«Ұстазыңды құттықта!» челленджі жарияланады

Еліміз бойынша 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ұстаз — ұлт шамшырағы» онкүндігі өтеді. Оның аясында өңірлерде күн сайын педагогтерге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама педагог мәртебесін көтеруге, ұстаз мамандығын кеңінен насихаттауға, оның қоғамдағы ерекше рөлін баса көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұстаздық — мамандық қана емес, ұлы миссия. Педагогтер өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырады, әр баланың өз жолын табуына көмектеседі. Қазіргі таңда еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беруде.
Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз — ұлт шамшырағы» онкүндігі аясында «Ұстазыңды құттықта!» челленджін жариялайды. Бұл шараның мақсаты әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру.
Челленджге барлық ниет білдіруші қосыла алады, ол үшін:
* әлеуметтік желілерде #Ұстазыңдықұттықта #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау жариялаңыз;
* өз ұстазыңызға қоңырау шалып, жылы лебізіңізді білдіріңіз;
* құттықтау хатын жіберіп, естеліктермен бөлісіңіз.
Еске сала кетейік, 2023 жылдан бері Қазақстанда Ұстаздар күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түпірінде ұстаз еңбегін ұлықтауға арналған әртүрлі мерекелік шаралар өтеді.