Басты ақпаратБілім

Ұстаздық еткен жалықпас…

Әлемдегі бар адамды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беретін мұғалім – ұлы мамандық. Соның ішінде ұстаздық қасиеті зор ұлағатты жандардың орны ерекше бөлек. Үкіметтің тиісті қаулысымен Қазақстанда педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні ертең, яғни 5 қазанда атап өтіледі. Осылайша бұл мереке 100-ден астам әлем елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Елімізде соңғы жылдары білім беру мекемелері көбейтіліп, олардың материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жабдықтауға, білім саласын дамытуға ерекше қамқорлық жасалуда. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Ал Астананың білім беру саласында 29 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Педагогтарды жұмысқа қабылдау ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 57 және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №96 бірлескен бұйрығына сәйкес сертификациядан өту міндеттелген конкурстық негізде жүргізіледі. Бүгінгі күні Астанадағы мектептерге орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілінде оқытатын математика, информатика, физика пәні педагогтары және орыс тілі мен әдебиет пән мұғалімдері қажет. Жыл сайын елордалық әкімдігі педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары білім беру ұйымдарына әкім грантын бөліп отыр. Болжам бойынша 2027 жылға дейін 4 629 түлектер білімдерін аяқтайды. Биылғы жылы әкім гранты бойынша 398 түлек білім беру ұйымдарына жұмысқа орналастырылды.

Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі атап өтіледі.

– Астана – еліміздің білім мен ғылымның ордасына айналған ірі орталықтардың бірі. Қазіргі таңда елорда мектептері мен колледждері, балабақшаларында жоғары отыз мыңға жуық ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, еңбек етіп келеді. Ұстаз – әрбір қоғамның рухани тірегі. Бүгінде елорда ұстаздары жаңа заман талабына сай біліктіліктерін арттырып, цифрлық технологияларды меңгеріп, білім сапасын көтеруге зор үлес қосып жүр. Олар – болашақтың бағытын айқындайтын жастарды тәрбие­леуде алдыңғы шепте жүрген жандар. Барша ұстаздар қауымын төл мерекесімен шын жүректен құттықтап, абыройлы да жауапты қызметіне табыс пен сәттілік тілеймін! – дейді Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Бүгінде елордада 570 жыл­дық тарихы бар ұстаздар династия­сы тұрады. Сонымен қатар 70 жаста әлі де білім беріп, шәкірттерінің жүрегіне жол тапқан ұстаз да Астанада өмір сүреді. Ұстаз әкелерінің жолын қуған бір үйдің алты баласы елорда мектептерінде еңбек етеді. 40 жыл өмірін ұстаздық қызметке арнаған тәжірибелі педагог та астаналық жастарға білім беруде. Сонымен қатар ата, ене, жолдасы және өзі де ұстаздық қызметті атқаратын үлгі отбасы да осында. Шәкірттен-әріптеске дейін, яғни бір салада қызмет еткен ұстаз бен шәкірті де – өзгелерге үлгі. Ұстаздар күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев еліміздің мұғалімдерін кәсіби мерекемен құттықтап, білім беру саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар педагогтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты рәсім барысында Астана қаласының екі бірдей үздік ұстазы жоғары марапатқа ие болды. «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гүлнәр Әбдрайымоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

Ал Urban School мектебінің педагогі Лукашевич Александр Аркадиевич «Шапағат» медалімен марапатталды. Ұстаздар қауымына көрсетілген бұл құрмет – білім саласына деген мемлекеттің айрықша назарын көрсетеді.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button