Ұлттық ұланның аруы

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Астана қаласында орналасқан 6636 әскери бөлімінде 60-тан астам әйел әскери қызмет етіп келеді. Олардың әрқайсысы әртүрлі саланың тізгінін ұстап, шаруасын дөңгелетіп жүр. Сондай арудың бірі – кіші сержант Рыскүл Мамашева. Ол әскери бөлімнің қоймасына қойылған құнды техникалар мен құрал-саймандарға жауапты.
Әйел заты қашанда қолына тиген затқа ұқыпты қарайды. Өз міндетіне адал, жұмысына тиянақты келеді. Сондықтан да болар қойманың қоңыр құлпын ашатын құнды кілт Рыскүл Кенжеғалиқызына зор сеніммен тапсырылған.
Байланыс ротасының бөлініс бастығы Рыскүл Мамашева Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Тұрғанкүл Еденбаева мен Кенжеғали Мамашевтің шаңырағын шаттыққа бөлеген тұңғыш бала болды. Кейін артынан ізін басып інісі де өмір есігін ашты. Ата-анасының тәлім-тәрбиесін алған қыз жоғары білімге де ие болды. Оның мамандыққа бетбұрысы биология пәнімен тығыз байланысты еді. Өйткені колледжде сүт тағамдарын өндіру технологиясы мамандығын игерді, сосын жоғары оқу орнының жаратылыстану факультетінің сыртқы бөлімінде білім алды. 2009 жылы туысқан ағасының жөн сілтеуімен Төтенше жағдайлар департаментіне қызметке орналасады.
«Бұл шақ менің бала арманым орындалған сәт еді – кішкентай күнімнен форма киюді арман еттім. Бірақ оған жету жолында мақсатым аса айқын емес-тін. Құдайдың қарасқаны шығар, ағамның ақылына құлақ асып, көздегеніме қол жеткіздім. 6 жылға жуық мерзім тәжірибе жинап, 2015 жылы Ұлттық ұланның 3660 әскери бөліміне радиотелеграфист болып ауыстым. Тағы 5 жылдан соң 6636 әскери бөліміне қойма бастығы болып тағайындалдым» деді кейіпкеріміз.
Ол – қоймадағы тәртіп пен жүйені қамтамасыз ететін бірден-бір әскери қызметші. Егер қойма бастығы өз ісіне салғырт қарайтын болса – тауарлар дұрыс сақталмаса, олар бүлініп, әскери бөлім шығынға ұшырауы мүмкін. Бұдан бөлек, оның міндетіне тауар айналымын бақылау – қандай зат қанша көлемде кіріп-шыққанын тексеру, тапшылықтың немесе артық қордың алдын алу жатады. Оның қызметіндегі тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік. Сондықтан қоймадағы өрт пен техника қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалау да басты назарда. Бұған тауарларды қабылдау, беру, түгендеу бойынша құжаттарды дұрыс жүргізуді де қосыңыз. Бір қарағанда жауапкершілігі зор, машақаты көп қызмет болып көрінгенімен, әр саланың өзіндік қызықты тұстары болатыны рас.
«Күн сайын қоймаға байланыс құралдары және басқа да техникалық өнімдер келіп жатады. Олардың әрқайсысымен танысудың өзі біліміңді жетілдіріп, көкжиегіңді кеңейтуге жетіп жатыр. Сонымен қатар қоймада процестерді дұрыс ұйымдастыру да кісіні жалықтырмайды. Оның үстіне қоймада тауарларды есепке алу үшін заманауи бағдарламалар мен автоматтандырылған жүйелер қолданылады. Бұл біздің біраз жұмысымызды жеңілдетеді» деді Рыскүл Мамашева.
Кейіпкеріміздің сөзінен білім мен дамуға деген ұмтылыс бары байқалады. Айналасындағы әріптестері де оның әрдайым жаңа нәрсені үйренуге құштар, адамдарға көмектесуге асық және өзін жетілдіруге әуес екенін айтады.
«Оқырманға мотивация сыйлайтын кітаптарды оқығанды құп көремін. Алайда бос уақытымның көп бөлігін құрбыларыммен саябақта қыдыруға немесе кино көруге арнаймын. Әсіресе кәріс елінің дорамаларын көрген ұнайды. Тарихи және ғылыми-фантастикалық фильмдерді де тамашалаймын» деді ол.
Рыскүл Кенжеғалиқызының табиғаты – көпшіл. Сондықтан болар өмірлік қиындыққа тап болған таныстары одан жұбаныш іздейді. Енді бірі мансап, қаржы немесе жеке даму туралы сұрақтармен жүгінеді. Ал ол әрқайсысына логикалық тұрғыдан ой қорытып, пайдалы кеңестер ұсынуға тырысады. Міне, құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдерінде адамгершілігі мен адалдығы қатар ұштасқан осындай әйелдер қызмет етеді.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