Ұлттың асылын асқақтатқан

1966 жылдың 1 қаңтарында Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясының жанынан ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы тұсауын кесті. «Шалқар» бағдарламасы бірден жеке толқында эфирге шығарылды. Бертінге дейін Қазақ радиосы республикалық бірінші арна атанып келсе, «Шалқар» республикалық екінші арна атанды.
Қазақ радиосының құрамындағы «Шалқар» бағдарламасы 1999 жылы жабылғанға дейін «Шалқар» арнасы атанып келсе, 2002 жылы қайта ашылғаннан кейін (2 жыл 11 айлық уақытша үзілістен соң) «Шалқар» ұлттық арнасы деген атау қалыптаса бастады. Ал 2014 жылғы 10 ақпанда «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанованың №64-к бұйрығымен радиохабар тарату дирекциясы құрылып, оған 4 радио (Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы және «Classic» радиосы) енді. Осы бұйрықпен «Шалқар» арнасы тұңғыш рет «Шалқар» радиосы болып қайта құрылды. Ал 2016 жылы 14 желтоқсанда «Қазақстан» РТРК» АҚ-тан өз алдына бөлек, құрамындағы 4 радиомен «Республикалық радио» ЖШС құрылғаны хабарланды. 2017 жылы 30 қазанда «Республикалық радио» ЖШС атауы «Қазақ радиолары» ЖШС болып өзгерді. Сонымен, тек мемлекеттік тілде, қазақ халқының ұлттық-рухани құндылықтарын насихаттау бағытында хабарлар мен музыкалық шығармаларды эфирге беретін «Шалқар» радиосы бүгінде «Қазақ радиолары» ЖШС құрамында хабар таратады.
«Шалқар» радиосы ұлттық арна атына сай 2020 жылдың 1 қыркүйегінде басталған жаңа маусымынан тек қана қазақтың дәстүрлі музыкасын, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға бет бұрды.
1966 жылы «Шалқар» бағдарламасы ашылған Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясына 1967 жылы жұмысқа қабылданған радио ардагері Руслана Құдайбергенованың келтірген деректеріне қарағанда, 1966 жылы «Соңғы хабарлар» редакциясының бас редакторы Едіге Әбдіғапаров болған. Сол жылдары «Соңғы хабарлар» редакциясында жұмыс істеген аға редакторлар Айдос Абылаев, Абай Өтегенов, Бек Дәулетбаев, Сәркен Оспанов «Шалқар» бағдарламасының алғашқы жауапты редакторлары болды. Содан кейін «Шалқар» бағдарламасы «Соңғы хабарлардан» бөлініп, жеке редакция болып құрылды. Бұл – 1970 жылдардың басы. Сонымен, «Шалқарға» жетекшілік еткен бұрынғы-соңғы, яғни қазірге дейінгі бірінші басшыларын былай тізімдеуге болатын еді: Кенжебек Есімов; Мадрид Рысбеков; Сәркен Оспанов; Махмет Түменбаев; Руслана Құдайбергенова; Кенжебек Әбдімәуленов; Тілеуберді (Таңат) Досбаев; Ғалым Есенсариев; Аманжан Еңсебайұлы; Көпен Әмірбек; Қалқаман Сарин; Болатбек Төлепберген.
Бір ескере кететін жайт, «Шалқар» басшылары әр кезде әрқалай аталды. «Шеф-редактор», «Жетекші», «Бас редактор», «Директор». Ал алда «Шалқар» радиосының тарихын зерттеушілер шығып жатса, бұл деректер де жаңарып, толыға түсер деген үмітіміз бар.
«Қазақ радиосы 1921 жылы Орынборда құрылды» деп жазды профессор Намазалы Омашев ағамыз. Қазақстанның астанасы 1925 жылы Қызылордаға көшкенде, радиомыз да сол жерден әуе толқынына шықты. Ал 1931 жылы астана Алматыға ауысқанда, Қазақ радиосы да қанатын кеңге жайып, Алатау бөктерінен хабар тарата бастады. 1970 жылы Алматыдағы Желтоқсан көшесі, 175-те арнайы Радио үйі салынды. Міне, содан былай қарай Радио үйі Қазақ радиосының, содан соң «Шалқар» радиосының алтын бесігі болды. Қаншама құнды хабарлар әзірленді. Эфирге берілді. Алтын дауыстар «Алтын қорға» жазылып алынды.
Қазақ радиосы сонау Орынбордан Қызылордаға, одан Алматыға, ал 2012 жылы Астана қаласына қоныс аударды. Қазақ радиосы мен «Шалқар» енді елордадан хабар тарата бастады. Міне, сол соңғы көштің шашбауын ұстап, эфир студиясын Астана төріне, «Қазмедиа орталығына» көшірісуге атсалыстық деп айтуға болады. Өйткені 80 жылдан астам әр сағаттың басында «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деп басталатын «эфир төлқұжаты» бірыңғай Астанаға ауысты. Енді әр сағаттың басында «Астанадан сөйлеп тұрмыз!» деген үнді еститін болдық.
