Ұлттық құраманың еншісінде 69 медаль, оның 27-сі – алтын
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші жарыс күнінде 6 алтын, 7 күміс, 8 қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 27 алтын, 17 күміс, 25 қола жүлде бар.
Көкпар
Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Ресейді 18-2 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ақтық ойында Қырғызстаннан келген көкпаршыларымен кездеседі. Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді.
Көк бөрү
Көк бөрүден Қазақстан командасы Түркия құрамасын 15-1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Финалда қазақстандық спортшылар Қырғызстан командасымен кездесіп, алтын жүлдені сарапқа салады.
Жамбы ату
Ипподром маңында этноауылда жамбы атудан соңғы жарыс күні өтті. Жамбы стилінен Батыр Бексауыт күміс жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама спортшылары жалпы екі алтын, екі күміс, екі қола иеленіп, командалық есепте бірінші орынға жайғасты.
Алыптар сайысы
Этноауылда powerful nomad спортынан абсолютті салмақ дәрежесінде Азамат Мақұлбеков алтын жүлде алды. Ол 16 елден келген 16 спортшының ішінен үздік нәтиже көрсетті.
Дәстүрлі садақ ату
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде өтіп жатқан дәстүрлі садақ атудан үшінші жарыс күнінде садақшылар «Жамбы» нысанасы бойынша сынға түсті. Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов қола жүлдеге ие болды. Дәстүрлі садақ атудан жарыстың алғашқы күні «Пута» нысанасы бойынша Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола жүлде алса, Жәнбек Құлмырзаев алтын жүлде иеленді. Ал «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды.
Алыш
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қырғыздың ұлттық белбеу күресі алыштан жарыс аяқталды. Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Тұрмаханбек Қалмұқан және 100 келі салмақ дәрежесінде Бекбол Нұрланұлы күміс жүлде алды. Нұржан Сәрсенғалиев (70 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында 75 келіде Перизат Жақыпбекова күміс жүлдеге ие болса, 55 келіде Назерке Әбілтаева, 60 келіде Арайлым Ракиш жәнк 65 келіде Айнұр Ақжігітова қола жүлде алды.
Арқан тарту
«Алау» мұз сарайында арқан тартыстан жарыс өтті. Қазақстан ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да финалда ресейлік спортшылардан жеңіліп, әрқайсы күміс жүлдеге ие болды.
Асық ату
«Алау» мұз сарайында ерлер арасында асық ату мен әйелдер арасында бес асықтан финалдық ойындар өтті. Асық атудан ерлер құрамасы Қырғызстан құрамасын жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал бес асық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы Ресейден басым түсіп, алтын жүлде алды.
Тоғызқұмалақ
«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде тоғызқұмалақтан финалдық ойындар өтті. Ұлттық құрама спортшылары жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола иеленіп, командалық есепте алтын жүлде алды. Қыздар арасында Мөлдір Серікқызы алтын жүлдеге ие болса, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов алтын алса, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлде иеленді.