Ұстаздар арасында волейболдан турнир өтті

Республика күні мерекесіне орай Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы мектептерінің ұстаздары арасында волейбол турнирі өтті. Шара Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының спорт залында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – ұстаздар қауымы арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік байланысты нығайту және педагогтердің белсенді өмірлік ұстанымын қолдау.

Турнирге ауданның бірнеше мектеп ұжымдарынан құралған 20 команда қатысты.
Мектеп директорының айтуынша, мұндай шаралар ұстаздардың бірлігін арттырып, олардың спортқа деген қызығушылығын оятады:
«Республика күніне орай ұйымдастырылған ұстаздар арасындағы волейбол турнирі жоғары деңгейде өтуде. Бұл шараның басты мақсаты – ұстаздар қауымы арасында салауатты өмір салтын насихаттау және ұжымдық рухты нығайту болатын. Мұғалімдеріміз белсенділік танытып, достық пен ынтымақ аясында тартысты ойын өрбітті. Осындай іс-шаралар ұстаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, көңіл көтеріп, сергіп алуына үлкен мүмкіндік береді. Турнирге қатысқан барлық ұстаздарға, ұйымдастыруға атсалысқан әріптестерге және ақпараттық қолдау көрсеткен БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын», – деді мектеп директоры Лаура Сәрсембекова.

Жарыс кеш батқанша болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Шапағат ӘБДІР
фото: Оңалхан ӨНЕРХАН