Қазақ радиосының негізгі эфирі 2012 жылдың 30 қыркүйегінен 1 қазанға қараған түнгі сағат 00:00-де, ал «Шалқар» радиосының негізгі эфирі 1 қазан күні таңғы 6:00-де Астанадан шыға бастады. Бағдарламалар кестесін үйлестіріп, түн жарымда бәріміз эфир студиясында бір-бірімізді құттықтағанымыз есімде. Айтпағым бірақ бұл емес. Сол 2012 жылы Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы Астанаға көшкен кезде, ең соңғы үлгідегі эфир студиясының жабдықтары Алматыда қалған «Classic» радиосына мұра болды. Яғни осы бір ғана радионың эфирге шығуына мүмкіндік болды да, басқа студиялар ескі аппаратура болғандықтан, бәрі істен шықты деуге болады. Тіпті эфир сигналын «Көктөбеге» жеткізетін жүйе де жұмысын тоқтатқан. Тікелей эфир Астанада болған соң, екі жақта бірдей тікелей эфир линиясын ұстап тұру қаражат жағынан қиындық келтірген болуы керек. Содан алматылық әріптестеріміз тікелей эфирсіз қалды деуге болады. Бәрі таспа хабар әзірлейді, алдын ала жазып дайындалатын хабарды Астанаға күн сайын жолдап, жүктеп отырады. 10-15 журналист, 5-6 техник әріптестеріміз үшін жұмыс орнын сақтап қалу қаупі туа бастады. 2014 жылы жоғары жақтан Алматы студиясындағы қызметкерлерді қысқартып, 3-4 адам қалдыру керек деген әңгімелер айтыла бастады. 2012 жылы отбасы жағдайына байланысты кіл мықты деген журналистер Астана аспай, Алматыда қалып қойған жағдайы бар еді. Міндетті штаттар Астанаға ауыстырылғанымен, көшкісі келмегендер қош айтысуға, яғни өздері Алматыда қалуға, сөйтіп, жұмыстан кетуіне тура келген еді. Астанада сол бос орындарға жаңа қызметкерлер алғанымыз есімде. Әрқайсысының кем дегенде 10, тіпті, 20 жылдық жұмыс өтілі бар кәнігі журналистер, жүргізушілер: Жанар Оразымбетқызы, Бақыт Жағыпарұлы, Гүлбану Алпамысқызы, Гүлназ Молдабергенова, Нұржамал Хасанқызы, Гүлбағыш Бостан, Гүлмира Нәлібай, Ерғанат Көпжасарұлы, Аман Тасыған, т. б. «Сен тұр, мен айтайын» дейтіндей әріптестеріміз Алматыдағы студияда амалсыз қалып қоя берді…
«Көп жыл бірге қызметтес болған 20 шақты әріптесіміздің қайсысы қысқаруы керек, 3-4 адам қалса, кім қалуы керек?» деген үлкен сұрақ пайда болды. Мен ол кезде Қазақ радиосының бағдарламалар директорымын. Былайша айтқанда, бас директордың орынбасары сияқты қызметтемін. 2014 жылы жазда еңбек демалысына шыққанымда, Алматыдағы әріптестерімізге соқтым. Қысқартудан аман қалудың бір жолы бар сияқты. Ойыма бір жоба пайда болғандай… Ол кезде Алматы студиясының жетекшісі белгілі журналист Мұрат Мұқаш еді. Мұрекеңе бір кеңес айттым: «Егер қысқартудан аман қалайық десеңдер, «Тікелей эфирге шыққымыз келеді» деген бастама көтеріңдер» дедім. Ойым: «Тікелей эфир жүріп тұрса, оны қалай қысқартады, эфирді жауып тастау да оңай емес қой». Қазақ радиосының басшылық қызметтерінде бола жүріп байқағаным, таспа хабар жасап жүргендерді қысқартып, олардың хабарларының орнына музыка не «Алтын қор» хабарларын бере салу түк те қиын емес екен…
«Мұреке, алдымен, Қазақ радиосына күн сайын Алматыдан екі сағат шығу үшін бағдарлама кестесін әзірлеп, басшылыққа ұсына беріңдер. Астанаға барған соң мен тікелей эфирге шығудың техникалық мүмкіндіктерін қарастырып көрейін» дедім.
