Ұмытылмас бейне

Әңгімеміздің арқауы жақында ғана кенеттен дүние салған Ұлболған апамызға арналады. Ол жастайынан өзінің өмірге деген құштарлығын ана сүтімен, әке қамқорлығымен дарыған тамаша тәрбиесімен, жүріс-тұрысымен, ұшқыр зейінділігімен, табиғат-ана сыйға тартқан көркемдігімен, жібек мінезімен таныта білген. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзінің белсенділігімен, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қасиеттерімен көзге түсіп, мектеп өміріне белсене араласты. Қоғамдық жұмыстарға бел шеше кірісіп, комсомол комитетінің белді мүшесі болды, оқу озаты атанды. Мектептің мәдени іс-шараларына, спорт сайыстарына қатысты.
Өткен ғасырдың 70-жылдары дәм-тұзы тартып, болашақ өміріне серік іздегендей Шұқыркөл ауылына Жарқын атты жас жігіт келіп, байланыс саласына қызметке орналасады. Содан көп ұзамай талай жігіттің көз айнасы болып жүрген Ұлболған елге келген Жарқынмен танысып, бірін-бірі ұнатып, көңіл қосып, ата-аналарының ризалығын алып, өздерінің болашақ өмірлеріне жол салады. Сол сәттерден басталған Жарқын мен Ұлболғанның ширек ғасырдан астам уақыттағы тұрмыс-тіршілігі сан түрлі қызықты да ғажайып оқиғалармен толығады. Жақсы жора-жолдас тауып, Құдай қосқан құдандалы болады. Ұлы Саят ержетіп отау тігіп, Сексенбаевтар әулетінің ұрпағы жалғасып, қыздары Әлия мен Әнел бойжетіп тұрмысқа шығып, өрісі кеңейеді. Өмірге келген немерелері Айдана, Сәбина, Ару, жиендері Ғабит, Бәйдібек, Тимур, Мәриям, София олардың жарасымды өмірлерін одан әрі байытып, қызық-қуанышқа кенелтеді. Одан әрі олар немереден шөбере көріп, арман-мақсатына жетіп, бақыт құшағына бөленіп, тату-тәтті өмірлері жалғасын табады. Осылайша бақытты, дәулетіне сәулеті сай, армандары ақталған, мақсаттары орындалған, мұраттарына жеткен Жарқын аға мен Ұлболған апамыздың өмірлері, шынымен-ақ, бақыт шаһарына айналған еді.
Ұлболған Тайкенқызының жолдасы Жарқын Сексенбаев та – елге елеулі, халыққа қалаулы азаматтардың бірі. Кезінде Көкшетау, Торғай облыстарында басшылық қызметтер атқарған байланыс саласының ардагері. Ол кісі рухани саланың да жанашыры болып, айтулы азаматтармен бірге даңқты жерлесіміз Еркін Әуелбековтің ескерткішін салуға, оның ғибратты ғұмырын насихаттауға да үлес қосқан. Көкшетау, Қызылжар өңірінің алғашқы толымды тарихын баяндайтын «Ел мен жер» сияқты елеулі кітаптың жарық көруіне, басқа да игілікті істерге демеушілік жасап жүрген абзал азамат. Оның да ата-бабадан естіп, көрген үлгі-өнегесі бар екен. Кезінде ол кісінің әкесі, ел ағасы Кәкім Сексенбаевтың шаңырағанда халқымыздың басты тұлғаларының бірі, Қазақстанды басқарған тұңғыш қазақ Жұмабай Шаяхметов (елдің айтуынша, ол кісі Сырымбетте «Қазгородок», қазақ қаласын салуға байланысты барғанда), Сәбит Мұқанов болып, дәм татып, әңгіме-дүкен құрған екен.
Апайымыз үлкенге иіліп, кішіге ізет танытып, шамасы келгенше, қолда барын аямай, ағайын-туғанға, көрші-көлемге, шәкірттеріне де көмегін көрсетіп, қол ұшын бере білді. Ең алдымен, жан жолдасы Жарқынға деген ізгі ниетімен, сырбаз серігін барынша жан-тәнімен күтіп, жамандықтан қорғап, жақсылыққа жолдап, алдына қойған арман-мақсатына жетуіне кеңінен мүмкіндік беріп, жағдайын жасады. Балаларының тәрбиесін, олардың сапалы білім алуын, киім-кешегінің заман ағысына сай, жоғары деңгейде, тамағының тоқ болуына, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіп-өркендеуін басты назарда ұстады, арман-мақсатына жеткізді. Әсіресе, Жарқын ағаның қызмет бабының сайлы болуына өзінің ақ тілеуімен жан-жақты қолдау жасады. Қызмет бабымен Жакең Қазақстанның бірқатар облыстарының байланыс саласында басшы қызметтер атқарды. Шұқыркөл ауылынан басталған еңбек жолы Көкшетау қаласында қалалық байланыс желісінде жалғасты, одан соң облысымыздың жаңадан бой көтерген Ленин аудандық байланыс бөлімінің бастығы болып, кейін Щучье аудандық байланыс желісін басқарып, жетекші қызметтерде тәжірибе жинақтады.
