Ұлттық спорт университетінің құрылысымен танысты
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Астанадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі жүріп жатыр. Бұл кезеңде университет ғимараты, атап айтқанда, конференц-зал, әкімшілік блок, дәріс залдары, ғылыми-зерттеу орталығы бар кітапхана, асхана және жабық бас аллеясы салынады. Сонымен қатар студенттерге арналған жатақхана, профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғын үй және медициналық-оңалту орталығы бой көтереді.
Ұлттық спорт университетінде білім алудың толық циклы: колледж және жоғары оқу орны қолжетімді болады. Оқушылар арнайы орта білімнен бастап магистратура мен докторантураға дейінгі толық оқу кезеңінен өтеді. Колледжде бір уақытта 500-ден астам, ал жоғары оқу орнында 2000-нан астам бакалавриат студенті, 60 магистрант және докторант оқи алады.
Аталған оқу ордасы жоғары жетістіктер спортына қажетті мамандарды өз елімізде тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Университет жаттықтырушылар, менеджерлер, психологтар және ғылыми қызметкерлердің жаңа толқынын даярлайды. Спорттық ғимараттар кешені ұлттық құрамаларға көркем гимнастика, бокс, таэквондо, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, ескек есу, баскетбол, волейбол, шағын футбол, жеңіл атлетика және жүзу секілді спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстарға дайындалуға мүмкіндік береді.
Университеттің құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.