Ұлттық мереке ұлттың рухын көтереді
Республика күні – ұлттық мереке. Еліміздің басты мерекесі өз деңгейінде аталып өте ме? 13 жыл күнтізбеден жоғалып кеткенінен шығар… Қазақстандықтардың көпшілігі үшін бұл әлі де жай демалыс күні сияқты көрінеді. Тіпті Google, Yandex немесе ChatGPT-ден «25 қазан» деп ақпарат іздесеңіз, «25 қазанда қазақстандықтар неше күн демалады?», «25 қазан демалыс күні ме, жұмыс күні ме?» деген сөйлемдер бірінен кейін бірі тізбектеліп шығады. Одан қалса, 3 жылдан бері 25 қазанның қарсаңында мемлекеттік награда тапсырып, халыққа 2-3 күнге демалыс беріледі.
Жер бетінен ұлт ретінде жойылуымыздан аман сақтап, бостандығымыз бен тәуелсіздігіміздің берік тұғыры болған Қазақ елінің егемендігі туралы декларация қабылданған күнді ұлттық мереке екенін ел болып сезінуіміз үшін қалай тойлағанымыз абзал?! Осыған қатысты жаңаша көзқарас, амал, тәсіл, ұсыныстарымды ортаға салайын.
Біріншіден, бұл күндері елдігімізді нығайтатын, рухымызды асқақтататын мерекелік рәуіш, ерекше сән-салтанат, бұқаралық көңіл күй анық көрініп тұруы тиіс. «Күндері» деп екпін түсіргенімнің бір себебі ұлттық мерекені 5 күн бойы елдік ауқымда атап өткеніміз жөн. Яғни 5 күн демалыс берілсін. Мұндай оң үрдіс бірқатар елде бар. 5 күннің бірінде елордада «Қазақ елі» монументінің алаңында құрлық, теңіз және әуе күштерінің қатысуымен керемет әскери шеру (мысалы, француздар, ирландиялықтар, үнділер, пәкістандықтар, бразиялықтарда осындай тамаша дәстүр бар) өткізсек. Шеруден кейін Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздігін қорғау мен нығайтуға айрықша үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградаларды тапсырса жарасымды болар еді. Астана ғана емес, барлық қалада азаттығымыз бен бостандығымыз үшін күрескен тұлғалардың суреттері салынған алып композициялар орнатылса. Ұлттық мерекенің тағы бір күнін ұлттық шерулер мен халықтық фестивальдер өткізуге арнауға болады. Әр қалада осы шерулерге ұлттық киіммен интеллигенция, өнер, әдебиет, мәдениет, спорт саласының саңлақтары, чемпиондар, үздіктер, көшбасшылар шықса. Нағыз мерекелік рәуіш, айрықша сән-салтанат сонда көрініс табар еді.
Екіншіден, ұлттық мерекені жаңа мазмұнда атап өтеміз десек, көк байрағымызды ғимараттар мен үйлердің төбесіне жарқыратып іліп қояйық. Сол күні қайда жүрсек те, қолымыздан көк туымызды тастамайық. Өйткені ол – азаттық, тұтастық, елсүйермендіктің бірінші атрибуты. Әлемнің бірқатар елінде мемлекеттік туды жалаулату дәстүрі бар. Осындай жаңа рәсім енгізейік. Астаналықтардың «Менің елім – менің туым» атты керемет флешмобын өзге өңірлерде іске асырсақ, ұлттық мерекені шын мәнісінде сезінетін едік. Елорда тұрғындары 25 қазанда үйлерінің балконы мен терезелеріне көк ту іліп, дүйім елді сүйсіндіргені мәлім. 25 қазанға 10 күн қалғанда мектептерде, колледждерде, университеттерде ұлттық рәміздер, Республика күні тақырыбында дәрістер өткізіп, ұлттық патриотизмнің мәні мен мағынасын жас ұрпаққа дұрыстап түсіндірсек құба-құп болар еді. Бұл жерде интеллектуалдық, ұлттық ойындардың атқаратын рөлін ұмытпайық.
Үшіншіден, ұлттық мерекеде отшашудың халықты ұйыстырушы шара ретіндегі рөлі өте зор. Кешкі мезгілде мерекелік концерттер мен фестивальдер аяқталған соң, көздің жауын алатын түрлі түсті отшашулар аспанда жарқыраса, оған қуанбайтын адам жоқ. Бірлігімізді бекемдейтін, рухымызды асқақтататын көріністің небір ғажайып формаларын жасауға мүмкіндік зор. Өткенде Аспан асты еліндегі жасанды интеллект көмегімен жасалған отшашулар сауығына таңдай қақпаған адам кемде-кем. Отшашулар – кез келген адамның көңіл күйін көтеріп қана қоймай, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын көрініс.
Төртіншіден, ұлттық мерекенің халықты біріктіруші, жұмылдырушылық факторын ескере отырып, шын патриоттардың қоғам, ел мүддесі үшін нақты ізгілікті істерін жарқыратып көрсетуге болады. Бұл жерде саяси партиялардың, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік, экологиялық акциялар өткізуіне тамаша мүмкіндіктер бар. «Тазалық шарасы», «Қайырымдылық шарасы», «Патриоттық шара» сияқты тақырыптарда жыл бойы жарыс өткізіп, 25 қазанда сол сайыстың жеңімпаздарын халықтың алдында марапаттаса, келісті болар еді. Ұлттық мерекеде халықтың сейіл-серуенімен қатар, жәрмеңкенің де алатын орны ерекше. Бүгінгідей азық-түлік қымбаттаған шақта кәсіпкерлер, супермаркеттер халыққа ең қажетті азық-түлік түрлерін арзан бағамен сатса, мерекелік көңіл күйдің көтерілуіне себепші болар еді. Осы күні Сауда және интеграция министрлігі жыл бойы халыққа қажетті азық-түліктердің құнын қымбаттатпаған супермаркеттер, дүкендердің атауын жариялап, басшыларын отаншыл, халықшыл жандар ретінде дәріптесе құба-құп болар еді.
Бесіншіден, мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелерде мерекеге орай сыйақы берілетін үрдіс бар. Бірақ кейбір жекеменшік ұйымдарда қаражаттың тапшылығынан ол да берілмей жатады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі мекеме, кәсіпорындарға ортақ ереже енгізіп, Республика күнінде ешбір жұмысшы сыйақысыз қалмауын қамтамасыз етсе, әділетті болар еді. Ұлттық мерекеде еліміздің саясат, экономика, мәдениет, ғылым, спорт саласында өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан жандарға құрмет көрсетеміз, ол өте дұрыс. Алайда мұндай құрмет бір күнмен шектелмей, бар қазаққа ортақ жетістік, ортақ мақтаныш ретінде әр күні айшықталып, бұқараға жеткізіліп отыруы тиіс.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



