Мәдениет

Ұлттық құндылықтар ұлықталды

Елордадағы Астана күні мерекесіне орай ­М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында оқушыларға арналған «Астана – болашақтың қаласы» танымдық-шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық мәдениетке құрметті қалыптастыру, тарихи дәстүрлерді жаңғырту, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыту.

Қатысушылар үшін бірнеше тақырыптық алаң жұмыс істеді. Киіз үйде балалар жіп иіру, тоқыма, жүн, қамыс және моншақпен жұмыс істеу сияқты дәстүрлі қолөнер түрлерін меңгерді. Тағы бір алаңда олар ұлттық ойындар – бес тас, асық ату, тоғызқұ­малақтан сайысқа түсті.

STEM аймағында оқушылар робот құрастырып, инженерлік жобалар жасап, бағдарламалау бойынша өздерін сынап көрді. Сондай-ақ «Менің Астанам» макеттер көрмесі, «Астанадағы бір күн» атты видео көрсету, интеллектуалды ойындар мен концерт ұйымдастырылды.

«Этнолагердің басты мақсаты – өскелең ұрпаққа ұмыт бола бастаған қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жеткізу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу. Осы мақсатта лагерь жыл са­йын мектебіміздің базасында өтеді» деді №86 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оразбекова.

Этнолагерь аясында 10-ға жуық үйірме мен шеберлік алаңы жұмыс істейді, олардың қатарында «Әжелер мектебі» де бар. Онда әйелдер балаларға дәстүрлі қолөнер түрлерін үйретіп, өз білімімен бөлісіп, тәрбие жұмысына атсалысады.

«Ұрпақ тәрбиесін ұлттық дәстүрлер негізінде жүргізудің маңызы зор. Біз балаларға тек дағдылар мен білім беріп қана қоймай, ұмыт бола бастаған мәдениет элементтерін қайта өмірге әкеліп жатырмыз. Бұл ретте мектебіміз дәстүрлерді жаңғырту орталығына айналды» деп атап өтті «Әжелер мектебінің» төрайымы Назгүл Абдрахманова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль балаларды ұлттық мәдениет пен шығармашылыққа баулуға арналған тәрбие мен даму бағытындағы кешенді бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button