Астанадағы «Қазмедиа орталығы» радио кешенінің бастығы Қадыр Алшынбаймен ақылдаса отырып, арзан бюджеттік жобамен тікелей эфирге шығу жолын іздестірдік. Таптық та. IP-кодек құрылғысын қосу арқылы интернеттің көмегімен тікелей эфирге шығуға болады екен. Қадыр бауырымыз да ақкөңіл атпал азамат қой… Уақытша болса да телевидениеден тауып келді біреуін. Біреуі Алматыдан табылды-ау деймін. Екі қалада екеуі интернет арқылы байланысуы керек болды. Кейін, Қадыр сол кездегі Қазақ радиосы техникалық қызметінің бастығы Қуаныш Кемеловпен ақылдаса отырып, «Қазақстан» РТРК АҚ-тың сол кездегі техникалық директоры Ернұр Қасабековтің алдына барып, Алматыдан қосылатын тікелей эфирдің көбейгенін түсіндіреді. Ол эфирлердің үздіксіз қосылуына кәсіби құрылғы қажет екенін айтып, Алматы және Астана қаласына екі бірдей кәсіби IP-кодек құрылғысын сатып алу қажеттілігі туындап тұрғанын жеткізеді. Осы бастаманың нәтижесінде және телерадио корпорациясының техникалық директоры Ернұр Қасабековтің қолдауымен сол кезде сатып алынған құрылғылар бүгінге дейін өз қызметін атқаруда.
– Оңғар аға, техникалық мүмкіндік бар. Тексеріп көрдік. Эфир таза шығады. Тек интернет әлсіз болмаса, тікелей эфирді емін-еркін жүргізе беруге болады, – деді.
– Жарайсың, Қадеке! Біздің алматылық әріптестеріміз үшін керемет жұмыс жасадың. Дәу жігіт бол! Енді шығармашылық жағын қамдайық, – деп Алматымен, Мұрат Мұқашпен сөйлесіп, күн сайынғы екі сағаттық эфирдің кестесін пысықтадық. Енді радио басшылығына жеткізіп, жоспарымызды жүзеге асыру ғана қалды, әрине, дұрыс қабылдаса…
Бас директордың орынбасары – «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепбергенмен әңгімемізді жақсылап пысықтап алып, екеуміз Қазақ радиосының бас директоры Махат Садыққа кірдік.
– Алматыдай алып шаһарда қаншама ұлт зиялылары, қаламгерлер, өнер адамдары дұрыс насихатталмай жатыр. Өйткені тікелей эфир болмағандықтан, тура келіп, әңгімесін не әнін айтып кетуге мүмкіндігі жоқ. Сол үшін мынадай бір жолы бар» деп жоспарымызды айтып, «Қазмедиа орталығы» радио кешенінің бастығы Қадыр Алшынбайды шақырттық.
– Техникалық жағынан мүмкіндік бар ма, Қадеке? – деп сұрады бастық.
– Бар, – деді Қадыр.
– Онда алматылықтар кешкі уақытта Қазақ радиосынан бір сағат тікелей эфирде хабар жүргізсін, – деді бастық.
Сөйтіп өзі Алматы студиясының жетекшісі Мұрат Мұқашқа: «Алматыда тікелей эфирге шығатын мүмкіндік туды. Тездетіп бір сағаттық тікелей эфирдің бағдарламалар кестесін жасаңдар» деп тапсырма берді. Бұл 2014-тің күзі еді.
Бір күні Махаң алматылық әріптестердің хабар жүргізу шеберлігіне риза болса керек, Болатбек пен мені шақырып алып:
– Неге «Шалқарға» да тікелей эфир қоспасқа?.. – деп қарап тұр. Көктен іздегеніміз жерден табылғандай, қуана-қуана келістік. «Шалқар» радиосынан да Алматыдан бір сағаттан тікелей эфир шыға бастады. Алматыдағы бір студия екі радиоға да кезек-кезек эфирге шығуға жарап тұр.
Тікелей эфирдің «киесі, қасиеті» бар деп жатады. Эфир жүріп жатқан соң ба, жоғары жақтағылар «алматылықтарды қысқартып, 3-4 адам қалдыру керек» деген пікірін де өзгерте бастағандай. Осы жерде «Жақсыдан – шарапат» деген жақсы сөз еске түседі. Радио инженері Қадыр Алшынбайдың техникалық жарақтандыру әдісі әлі күнге кәдеге жарап тұр. Яғни интернет арқылы сигналды Алматыдан Астанаға не Астанадан Алматыға қосып-ажырату арқылы бірнеше хабар тікелей эфирге шығып тұр. Мысалы, бүгінде (2026 ж.) заңгер Нұра Тынысқызының бұрынғы «Заңгер кеңесі», қазіргі «Халық үні» хабары Алматыдан Астанаға Қазақ радиосына қосылса, Гүлнұр Омарханқызы мен Бағдагүл Шарғынова кезектесіп жүргізетін «Бүгінгі сөз», Гүлнұр Омарханқызының «Нысана», Сәрсенғали Жүзбаевтың «Күй-шашу», Мейрамгүл Исатайқызының «Жандауа» бағдарламалары Астанадан Алматыға, «Шалқар» радиосына қосылып, тікелей эфирге шығып келеді.
2019 жылы «Қазақ радиолары» ЖШС-нің сол кездегі бас директоры Ернұр Бурахан (қазір телерадиокорпорация төрағасы) мен корпорация басшысы өзара кеңескен соң, «Шалқарды» Алматыдан шығару жөнінде ұйғарым жасалады. Осы ұйғарым пісіп, жетіліп, бұған дейін (2012-2020 жж.) Астанадан шығып келген «Шалқар» радиосы 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қайта Алматыдан шыға бастады.
Екі радионың бағыт-бағдары да айқындалды: Қазақ радиосы – қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және музыкалық саясаты: заманауи эстрадалық бағыт болса, «Шалқар» радиосы – ұлттық руханият, әдебиет пен мәдениет, дәстүрлі ән-күй, бұрынғы Қазақстан композиторларының шығармалары орындалатын және «Алтын қорымыздағы» құнды хабарлар берілетін арна болып белгіленді.
Игі бастама бір жағы әу баста Радио үйі аталған қасиетті қара шаңырақты, радио ғимаратын сақтап қалуымызға өз септігін тигізді деп ойлаймын. Енді Алматыдан Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосына хабарлар әзірлеп келген 10-15 журналист бірыңғай «Шалқар» радиосының қызметкері болып шыға келді. Ал Астанадағы «Шалқар» үшін хабар жасайтын әріптестеріміздің біразы Қазақ радиосына ауысты. Бүгінде Сәрсенғали Жүзбаев, Мейрамгүл Исатайқызы, Гүлнұр Омарханқызы, Бағдагүл Рахметқызы сияқты әріптестеріміз Астанадан «Шалқар» радиосы үшін хабарлар әзірлеп жүр.
«Шалқар» бірыңғай Алматыдан эфирге шығатын болғандықтан, Алматы студиясындағы техниктердің басшысы Ербол Қасенов бауырымыздың іскерлігі нәтижесінде Алматы эфирінің сигналы бірден «Көктөбеге», телемұнараға жететін мүмкіндік жасалды. Осылайша, сонау бір жылы алматылық құрамның тікелей эфирге шығуына мүмкіндік туғызып, екі радиоға оңтүстік астанамыз – Алматыдан тікелей эфирде хабарлар беруге, сол арқылы қызметкерлерді сақтап қалуға үлес қосқан болатынбыз. Білім, ғылым, мәдениет ордасынан сүбелі хабарлар беріп отырған журналистерге де жоғарғы жақ қатты шүйліге қоймады-ау деймін. Мұны алматылық әріптестерімізді қысқартудың үлкен бір толқынынан аман алып қалуға тигізген аз-кем көмегіміз болды деп енді ашық айтуға болады. Бұған игілігі мол іске атсалысқан азаматтар куә.
«Шалқар» радиосы – «Қазақ радиолары» ЖШС-ға қарасты 3 радионың біреуі (төртінші радио «Астана» радиосы болатын. 2025 жылдың 1 мамырынан Қазақстан Президенті телерадио кешенінің қарамағына ауысты). Бүгінде ел тұрғындарының 73 пайызы ұлттың үнжариясы – «Шалқар» радиосын тыңдай алады.
Осымен Алматы студиясын қысқартудың бір толқынынан қалай аман сақтап қалғанымыз туралы хикаямыз аяқталды. Өзіміз Қазақ радиосы бас директорының орынбасары деңгейінде – бағдарламалар директоры қызметін атқара жүріп, басшылыққа қарсы тірлік жасағандай, бәрі де әріптестерімізді қайтсек аман алып қаламыз деген ниеттен туындаған әрекетіміз түбі игілікті болатынына сенген болуымыз керек. «Әр істің қайыры бар» дейді. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегендей, нартәуекелге барып жасаған игі амалымыз сауаптан болсын деп тілейміз.
Бүгінде «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Нұртас Солтанұлының, «Шалқар» радиосының бас редакторы Болатбек Төлепбергеннің, аға редактор Бақыт Жағыпарұлының басшылығымен «Шалқар» радиосы салмақты да салиқалы, мәнді де мазмұнды, қызықты да құнды хабарларымен, ұлттық музыка әуенімен тыңдаушылардың көңілінен берік орын алды.
Оңғар ҚҰРАЛ,
«Шалқар» радиосының қызметкері,
ҚР Ақпарат саласының үздігі