Бұл кісілердің одан кейінгі тыныс-тіршілігі Торғай өңірінде жалғасты. Жакең Торғай, Ақмола облыстарының байланыс саласын басқарса, Ұлболған мектеп қабырғасында әке жолын жалғастырып ұстаздық етті. Ұстаздық жолында мол тәжірибе жинақтап, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие берді. Ұстаздың жолы тақтайдай жазық оңай жол емес. Қыр-сыры терең, ауыртпалығы мен жауапкершілігі мол, қиын да күрделі жол. Бірақ «ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, Ұлболған алға қойған бетінен қайтпай, бойына біткен тума қасиетіне сүйене отырып, ұстаздық қызметтің сан қырлы сынағынан өтті. Көп ізденіп, мұғалімнің биік мәртебесі мен беделі қалай қалыптасу керек екеніне жете көңіл бөлді. Оның алдынан білім, тәрбие алған шәкірттері жоғары оқу орындарына түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап, білікті мамандар атанды. Олардың алды жетекші, басшы қызметтер атқарып, еліміздің экономикасын, әлеуметтік-мәдени салаларын дамытуға салмақты үлес қосуда. Бұл орайда бір білім шаһарында қызмет атқарған тәжірибелі ұстаздар, өзінің үзеңгілес әріптестері де Ұлболғанның бұл жолда биікке көтерілуіне жол ашты. Бірін-бірі толықтырып, демеу болып, білгенімен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Өзінің кәсіптік қызметіне деген құштарлығы мен жауапкершілігі, бойындағы табиғи таланты, әріптестерінің қолдауы Ұлболғанның ұстаздық қызметтің жоғары мәртебесіне ие болуына, беделінің өсуіне лайықты үлес қосты. Ол Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің, облыстық білім беру басқармаларының құрмет грамоталарымен марапатталып, «ҚР оқу ісінің үздігі» белгісіне ие болды. Ұстаздардың облыстық салиқалы конференцияларына қатысып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.
Өмірінің соңғы жылдары елордада тұрған Ұлболған апай өз бауырларының да туған елге, туған жерге деген қадір-құрметін арттырып, тұрмыс-тіршілігіне жіті көңіл бөлген екен. Оның тәлімін көрген бірге туған «үміткерлері» тағдырдың жазуымен еліміздің түкпір-түкпірінде: Қарағанды, Жамбыл, Торғай, Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында еңбек етіп, өмір сүріп жатыр. Сол алыс жолға қарамастан, апай жыл сайын әлденеше рет бауырларының басын қосып, ұйымдастырып, Көлбай әулеті мекен еткен киелі жерге, Шұқыркөл деп аталатын ауылға жинайды екен… Ауылға келісімен бауырларының бәрін апамыз үйдің шаруасын реттеуге жұмылдырады. Үй-орманның жан-жағын тазалап, сылап, сырлап, жуып-шайып, айнадай таза етіп жарқыратып қояды. Қысқа әзірлік жұмыстарын жүргізіп, отын-шөп даярлайды. Ұлболған өзі бастап отын кесіп, шалғымен жаяу жүріп шөп шауып, оның бәрін кептіріп үйге жеткізуді ұйымдастырады. Ең бастысы, ата-анасы ізетті немерелерін көріп, солардың қызықты да қуанышты қылығын тамашалап, жас балаша мәз болады екен. Жиырмаға жуық немерелері ауылға жиналғанда, үйге сыймай, қораның төбесіне шығып жататын күндер де өтіпті. Ол сәті түскенде бауырларын ауылдан қалаға көшіріп, үйлі-баранды болуға, жоғары оқу орындарына түсіп, білім алуларына ұдайы көмектесіп отырған екен. Ойлап тұрсаң, ол да бір керемет тағдыр, тамаша дәстүр, есте қалатын өмір тарихы шығар. Ұстаз үшін ең қастерлі нәрсенің бірі – шәкірттерінің де өсіп-өнгені, елге қызмет жасап, абыройлы болғаны. Ол кісінің өзі де айналасына осындай үлгі-өнеге көрсетіп, ақ тілеумен өмірден өтті. Енді, міне, ол ардақты ана, асыл жар, бауырмал әпке, жаны жайсаң әже, ақылшы ұстаз болған, үлкен ортада пейілі кең, мінезі көркем, ісі адал жайсаң жан ретінде ұмытылмас ғажап бейнеге айналып барады…
Үкітай КӨЛБАЕВ,
Тортай СӘДУАҚАС



