздің шынайы құндылықтарымызды дәріптеу тетігі екені айрықша атап өткен жөн.
Шын мәнінде, ықпалды Парламент Тәуелсіздік пен егемендіктің тірегіне айналады. Ал көп партиялы жүйе – саяси бәсекелестік пен әділеттіліктің кепілі. Билік ішіндегі орнықты теңгерім тұрақтылық пен дамуға жол ашады. Тепе-теңдік жүйесінің жаңа үлгісі сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің жолына тосқауыл болады. Сондай-ақ адам құқықтарының қорғалуына және елдің демократиялық дамуына кепілдік береді. Мұның бәрі – әр адамның бақуатты өмір сүруін қамтамасыз ететін маңызды қадамдар.
Осы құндылықтарды қазақстандық арман деп атасақ, артық бола қоймас. Парламенттік реформа – соған жетелейтін жол картасы. Көз алдымызда ертеңгі күннің арайлы таңы атып келеді. Біртұтас мықты Парламент – сол жарқын болашаққа қарай жасалған нық қадам. Арманды ақиқатқа айналдыру жолындағы батыл қадам.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы



